Accessibility links

ТЖМ өртке қарсы қызмет басшысының үстінен қозғалған іс сотқа кетті


Абай облысындағы орман өртін сөндіріп жатқан мамандар. 14 маусым, 2023 жыл.
Абай облысындағы орман өртін сөндіріп жатқан мамандар. 14 маусым, 2023 жыл.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 28 мамырда Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына және Шымкент қаласы мен Жетісу облысындағы төтенше жағдайлар департаменті басшыларына қатысты тергеу аяқталды деп хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, лауазымды тұлғалар бизнес өкілінен жүйелі түрде 40 млн теңгеден астам (шамамен 90,5 мың доллар) пара алған деп күдікке ілінген.

Былтыр шілдеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ТЖМ-дегі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасын, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД басшылары күдікті ретінде қамауға алынғанын хабарлаған.

Қылмыстық істі Ақмола гарнизонының әскери соты қарайды, бұдан өзге ақпарат жария етуге жатпайды деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеменің баспасөз қызметі.

Агенттік ақпаратында тергеуге алынған адамдар "өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы көмегі үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы өз қызметтерін сатып алуға және уақытылы ақы төлеуге мәжбүрлеген" деген күдікке ілінгені жазылған.

"ТЖМ-дегі өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне көмек көрсетті" деген агенттік былтыр жариялаған хабарламасында.

Биыл ақпанда Қазақстан төтенше жағдайлар министрі қызметіне Шыңғыс Әрінов тағайындалған. Бұрын ол мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары және президент күзеті қызметінің басшысы болған.

Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымының дерегіне сәйкес, жемқорлық көрсеткіші жөнінен Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG