Accessibility links

Гитанас Науседа Литва президенті болып қайта сайланды


Гитанас Науседа
Гитанас Науседа

Литва президентін сайлаудың екінші кезеңінде қазір осы қызметте отырған Гитанас Науседа жеңіске жетті. Литва бас сайлау комиссиясы кандидат Науседа 74,43 пайыз дауыс жинады деп хабарлады. Оның бәсекелесі, премьер-министр Ингрида Шимонитеге сайлаушылардың 24 пайызы қолдап дауыс берген. Дауыс беруге сайлаушы тізіміндегі азаматтардың 49,6 пайызы қатысқан.

60 жастағы Гитанас Науседа Литваны 2019 жылғы шілдеден бері басқарып келеді. Жаңа бес жылдық мерзім ол үшін екінші әрі соңғы мүмкіндік болмақ. Литва Конституциясына сәйкес, президент екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Науседа өзіне сенім білдіргені үшін Литва халқына алғыс айтты. "Сенімдеріңізді бағалауым керек екенін жақсы түсінемін", – деді ол журналистер алдында сөйлегенде.

Президент елдің қазіргі сыртқы саяси бағытын жалғастыруға уәде берді. Ол Литва Еуроодақпен және НАТО-мен ынтымақтастықта болып, тағы да көп пайда көреді деп үміттенетінін айтты.

Литва президентінің құзырына негізінен сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселесі жатады. Ресейдің Украинаға қарсы бастаған басқыншылық соғысы мен оның Литва қауіпсіздігіне әсері биыл Литва президентін сайлаудың басты тақырыптарының бірі болды. Президенттік кандидат екі үміткер де Ресеймен соғыста Украинаны жан-жақты қолдайтынын және НАТО-ны нығайтуды жақтайтынын мәлімдеді.

Науседа өзін Украинаны Ресей агрессиясынан қорғауда табандылық танытатын саясаткер ретінде көрсетті.

"Владимир Путин қандай да бір бейбіт келіссөзге дайын деген қиялға жол бермейік. Мұны тоқтату үшін Украинаны қолдаудан басқа жол жоқ, бастысы оны тез істеу керек", — деді Науседа сайлаудың бірінші кезеңінен кейін журналистер сұрағына берген жауабында.

Ингрида Шимоните бәсекелесі Гитанас Науседаны жеңісімен құттықтады. Олар 2019 жылғы президент сайлауында да екінші кезеңге бірге өткен еді. Сол жолы сайлаушылардың шамамен 66 пайызы Науседаны қолдап дауыс берген.

Биыл алдын ала дауыс беру нәтижесі шыққанда Науседа өткен сайлауға қарағанда жеңіске жетіп қалғанын мәлімдеді. Шимоните бұл сайлаудағы басты мақсаты — екінші кезеңге өту болғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG