15 мамырдан бері наразылық болып жатқан Құлсарыда жергілікті уақытпен сағат түскі 1-ден бастап Интернет баяулап, артынан мүлде істемей қалды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кей тұрғындар үйінде электр жарығы да жоқ екенін айтқан. Қалада мобильді байланыс та нашарлағаны байқалады, кей телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қиын.
Тасқын бүлдірген үйіне өтемақы талап еткен Құлсары тұрғындары 15 мамырдан бері орталық алаңда тұр. Олардың біразы түнде Жылыой аудандық әкімдігі ғимаратында түнеп шыққан. Алаңда үш шатыр тігілген. «Үйдің ақшасы қолға берілсін» деген плакат тұр. 16 мамырда түстен бері адам қарасы көбеймесе, азаймаған. Бала-шағасын көтеріп келіп жатқан адамдар көп. Алаңда шамамен 300-дей адам тұр.
Оқиға орнына Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов келіп, халықты сабырға шақыруға тырысты. Бірақ ол тұрғындар талабын орындау мүмкін емес екенін айтты. Содан соң жиналған жұрт «Сен шешпейтін болсаң Тоқаев келсін!» деп айқайлады. Бұдан кейін Шапкенов аудандық әкімдік ғимаратына кіріп кетті.
Түске қарай алаңдағы жұрт өзара келіспей қалып, арты айқай-шуға ұласты. Наразы жұрт арасында өтемақы бойынша келіспеушілік туындап, кей наразылар билікті жақтай сөйлегендерді «сатқындар», «биліктің жіберген адамдары» деп айыптады. Оқиға орнында жедел жәрдем көлігі, полицейлер тұр, бірақ олардың жағдайға араласқаны байқалмайды.
Алаңда Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері жүр. Олар мінберге шығып сөйлемеген, тек наразы жұрттың арасына барып, талаптарын жазып алып жатыр. Тұрғындардың жалғыз талабы – су тасқынынан жарамсыз болып қалған тұрғын үйінің шаршы метріне 400 мың теңгеден өтемақыны қолма-қол беру. Олар басқа мекемелер үй салып береді деген ережемен келіспейді, үйлер сапасыз салынады деп алаңдайды. Наразы жұрттың көбі барар жер, басар тауы қалмағанын, билікке талап қоюдан басқа амалы жоғын айтады.
Тұрғынжайы жарамсыз болып, үйсіз қалған тұрғындар сәуірдің соңынан бері әкімдікке келіп талап қойып келеді.
Атырау облысы әкімдігінің Азаттыққа айтуынша, қазірге дейін Құлсарыда 3334 тұрғын бір реттік әлеуметтік көмек алған. Сома 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 мың теңге шамасында. Әзірге берілген материалдық төлем — осы. Су басқан 2920 үйдің иелеріне бүлінгеніне қарай үйді жөндеу, баспана салып беру не басқасын сатып алып беру жоспарланған. Ал кәсіп пен мал басының шығыны бойынша тұрғындардан өтініш әлі қабылданып жатыр. Толық мәлімет белгілі болғаннан кейін қаржы қайдан алынатыны анықталады.
Сәуірдің басында қалада алапат тасқын болып, мыңдаған адам эвакуацияланған. Соңғы ақпарат бойынша, тасқын кесірінен 3 мыңға жуық үй бүлінген не құлаған. Әкімдік мәліметі бойынша, 570 үй апатты деп танылған.
Атыраудан 230 км жерде орналасқан Құлсары - Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы. Мұнда шамамен 66 мыңдай адам тұрады.
ПІКІРЛЕР