Accessibility links

Абай облысында суға кеткен адамның туысы іздеуге сүңгуір жіберуді сұрады


Абай облысындағы Борлы өзенінен өтіп бара жатқанда өшіп қалған трактор.
Абай облысындағы Борлы өзенінен өтіп бара жатқанда өшіп қалған трактор.

Абай облысы Борлы өзенінде су ағызып әкеткен Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин 26 наурыздан бері табылмай жатыр. Шалқардың әкесі Тұрсынғали Қажыгереев іздеу жұмысына көңілі толмайтынын айтып, сүңгуір жіберуді сұрады. Оның сөзінше, құтқарушылар саны аз және суға сүңгіп іздеуге рұқсаты жоқ.

– Тірідей табамыз ба деп едік, таппадық. Енді сүйегін тапқымыз келеді. Су астында бір жерде ілініп жатыр ма деген ой келеді. Сүңгуір бермей жатыр. Іздеп жатырмыз дей береді. Мұхит емес, теңіз емес, көл де емес, алақандай Аягөздің өзені. Айналдырған 40-50 шақырымды қарап жүрміз. "Су лай" дейді. Ол күн қатты ысып құрып кеткенше лай бола береді. Ондай сылтау айтпай-ақ, сүңгуір жіберуге болады ғой, – деп күйінеді Тұрсынғали Қажыгереев. Ол судың қос жағалауын өздері қарап жүргенін айтты.

Қажыгереев облыс билігі мен президент әкімшілігіне дейін хат жолдап, ұлын төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер тізіміне қосып, көмек беруді сұраған, бірақ әлі ешқандай жауап алмағанын айтты.

– Артында төрт баласы қалды. Келіннің аяғы ауыр. Қолда аз ғана мал бар, бала кеткен соң қараусыз қалды. Жағдайымыз өте қиын, – дейді Қажыгереев.

Аягөз ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Байтұрсынов жоғалған адамдарды іздеу жалғасып жатқанын айтты.

– Іздеуді тоқтатқан жоқпыз. Сүңгуірлер басында бір жарым ай іздеген. Жайылған судың көлемі үлкен. Тал, қараған көп. Талдың астына оралып қалды ма, ол жағын білмейміз. Судың ішін де, жағалауды да қарап, іздеп жатыр. Қызметкерлер таңғы алтыда кетіп, кешке келеді. Күнде он шақырым жүреді. Борлы өзені 30 шақырым, ол Аягөз өзеніне қосылады. ал ол 100 шақырымнан асады. Борлының Аягөзбен қосылатын жерін іздеп жатырмыз. Сүңгуір сұрап хат жолдап отырмын, – деді Руслан Байтұрсынов.

39 жастағы Шалқар Қажыгереев Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшарт бойынша жұмыс істеген. 68 жастағы Қуанышбек Мырзағазин шопан болған.

Екеуі биыл наурызда Аягөз ауданы Қарағаш ауылы маңындағы Борлы өзенін трактормен кешіп өтпек болған кезде судың ортасында қалып қойған. Туыстарының айтуынша, олар жедел көмек сұрап, "112" телефон нөмеріне хабарласқан, бірақ ол күні құтқарушылар келмеген. Өзен ортасында трактордың төбесінде отырған екеуін құтқаруға салт атпен барған бір адам өзі суға кете жаздап, жағаға зорға шыққаны түсірілген видео әлеуметтік желіде сол күні тараған-ды.

Бұған дейін Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті "жоғалған адамдардың көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына еш қатысы жоқ" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG