АҚШ Киевтен Украина әскерінің Ресейдің Курск облысына шабуылы жөнінде мәлімет беруін талап етпек. Бұл жөнінде Ақ үй өкілі Джон Кирби мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік департаменті Украина әскерінің операциясы жөнінде алдын ала білмегенін айтты. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллер соғыс жағдайында қалай қимылдау керектігін Киевтің өзі шешеді деді.
Өз кезегінде Еурокомиссияның сыртқы саясат мәселелері бойынша өкілі Петер Стано Украинаның қорғануға құқығы бар, басқыншының территориясына соққы да жасай алады деп мәлімдеді.
БҰҰ бас хатшысының өкілі Фархан Хак Курск облысындағы жағдай әскери қақтығысты ушықтырып жіберуі ықтимал деп ескертті.
Украина билігі Курск облысына шабуылына қатысты түсініктеме берген жоқ.
6 тамызда Украина қарулы күштерінің тұрақты бөлімі Ресейдің Курск облысының Суджан ауданына басып кірген. "Агентство" сайтының есебінше, Украина Курск облысындағы 350 шаршы метр аумақты басып алған.
Бұған қоса, украин әскері Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдайтын "Суджа" газ өлшеу станциясын да басып алған. Әзірге ақпарат ресми түрде расталмады.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Суджан ауданында бес тұрғын опат болған. Ресей денсаулық сақтау министрлігі атқылау кезінде 30-дан астам адам жараланғанын, алтауы – бала екенін мәлімдеді.
Ресей президенті Владимир Путин Курск облысына шабуылды "ауқымды арандату" деп атап, үкіметке бейбіт халыққа көмектесуді тапсырды.
Билік Курск облысында төтенше жағдай режимін енгізді.
ПІКІРЛЕР