Accessibility links

Ресей Харьковке зымыран атты, бірнеше адам жараланды


Харьковтегі зымыран түскен жер.
Харьковтегі зымыран түскен жер.

Ресей әскері 30 мамырға қараған түні Украинаның Харьков қаласы мен облысына зенит қаруынан сегіз ракета атқан. Бұл туралы хабарлаған жергілікті билік шабуыл салдарынан өрт шыққанын, зардап шеккендер барын айтады.

Алдын ала ақпарат бойынша, шабуылдан жеті адам зардап шеккен. Қала мэрі Игорь Тереховтың сөзінше, Ресей әскері қала аудандарының біріндегі маңызды инфрақұрылымды нысанаға алған. Жарылыс болған жерде өрт шығып, газ құбыры бүлінген. Сол маңайдағы үйлердің терезесі сынды деді Харьков мэрі.

Харьков облысы әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, Малая Даниловка ауылында шабуылға ұшыраған ферма ғимаратында өрт шыққан, әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Ресей әскері атқан ракета Харьков зооветеринар институтының манежін жойған деген ақпарат тарады.

30 мамырға қараған түні Украинаның бүкіл аймағында, Киев қаласы мен облысында да әуе дабылы қосылған.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, Ресей бейсенбіге қараған түні Украинаға 11 қанатты зымыран атып, 32 "Шахед" дронымен шабуыл жасаған. Шабуыл жасағандар маңызды инфрақұрылым нысандарын көздеген дейді Украина жағы. Ресей әскери өкілдері ешқандай ақпарат таратпады.

Хмельницк, Днепропетровск, Черкасс, Кировоград, Запорожье, Одесса, Херсон, Киев және Винница облыстарында Ресей жағы нысанаға жіберген жеті ракета мен 32 дронның бәрі атып түсірілді деді Украина әуе күштері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG