14 маусымда Бішкектегі сот "Кемпір-Абад ісі" бойынша айыпталған 27 айыпталушының 22-сіне ақтау үкімін шығарды. Сот бұл істе "қылмыс құрамы жоқ" деп тапқан.
2022 жылы Қырғызстан билігі Кемпір-Абад су қоймасының жерін Өзбекстанға берген еді. 2022 жылы қазанда бұл келісімге қарсы шыққан белсенділер, саясаткерлер және құқық қорғаушылар, барлығы 27 адам, "жаппай тәртіпсіздікке дайындалды" деген айыппен ұсталған. Кейбіріне "билікті күштеп басып алуға талпыну" айыбы да тағылған.
Бірнеше айдан соң ұсталғандардың көбі изолятордан үйқамаққа шығарылған еді. Бірақ Равшан Джеенбеков, Азимбек Бекназаров, Жениш Молдокматов, Айданбек Акматов, Марат Баязов, Айбек Бузурманкулов, Ильгиз Шаменов, Темир Махмудов қамауда қалған еді.
10 маусымдағы сотта прокурор соттан айыпталушыларды 20 жылға соттап, мүлкін тәркілеуді сұраған.
Қазір осы іс бойынша айыпталған екі белсенді Орозайым Нурматова мен и Талантбек Эшалиевтің ісі бөлек қаралады. Сондай-ақ саясаткер Кенешбек Дуйшебаев, Бектур Асанов және Қырғызстан парламентіне кандидат болған Кубанычбек Кадыровтың істері "денсаулықтарына байланысты" бөлек жүргізілмек.
Бұған дейін халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қырғызстан билігін барлық айыпталушыны босатып, айыпты алып тастауға шақырған еді.
ПІКІРЛЕР