"Киев Донбасс аймағынан толық әскерін әкетуі керек деген талап келіссөздегі ең қиын мәселенің бірі болып тұр" деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский 11 желтоқсанда. Қарашада соғысты аяқтау бойынша келіссөз қызған тұста Украина Донбасс аймағын Ресейге босатып беру керек деген талап та ашық айтыла бастады. Бұл талап АҚШ президенті Трамптың әкімшілігі дайындаған 28 пункттен тұратын бейбіт жоспарда да айтылған.
Артынша Ресей президенті Владимир Путин де, Кремльдің басқа өкілдері де Донбасс аймағы тұтас Ресейге өтуі керек деп талап қоя бастады.
УКРАИНА НЕ ДЕЙДІ?
Донбасс аймағының (Украинаның Донецк және Луганск облысының аумағы) басым бөлігін Ресей басып алған. Бірақ Константинова және Славянска қаласын әлі де Украина әскері бақылап отыр. Аймақтағы Покровск, Мирноград қалалары үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр.
Зеленскийдің сөзінше, АҚШ Украинаға "Донбасста бақылап отырған жерлеріңнен әскерлеріңді алып кетуі керек" деген талап қойған. Вашингтон "Украина әскері шыққан жерлерде Ресей әскері болмайтынын", "еркін экономикалық аймақ" құрылатынын айтқан.
"Бірақ олар бұл аумақты кім басқаратынын білмейді. Ал Ресей ол жерді демилитаризацияланған аймақ деп атамақ" деді Зеленский 11 желтоқсанда журналистерге.
Украина президентінің сөзінше, Ресей қалай болғанда да бүкіл Донбассты алғысы келеді, ал америкалықтар Украина келісе алатын "қандай да бір формат" іздеп жатыр. Бірақ, Зеленскийдің сөзінше, Украина мұны қабылдамаған.
Украина президенті "территорияға қатысты кез келген мәселені украиналықтар сайлау я референдум арқылы шешуі керек" деп санайды.
Киев бұған дейін Донбасс аймағынан әскерін әкетуден бас тартып, АҚШ-тың ұсынысын қабылдамаған. Соғысты аяқтау бойынша АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқан Украина делегациясының өкілдері бұған дейін "бейбітшілікті жерге ауыстырмайтынын" айтқан еді. Украина Донбасста бақылап отырған жерлерінде қалғысы келеді я Ресейге өткенін қаламайды.
РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ?
Зеленский референдум жайлы айтқан тұста Кремль өкілі "тұтас Донбасс Ресейге тиесілі" деп мәлімдеді.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 12 желтоқсанда "Коммерсант" басылымына "Егер Донбассты келіссөз арқылы алмасақ, онда бұл аймақ Ресейдің бақылауына әскери жолмен алынады. Яғни, [Донбасстан] Украина әскері шықықанда ғана атыс тоқтайды" деді. Ол Донбасста "демилитаризация аймағы құрылуы мүмкін екенін", ол аймақта Ресейдің де, Украинаның да әскері болмайтынын, тек Росгвардия мен полиция болатынын айтады.
Ушаковтың "Росгвардия мен полиция бақылайтын демилитаризация аймағы" туралы сөзін Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислиц "абсурд" деді.
27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин "Украина әскері [Донбасста] бақылап отырған жерлерден кетеді, сол кезде атыс тоқтайды. Кетпесе бұған біз әскери жолмен қол жеткіземіз" деген еді.
Мәскеу мен Киев соғысты тоқтату бойынша келісімге келе алмай жатқан тұста Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт "президент соғысып жатқан екі тараптан да көңілі қалды. Кездесу үшін деп өтетін кездесулерден де шаршады" деді.