9 қаңтарға ауған түні Ресей Украинаның Львов облысына "Орешник" ракетасымен соққы жасады. Украина тарабы облыстағы инфрақұрылымдарға шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Осы шабуылдан кейін Украина БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуге шақырды. Украина одақтастарынан "шешуші шара" қолдануды талап етті.
"ЕО мен НАТО-ның шекарасына жақын аумаққа жасалған мұндай соққы Еуропа құрлығының қауіпсіздігіне қатер төндіреді және трансатлантикалық қауымдастыққа сын" деді Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига.
Ресей қорғаныс министрлігі "Орешникті" Путин резиденциясына жасалған "дрон шабуылына" жауап деп атады.
СОҚҚЫ ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ?
Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, ракета дрон шығаратын нысандарды көздеген. Алайда z-арналардың болжауынша, "Орешникті" Еуропадағы ең ірі – жерасты газ қоймасы Бильче-Волыцко-Угерское қоймасын істен шығару үшін қолданған. Бұл өте күрделі нысана деп айтылады. Инфрақұрылымның тереңдігі – шамамен 900 метр. Соққы ракетаның мүмкіндігін сынау үшін жасалған деп айтылады, оның нәтижесі белгісіз.
"ОРЕШНИК" ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Ресей президенті Владимир Путин жаңа ракета кешені туралы 2024 жылы қараша айында айтқан. Оның алдында Днепрдегі машина жасау зауытына соққы жасалған. Бұл 5 мың шақырымға дейін ұшатын орта қашықтықтағы баллистикалық ракета. 1988-2019 жылдар аралығында Ресей мен АҚШ арасында мұндай ракетаны қолданбау туралы келісім болған. "Орешник" ядролық зарядты алып жүре алады, бірақ Украинаға қарсы кинетикалық оқтұмсықтар – жарылғышы жоқ "болванкалар" қолданылған. Ол қатты жылдамдықпен келген физикалық соққы есебінен нысананы жояды.
БҰЛ ҚАНДАЙ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?
Путиннің сөзінше, "Орешниктің" блоктары секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен нысанаға соққы жасай алады. Іс жүзінде қалай – әзірге белгісіз. Батыс сарапшыларының айтуынша, 2024 жылы Днепрдегі машина жасау зауыты қатты бүліне қоймаған. Кинетикалық соққы технологиясы Америка және Израильдің әуе қорғаныс жүйесінде қолданылады, бірақ онда қорғаушы-блок ракетаның өзін жояды. Құрлықтағы нысандарды жою мақсатына кинетикалық соққы алғаш рет қолданылып отыр.
"ОРЕШНИКТІ" АТЫП ТҮСІРУГЕ БОЛА МА?
АҚШ пен Израильде бар қазіргі заманғы әуе қорғаныс жүйесі баллистикалық ракеталардың блоктарын атып түсіре алады. Мұны Patriot-тың соңғы үлгілері жасай алады. Украина қарулы күштері бұған дейін "Кинжал" баллистикалық ракеталарын атып түсірген. Әзірге, украин әскері "Орешникті" атып түсіре алмады – бұл сол аумақта Patriot жүйесінің жоқтығымен немесе жаңа ракетаны атып түсіру қиындығымен байланысты болуы мүмкін.
РЕСЕЙДЕ ҚАНША "ОРЕШНИК" БАР?
Путиннің сөзінше, кешенді өндіру былтыр қарашада басталған. Желтоқсан соңында Беларусьте әскери дайындық жағдайына келтірілген. Дегенмен "Орешникті" іске қосу құрылғысы бірде-бір рет көрсетілген жоқ. Беларусь қорғаныс министрлігі таратқан видеода тек қызмет көрсету көліктері ғана көрінеді. Екі жағдайда да "Орешник" Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонынан жіберілген.