Accessibility links

Петербургте жолаушылар автобусы өзенге құлап, жеті адам опат болды. Қаза болғандар арасында қазақстандық бары хабарланды


Санкт-Петербург қаласының орталығында жолаушылар автобусы өзенге құлады. Автобус апаты 10 мамырда күндіз болған.

Ресей ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, апат болған кезде автобуста 20 адам болған. Тергеу комитеті жұма күні кешке жеті адам опат болғанын хабарлады.

Фонтанка сайтының жазуынша, қаза болғандар арасында Қазақстанның бір азаматы да бар. Көкшетау тұрғыны 28 жастағы Марина Ю. "Васильевский остров" аумағында тұрған. Ол табиғи косметикамен айналысып, әлеуметтік желіде блог жүргізген деп айтылады.

Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жол апатынан қаза болғандар арасында қазақстандық жоғын хабарлады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Көкшетауда туып-өскен деп айтылған адам Ресей азаматы.

Әлеуметтік желілерде тараған қалалық бақылау камераларынан алынған видеоға қарағанда автобус басқарусыз қалған болуы мүмкін. Ол жеңіл көлікке соғылып, ізінше көпірдің қоршауын бұзып өтіп, суға құлайды.

"Фонтанка" порталының жазуынша, жәбірленушілерге бірінші болып өтіп бара жатқан адамдар мен апат куәгерлері көмектескен. Олар жолаушыларды автобустан люгі арқылы шығарып, құтқару құралдарын лақтырған.

Екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған жолда жүру ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

44 жастағы автобустың жүргізушісі күдікті ретінде ұсталған. Қалалық көлік комитетінің хабарлауынша, жүргізуші жұмысқа кіріспей тұрып медициналық куәландырудан өткен және оның жұмыс пен демалыс режимі сақталған. Ал жүргізушінің әйелі "78" телеарнасына күйеуі 9 мамырда тұтас бір күн істегенін, ал жұма күнгі кезекшілік алдында 5 сағатқа жуық ұйықтағанын айтқан.

"ООО Такси" жолаушы тасымалдау компаниясының хабарлауынша, линияға шығар алдында автобус техникалық бақылаудан өткен және автобуста ақау болмаған. Санкт-Петербургтің көлік комитеті "ООО Таксиді" кешенді тексерістен өткізетінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG