Accessibility links

Құлсарыдағы наразылықтан ақпарат таратқан Азаттық тілшісіне белгісіз біреу қоқан-лоқы жасады


Үй-жайын тасқын су бұзып кеткен адамдар үкіметтен өтемақы талап етіп, Жылыой аудандық әкімдігі алдына жиналып тұр. Атырау облысы Құлсары қаласы, 16 мамыр 2024 жыл.
Үй-жайын тасқын су бұзып кеткен адамдар үкіметтен өтемақы талап етіп, Жылыой аудандық әкімдігі алдына жиналып тұр. Атырау облысы Құлсары қаласы, 16 мамыр 2024 жыл.

Бірнеше күннен бері наразылық жалғасып жатқан Атырау облысының Құлсары қаласында оқиға орнынан ақпарат таратып жатқан Азаттық тілшісіне белгісіз біреу қоңырау шалып, қоқан-лоқы жасады. Оқиға 17 мамырда кешкі сағат 5-ке таман болған. Ол кезде Азаттық тілшісі Жылыой аудандық әкімдігінің алдында ақпарат таратып жүрген.

"Әкімдік алдында жүрген кезде белгісіз бір нөмірден біреу хабарласып, бірден "ты ох....а что-ли" деп бірден шүйліге бастады. Ол өзінің кім екенін айтқан жоқ. Сосын сол сөзді тағы қайталады. "Халық туралы әкімдікке хабар таратып жүрсің" деп айыптады" дейді Айнұр Сапарова.

Азаттық тілшісі аудандық полицияға арыз жазуға барды.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі тосқауылдарға ұшырайды. Олар жиі шабуылға ұшырап, қоқан-лоқыға тап болады. "Әділсөз" баспасөз қорғау қорының мәліметінше, 2023 жылы елде 59 қоқан-лоқы оқиғасы болған. Биылғы жылы алғашқы бес айдың ішінде олардың саны 22-ге жеткен. АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы есебінде де елде журналистерге қоқан-лоқы жасау әрекеттері сыналған еді.

Қазақстанда "Қоқан-лоқы жасау" және "Жала жабу" баптары қылмыстық баптармен қудаланады.

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқыннан зардап шеккен тұрғындар бірнеше күннен бері әкімдік алдында наразылық жасап, өтемақы талап етіп келеді. Олардың әкімдік алдында қонғанына да бірнеше күн болды. Жергілікті әкімдік "биліктің ұсынысына бірнеше адам келісті" дегенмен ондаған адам әлі наразылық орнынан кеткен жоқ. 17 мамырда полиция тұрғындарға әкімдік алдында шатыр тігуіне кедергі жасауға тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG