Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ProTenge жобасының жетекшісі әрі бас редакторы Жәмила Маричеваның Telegram-да Азаттық радиосының журналистерін қолдаған жазбасын "жалған ақпарат" деп танып, журналиске 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салды.
Әкімшілік істі қозғаған полиция Мейіржан Ембергенов сотта Маричеваның жазбасы нақты қандай залал тигізгенін түсіндіріп бере алмаған еді.
"Мен [Бостандық аудандық полиция басқармасы] басшылығының нұсқауымен хаттама толтырдым. Маған хаттама толтыру керек деді. Мен соны істедім" деген еді Бостандық аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы.
Осыған дейінгі сот отырысында Маричеваның адвокаты Әсел Тоқаева істе қылмыстық құрамның болмауына байланысты бұл әкімшілік істі тоқтатуды сұрады. Ол Бостандық аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне "әкімшілік хаттама толтыру кезінде азаматтың конституциялық құқығын бұзғаны үшін" жеке қаулы шығаруды сұрады. "Бұл – заңсыз әкімшілік ұстау" деген еді адвокат.
Журналист Жәмила Маричеваны полиция 24 сәуірде кешкісін көшеде жүгіріп бара жатқан жерден ұстаған. Ол шамамен бір сағат Бостандық аудандық полиция басқармасында болды. Журналист бөлімшеге ертесінде баратынын айтқан, алайда полиция қызметкерлері "бүгін бармаса, полицияның талабына бағынбау бабымен" жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескерткен.
Кейін полиция "ProTenge телеграм-арнасында "жалған ақпарат таралуына байланысты" арна авторы полицияға жеткізілгенін мәлімдеді. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Биыл қаңтарда ProТenge басылымы телеграм-арнасында аккредитация мәселесіне кезіккен Азаттықты қолдап жазба жариялаған. ProТenge жазбасында Азаттықты зерттеу жүргізіп жүрген ең мықты командалардың бірі деп атаған. ProТenge-нің жазбасымен YouTube-тағы "Обожаю" арнасының авторы, журналист Асхат Ниязов бөліскен. Ізінше сол жазба үшін де Асхат Ниязовқа "жала жабу" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Өткен аптада сот қылмыстық құрамның болмауына байланысты Асхат Ниязовтың ісін тоқтатты.
ПІКІРЛЕР