Accessibility links

Reuters: Путин қазіргі майдан сызығы бойынша бітімге келуге дайын


Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтатуға дайын және орыс әскері украин жерінен кетпей, қазіргі майдан сызығында қалған жағдайда ғана бітімге келуге ынталы.

Бұл жөнінде аты аталмаған ресейлік төрт дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Олардың сөзінше, егер Киев пен Батыс елдері осы шартқа келіспесе, Путин соғысты жалғастыруға дайын.

Мәскеу мен Киев ақпаратқа түсініктеме бермеді. Путин бұған дейін егер "қалыптасқан жер жағдайы ескерілсе", Ресей келіссөздерге дайын деп мәлімдеген. Ол Ресей бұрынғыша "арнайы әскери операцияның" (Ресей билігі Украинадағы соғысты осылай деп атайды) мақсаттарынан ауытқымайды деген.

Украина билігі Ресей әскерін халықаралық дәрежеде мойындалған Украина шекарасынан әкеткеннен кейін ғана келіссөзге баратынын айтқан.

Reuters-тің жазуынша, Путин өзінің айналасындағылармен талқылау кезінде Украина билігінің Кремль шарттары бойынша келіссөз жүргізуге көнбей отырғанына көңілі толмаған, бұл әрекетті Батыс елдері қолдап отыр деп айтқан. Бұл жөнінде агенттікке жағдаймен таныс үш дереккөз хабарлады. Reuters-тің мәліметінше, Путинмен бұрын жұмыс істеген төртінші дереккөз Ресей президенті "соғысты уақытша тоқтатуға" дайын, бірақ одан әрі соғысуы да мүмкін деген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters-ке Ресей "мәңгілік соғысты" қаламайтынын және тек өз мақсаттарына жету үшін келіссөздерге дайын екенін айтқан.

Маусым айында Швейцарияда соғысты аяқтау мәселесі бойынша халықаралық кездесу өтеді. Ресей оған шақырылмаған. Украина ондаған ел алдағы келіссөздердің ықтимал шарттары бойынша Ресейге талап қою мәселесінде ортақ ұстанымды бекітеді деп үміттенеді.

Мәскеу Ресей әскерін оккупацияланған Украина аумағынан әкетуді қарастыратын "бейбітшілік формуласымен" келіспейтінін мәлімдеді. Дегенмен ресейлік тұлғалар мысалы, Қытайдың келіссөзді ешқандай алғышарт қоймай, бастау туралы ұсынысына жылы пікір білдірді.

АҚШ пен батыс елдері Владимир Путиннің қазір бейбітшілік туралы салмақты келіссөздерге ықыласы жоқ деп есептейді. Ал Мәскеу Батыс елдерін Украинаға келіссөз жүргізуіне тыйым салып отыр деп айыптайды.

Қазір майданда Ресей әскері алға жылжып келеді, алайда кейінгі айларда ірі серпін жасай алмаған. Орыс әскерінің соңғы бір жылдағы ең үлкен жетістігі Авдеевка болып отыр. Өз кезегінде украин әскері Ресей күштерінің алыста шоғырланған нысандарын жиі соққылай бастаған.

Путиннің соғысты тоқтатуға қатысты "емеуріні" жөнінде бұған дейін The New York Times та жазған. Ақпан айында Reuters АҚШ ұсынысты кері қайтарғанын хабарлаған. Ресми түрде Мәскеу де, Вашингтон да, Киев те мұндай талқылау жүргенін растамаған.

XS
SM
MD
LG