Accessibility links

Ақтөбеде спорт мектебіндегі оқушы қазасынан кейін бес адам жұмыстан босады


Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасы. Ақтөбе қаласы, 15 сәуір, 2024 жыл.
Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасы. Ақтөбе қаласы, 15 сәуір, 2024 жыл.

Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің оқушысы Бексұлтан Әбубәкірдің қазасынан кейін бес адам жұмыстан кетті. Ақтөбе облыстық спорт басқармасының басшысы, спорт мектебінің директоры және оның орынбасары қатаң сөгіс алды.

– Мектеп директорының орынбасары қатаң сөгістен кейін өз еркімен жұмыстан кетті. Осы мектептің еркін күрес бойынша төрт жаттықтырушысы да 1 маусымнан бастап жұмыстан босатылады, – деді оқушы қазасынан соң қатаң сөгіс алған үш адамның бірі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.

Марқұм оқушының анасы Зоя Базарбаева спорт басқармасы мен Есет батыр мектебіндегі жауапты адамдарға қатаң сөгіс беріп, жұмыстан шығару жеткілісіз деп санайды.

– Өзінің кәсіби міндетіне салғырт қарағандар жеңіл жазамен құтылар болса, спорт мектебіндегі бассыздық тоқтамайды. Меніңше, олардың бәрі қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылуы керек! – дейді Базарбаева.

Ақтөбе полициясы спорт мектебіндегі жаттықтырушының үстінен "Міндетіне адал қарамау" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу әлі жүріп жатыр. Полиция жаттықтырушының аты-жөнін атамады.

Марқұм Бексұлтан Әбубәкірдің сыңары Ерсұлтан да – Есет батыр атындағы спорт мектебінде оқиды. Ол жоғарғы сынып оқушылары әлімжеттік жасаған бауырының есінен тана құлағанын көрген дейді туыстары. Егіз ұлдың анасы Зоя Базарбаева Ерсұлтанның қатты күйзеліп жүргенін, сыңары мерт болғалы мектепке мүлде бармағанын айтты.

Ақтөбелік 14 жастағы мектеп оқушысы Бексұлтан Әбубәкір биыл 11 сәуірде Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында мерт болған. Алдын ала ақпарат бойынша, 8-сыныпта оқитын он баланы жоғарғы сынып оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп, "әлімжеттік жасаған". Кеуде тұсына тиген қатты соққыдан есікке қарай шалқалай құлаған бала бірден есінен танып қалған. Есік ашылып, Бексұлтанның құлаған сәті жатақхана дәлізіндегі камераға түскен.

Бексұлтан сыңарымен алтыншы сыныптан соң Есет батыр атындағы спорт мектебіне түсіп, сол жерде оқып жүрген. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат.

Ата-анасы ұлдарының денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын айтып, Бексұлтанға әлімжеттік жасағандарды қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.

Бексұлтан Әбубәкірдің қазасынан кейін екі күдікті қамалды. Оның бірі – 9-сыныптың, екіншісі — мектеп жанындағы колледждің 21 жастағы оқушысы. Күдіктілер марқұммен бір жатақханада тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG