Accessibility links

Алматы зообағы Прагадан әкелінген ақ аюдың неден өлгенін айтты


Прагадан Қазақстанға әкелінген Том атты ақ аюдың өліміне ісік себеп болды, ол онымен бірнеше жыл бойы ауырған деп хабарлады Алматы зообағы. Зообақ өкілдерінің айтуынша, Алматыға аюды әкелген кезде денсаулығы мықты болмаған.

Зообақ директоры Сейілхан Ақылбековтің сөзінше, биыл 29 наурызда ақ аюды Прагадан European Endangered Species Program бағдарламасы аясында әкелген кезде оның ғаламдық базада (Zoological Information Management System) медициналық картасы болмаған. Прага зообағының мамандары жануарды жіберген күні алматылық әріптестеріне Томның кейінгі айларда салмақ жоғалтқанын ескерткен.

Алматылық ветеринарлар ақ аю мамандары мен EAZA (Еуропалық зообақ және аквариумдар қауымдастығы) ұйымынан көмек сұраған, олар Томға ем тағайындаған.

"Өкінішке қарай бұл уақытша ғана оң әсер етті. Алматы зообағы әрбір қадамын EEP үйлестірушісіне хабарлап отырды (бұл EAZA бағдарламасы), ветеринарлардың барлық әрекеттері ғаламдық ZIMS деректер базасында көрініп тұрады. Прагадағы әріптестер де, әлемдегі барлық зообақтар да сол дерекқорды көре алады" деді Ақылбеков.

Ақ аю 4 мамырда өлген. Қазақстан жағы аюдың өліміне "мұрын және маңдайдың қабынуынан ірің ағып, улы зат ағзаға тарап, мидың ісінуіне алып келгені" себеп болғанын хабарлаған. Директор оқиғаны бірден ЕЕР бағдарламасының үйлестірушісіне айтқан.

"Том біз үшін ерекше жануар болды. Бұл Алматы зообағындағы әйгілі ақ аю Алькордың немересі, ол бізбен 30 жыл өмір сүрді. Том жойылу қаупі төнген жануарларды сақтау жөніндегі Еуропалық бағдарламасы аясында бізге жеткізілді. Біздің үлкен жоспарларымыз болды. Алайда өкінішке қарай, оларды жүзеге асыра алмадық" деді зообақ директоры.

Прага зообағы аюдың Қазақстанға ауырған күйі жөнелтілгенін теріске шығарады. Прага зообағының директоры Мирослав Бобектің сөзінше, Том Прагадан 28 мамырда жіберілген кезде "ешқандай ауру белгілері байқалмаған". Прага зообағы аюдың жағдайы туралы соңғы рет 15 сәуірде мәлімет алған. Онда аюдың жағдайы жақсы екені жазылған. Одан бері ешқандай хабар келмей қалғандықтан Қазақстанға қызметкерін жөнелтуді жөн көрген. Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтқан.

Том Чехияның Брно қаласында 2007 жылы туылып, Прага зообағында 15 жылдан астам тұрған. Былтыр оның жанындағы Берта атты ұрғашы аюы қатерлі ісіктен өліп қалған. Олардан тұқым алынбағаны 1933 жылы салынған қапастың өте тар екенімен түсіндірілген.

Бұл оқиғадан кейін EAZA ұсынысымен Томды Қазақстанға аударуға шешім қабылданған. Ассоциация Алматы зообағында Томның жағдайы жақсарып, ол тұқым тарата алады деп есептеген.

Прага зообағында аюлар үшін жаңа павильон салу жоспарланған. Бұл үшін 1 миллиардтан астам еуро бөлінеді.

XS
SM
MD
LG