Бішкектің Октябрь аудандық соты 8 тамызда қылмыс әлемінде танылған Қамшы Көлбаевтың (Қамшыбек Асанбек) шешесі Мая Әлиеваны "Қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру" бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жыл сынақ мерзімімен жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Соттың түсіндіруінше, егер Мая Әлиева бір жыл ішінде ешқандай қылмыс жасамаса, онда еркіндігінен айыру үкімі күшіне енбейді.
Адвокаты Бақтыбек Жұмашевтің айтуынша, Мая Әлиева пробация департаментіне тіркеуге тұрады және ол түрмеге қамалмайды. Ол аудандық сот шешіміне қарсы Бішкек қалалық сотына арыз бергенін жеткізді.
Істегі тағы бір айыпталушы Нұрия Тентешова сегіз жылға еркінен айырылды. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін, оған іздеу жарияланады.
Бұдан бөлек Мая Әлиеваның атына тіркелген 13 мүлік, Тентешованың атындағы бес мүлік мемлекет есебіне өтеді. Олардың ішінде Шолпан атадағы үй және сауда орталығы, "Народный" дүкені, "Барыс" демалыс орны және Бішкектегі жеке үйлер мен пәтерлер де бар.
Сот отырысы айыпталушылар Мая Әлиева мен Нұрия Тентешованың қатысуынсыз өтті. Мая Әлиева денсаулығына байланысты қатыса алмайтынын білдірген. Ал Нұрия Тантешованың қайда екені белгісіз.
Қырғызстанда "қылмыс әлемінің серкесі" атанған Қамшы Көлбаев былтыр 4 қазанда Бішкекте арнайы операция кезінде өлтірілген. Бұл оқиғадан кейін оның барлық дүние мүлкі тәркіленген.
ПІКІРЛЕР