Accessibility links

Сот адвокат Мұрат Адамды лицезиясынан айырды

Адвокат Мұрат Адам
Адвокат Мұрат Адам

Алматыдағы сот 16 қаңтарда адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айырды. Мұны ҚазТАГ агенттігі мен Orda.kz сайты хабарлады.

Бұған дейін әділет министрлігі Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың мүддесін қорғап жүрген адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыруды сұрап сотқа жүгінген. Министрлік тұжырымы бойынша, адвокат сотқа дейінгі тергеу барысы туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратқан. Мұрат Адам бұл айыптарды терістеген.

16 қаңтарда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Дәурен Тілеубаев министрлік шағымы бойынша адвокатты лицезиясынан айырды.

Ал адвокат сотта да министрліктің таққан айыбын жоққа шығарып, сотта дәлел ұсынғанын айтады.

"Шағымда айтылған әрбір жоққа шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл қолымызден келді деп ойлаймын. Әділет министрлігінің шағымында айтылған әрбір айыпты дәлелдермен жоққа шығарды. Сот неге мұндай шешім шығарғанын түсінбей тұрмын. Сот шешімін әлі алған жоқпыз. Шешіммен танысқан соң құқығымызды пайдаланып, апелляциялық шағым түсіреміз" деді Адам соттан соң.

Қазақстанда жүзден аса адвокат Мұрат Адамға араша түсіп, мәлімдеме жасаған еді.

  • 1 желтоқсанда Алматыда полиция қазақстандық Orda.kz медиа редакциясында тінту жүргізді. Басылым қызметкерлері мен заңгерлер тергеу тобы жалақы төлеуге арналған қаражатты алып, құжаттар мен техниканы тәркілеп, сейфті бұзғанын хабарлады. Сол кезде адвокат Мұрат Адам тиісті өкілеттігі бола тұра редакцияға да, Гүлнәр Бажкенованың пәтеріне де кіргізілмегенін және тінтуге санкциямен танысуға мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді, бұл қылмыстық-процестік заңнаманы бұзу екенін айтты.
  • Полиция Orda.kz сайтының Алматыдағы редакциясынан бөлек бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізіп, ізінше Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" күдігімен екі айға үйқамаққа алынған. Редакцияның бірнеше қызметкері тергеуден кейін босатылған.
  • Бұған дейін Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түскен. "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деген.
XS
SM
MD
LG