Өзбекстанда мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен бес жарым жылға сотталған Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің бұрынғы шенеунігі Қадиржан Юсупов 10 маусымда бостандыққа шықты. Ол енді бір жыл бойы әкімшілік қадағалауда болады. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы "Орталық Азиядағы адам құқығы" (AHRCA) қауымдастығының ақпаратына сүйеніп хабарлады.
Юсупов 2020 жылдың қаңтарында Өзбекстанның әскери сотының үкімімен сотталған. Сот процесі жабық өткендіктен, оған нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Бұрынғы дипломаттың ұлдарының бірі әкесінің барлау қызметкерлеріне "Батыс елдерінің мүддесіне тыңшылық жасағанын және олардан ай сайын мың доллар алып тұрғанын мойындағанын" айтқан.
Туыстарының айтуынша, Юсупов әулетінде тұқым қуалайтын шизофрениямен ұзақ ауырған Юсупов жұмыстан айрылып қалам деген қауіппен дертін жасырған. 2018 жылы желтоқсанда дипломат өзіне қол салуға талпынған: оны Ташкенттегі Пушкин метро станциясындағы теміржолдан тауып алған. Көп ұзамай ол тұтқындалған.
2018 жылы Human Rights Watch ұйымы Юсуповты дереу босатуды талап еткен, ал AHRCA және өзге құқық қорғау ұйымдары "Өзбекстан үкіметі Юсуповтың отбасы мүшелеріне кез келген қысым көрсетуді, соның ішінде қорқытып-үркітуді дереу тоқтатуы керек" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар Юсуповқа тағылған айыптарды "күмәнді" деп атап, "денсаулығында ауыр психикалық кінәраты бар болғандықтан сотқа тартуға болмайтынын" айтқан.
Бұған қоса құқық қорғаушылар Юсупов пен оның отбасы мүшелері азаптауға ұшырап, оларға сексуалдық зорлық жасалатыны туралы қоқан-лоққы көрсетілгені, сонымен бірге Юсуповтың екі ұлын тұтқындаймыз деп бопсалағаны жөнінде сенімді деректерді қолға түсіргенін хабарлаған. Олардың сөзінше, Юсупов тұтқындалғаннан кейін оған адвкат таңдауына рұқсат бермей, қажет дәрі-дәрімек алуына шектеу қойған.
ПІКІРЛЕР