Иран Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан Ресейге ең жаңа әуе бомбаларын жіберді. Бұл жөнінде Bild басылымы әскери сарапшы Юлиан Рёпкеге сүйеніп хабарлады.
Өткен демалыста Ресейдің Курск облысында Иранның Mohajer-6 дроны құлады деген жерде түсірілген видеоны талдаған Рёпкенің сөзінше, әскери мақсаттағы әуе аппаратында Иранның ең жаңа Qaem-5 әуе бомбасы болған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бұл дрон Ресей әскері Украинаның Сумы облысы аумағына шабуыл жасамақ болған кезде нысанаға жетпей құлаған, оған не әсер еткені белгісіз.
BBC-дің Орыс қызметі Курск облысында құлаған дронның қанаты астындағы оқ-дәрі қашықтан басқарылатын шағын Qaem-5 әуе бомбасына ұқсайды деп жазды. Ол бомба әдетте Иранның Mohajer-6 және Hamaseh дрондарына орнатылады.
Иран әскери инженерлері жасап шығарған Qaem-5 бомбасы 2019 жылы Иран әскери қару-жарақ қорын толықтырды. Ол 40 шақырымға дейін қашыққа ұша алады.
The Washington Post газеті Ресей әскері Украинадағы соғыста Mohajer-6 дронын 2022 жылғы тамыз айынан пайдалана бастады, бірақ ішінде қару-жарақ болмаған деп жазған. Рёпкенің айтуынша, Ресей әскерінің Qaem-5 бомбаларын қолданып жатқаны — Иран мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық жаңа деңгейге өткенін көрсетеді.
ПІКІРЛЕР