Accessibility links

Бішкекте шетел азаматтарымен төбелестен кейін наразылық болды


Бішкектегі наразылық. 18 мамыр 2024 жыл.
Бішкектегі наразылық. 18 мамыр 2024 жыл.

18 мамырға қараған түні Бішкекте жүздеген адам Құрманжан Датқа көшесіне жиналған. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды. Жиналғандардың бір бөлігі шетел азаматтары тұратын ғимарат маңына жиналған. Кейбірі шетел азаматтарының Қырғызстанда тұру мәселесін қозғаған. Таңға қарай топ тараған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қырғыз студенттерінің Египет студенттерімен 13 мамырда төбелескен видеосы тараған. Қолданушылардың кейбірі видеода қырғыз жастарының соққыға жығылғанын жазған, бірақ оған ешқандай дәлел келтірмеген.

Сенбіге қараған түні жүздеген адам осы оқиғаға наразылық білдіріп, жанжалға қатысушыларды жазаға тартуды талап еткен.

Сенбі күні таңғы сағат 4-те Қырғызстан ішкі істер министрлігі Бішкекте жағдай тұрақталғанын хабарлады. Ресми ақпаратқа қарағанда, қалалық милиция ішкі әскермен және өзге де құрылымдармен "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде істеп жатыр".

Бұған қоса, акцияға қатысушылар жапқан жол ашылған.

Akipress-тің жазуынша, Шу және Құрманжан Датқа көшелерінің қиылысына жиналғандар басшылармен сөйлесуді талап еткен. Ол жаққа мыңнан астам адам жиналып, милицияның арнайы жасағы да әкелінген. Жиналғандар алдында сөйлеген Бішкек милициясының жетекшісі Азамат Токтоналиев жанжалға қатысқан шетел азаматтары қамалғанын айтып, жиналғандардың талаптары орындалғанын айтты.

Оның алдында Бішкек милициясы белгісіз біреулер әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқанын айтып, азаматтарды арандатушылыққа ермеуге үндеген. Ішкі істер министрлігі сонымен бірге жалған ақпарат тарату қылмыстық баппен қудаланатынын да ескертті.

17 мамырда интернетте "шетел азаматтары қатысқан" жанжал туралы видео тараған. Қолданушылар Қырғызстан азаматтарының соққыға жығылғанын жазған.

Бішкектің Свердлов аудандық милициясы Азаттыққа "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, үш шетел азаматы ұсталып, изоляторға қамалғанын хабарлады.

Жұма күні Қырғызстан ішкі істер министрлігі таратқан видеода бет-жүзі жасырылған үш ер адам кешірім сұрайды. Орысша сөйлеген біреуі "Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, Қырғызстан заңын құрметтейтінін" айтады.

Қай елдің азаматы ұсталғаны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG