Accessibility links

Энергетика министрлігі: Қара теңіздегі танкерлерге шабуылдан Қазақстан шығынға ұшыраған жоқ


Delta Harmony танкері Қара теңізде тұр. 12 қаңтиар 2026 жыл.
Delta Harmony танкері Қара теңізде тұр. 12 қаңтиар 2026 жыл.

Қазақстан энергетика министрлігі Қара теңізде, Каспий құбыр консорциумы маңында Қазақстанның мұнайын тасуға арналған екі танкер дрон шабуылына ұшырағанын растады. Ведомство кемелерге шабуыл жасалғанда мұнайлар тиелмегенін, танкерлер бос болғанын, Қазақстан шығынға ұшырамағанын айтады.

Мальта туымен жүрген Matilda танкері Қарашығанақтан келетін мұнайды, Либерия туымен жүрген Delta Harmony танкері "ТеңізШевройлдан" келетін мұнайды күтіп тұрған. Екі танкер Грекияның компанияларына тиесілі екені айтылған.

Министрліктің хабарлауынша, Matilda танкерінде жарылыс болған, бірақ өрт шықпаған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала ақпарат бойынша, кеме бүлінбеген, теңізде жүзе алады. Ал Delta Harmony кемесінде өрт шығып, сөндірілген, зардап шеккендер жоқ дейді министрлік.

13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумы (КҚК) маңында Қазақстаннан келетін мұнайды күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылдаған еді. Шабуылды ешкім мойнына алған жоқ.

  • Ұзындығы 1500 шақырым болатын КҚК желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандарына бірнеше рет шабуыл жасалып, салдарынан құбыр жұмысына кедергі болған.
  • 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Сол кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон түскен. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.
  • Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.
  • Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген былтыр 11 желтоқсанда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоқ екенін айтқан.
XS
SM
MD
LG