Accessibility links

Путин Рамзан Қадыровтың жиен інісін марапаттады


Хамзат және Рамзан Қадыровтар
Хамзат және Рамзан Қадыровтар

Ресей президенті Владимир Путин Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың жиен інісі Хамзат Қадыровты "Ерлік" орденімен марапаттады. Орденді 9 мамырда Қадыровтың өзі табыстады деп жазды мемлекеттік дума депутаты Адам Делимханов өзінің телеграм-арнасында.

Хамзат Қадыров қандай еңбегі үшін марапатталғаны белгісіз. Ресей азаматтарына "Ерлік" ордені "қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде ерлік пен қайсарлық көрсеткені үшін", "қылмыспен күрескені үшін", "оқыс оқиғалар кезінде адамдарды құтқарғаны үшін", сонымен бірге "әскери, азаматтық немесе қызметтік борышын өтеу барысында батыл шешімдері үшін" беріледі.

Шешенстан парламентінің төрағасы Магомед Даудов өзінің Instagram-парақшасында Хамзат Қадыров "шешен бөлімдеріне қолдау көрсетті", бұған қоса "әскерге Путин мен Қадыров қойған тапсырмаларды сәтті орындауына жағдай жасап, алдыңғы шепке жеке өзі барды" деп жазды.

Рамзан Қадыров бұған дейін Ресей әскері басып алған Украинаның Мариуполь қаласына ұлы Адам мен депутат Адам Делимхановпен бірге Хамзат Қадыров та барғанын айтқан.

Хамзат Қадыров Шешенстан басшысының күштік блок бойынша көмекшісі және мүлік және жер қатынастары министрінің орынбасары. Бұған дейін ол Шешенстан Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі, Шешенстан спорт және дене тәрбиесі министрі, Курчалоевск ауданының жетекшісі қызметтерін атқарған.

2018 жылы ол Ахмат Қадыров орденімен марапатталды. Ал 2023 жылы "Росгвардия" медалімен және екінші дәрежелі "Отан алдындағы қызмет" орденімен марапатталды. Былтыр қарашада оған Шешенстан қаһарманы атағы берілді. Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметінің жазуынша, оған қандай қызметі үшін атақ берілгені белгісіз.

XS
SM
MD
LG