Accessibility links

Блинкен: АҚШ Ресейге соққы жасауды қолдамайды, бірақ Украина өзі шешеді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен

АҚШ Киевке жеткізілген қару-жарақты Украина аумағынан тыс жерде қолдануды қолдамайды, алайда Украина оны қалайша тиімді пайдалану жағын өзі шешеді. АҚШ өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінің тыңдауы кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ пен одақтастарының міндеті Украинаға Ресей басқыншылығына тойтарыс беруіне қажет қару-жарақ жеткізу.

Конгрестің бірқатар мүшелері тыңдау кезінде Блинкенге "Джо Байден әкімшілігі неге Украинаға америкалық қару-жарақты Ресейдегі нысандарға соққы жасауда пайдалануына рұқсат бермейді?" деген сұрақ қойған. Олардың сөзінше, мұндай тыйымды ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливан жақтайды. Ал конгресс Украинаға әскери көмек беру туралы шешім қабылдаған кезде мұндай тыйымды бекітпеген.

Бұған дейін өкілдер палатасындағы республикашыл Майк Джонсон да Украинаға "қалай соғысқысы келсе, солай соғысуға мүмкіндік беру" қажеттігін айтқан.

Оның алдында АҚШ конгресінің 13 мүшесі украин әскеріне Америка қаруын Ресейдегі нысандарға соққы жасауына пайдалануға рұқсат беруге шақырған. Пентагонға бағытталған хатты демократтар мен республикашылдар жазған.

Мәлімдеме авторларының айтуынша, Ресей армиясының Харьков бағытындағы шабуылы тұсында президент Джо Байден украин әскеріне "Ресей шабуылына жауап беру үшін қажетті операцияларды толық" жүргізуге рұқсат беруі керек.

15 мамырда Politico Ресейдің жаңа шабуылына байланысты Украина Ресей аумағына америкалық қарумен соққы беруге рұқсат сұрап жатқанын жазған. Басылымның хабарлауынша, Ақ үйдің ұстанымы өзгеріссіз қалған: жеткізілген қару-жарақ "Ресей аумағына шабуылдау үшін емес, қорғанысқа арналған".

  • Екі апта бұрын Ұлыбритания НАТО елдерінің арасында бірінші болып Украинаға британ қаруларын Ресей аумағына соққы жасауға ресми түрде рұқсат берген. Мәскеу мұны айыптаған. Жуырда Ресейде стратегиялық емес ядролық қару түрлерімен соғыс жүргізу бойынша жаттығу басталған. Мәскеу мұны батыс елдерінің саясаткерлерінің Ресей аумағына соққы жасау мүмкіндігі туралы мәлімдемелеріне жауап деп атаған.
  • Украина Ресей аумағындағы нысандарға өзі шығарған дрондар арқылы соққы жасап жатыр. Мұндай ақпараттарға Киев әдетте түсініктеме бермейді. Батыс елдерінің қаруы Мәскеу аннексиялап алған Қырымға соққы жасауда пайдаланылған, себебі мәселе Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған аумағы жөнінде болып отыр.
XS
SM
MD
LG