Беларусьте жақында ғана қамаудан шыққан саяси тұтқын Мария Колесникова Еуропа одағының лидерлерін Беларусьтің авторитар жетекшісі Александр Лукашенкомен келіссөз жүргізуге шақырды.
Колесникова (Оппозициялық саясаткер Виктор Бабарико штабының басшысы болған, 2020 жылғы Беларусьтегі наразылықтың лидерінің бірі) Financial Times газетіне берген сұхбатында Еуропаның Беларусьтен оқшаулануы Лукашенконы Ресеймен жақындастырады деді.
Колесникова 2020 жылы Беларусьтегі билікке қарсы наразылықтан соң 11 жылға түрме жазасына кесілген. Колесникова және бір топ саяси тұтқын 2025 жылы желтоқсанда АҚШ-тың араласуымен түрмеден шыққан. Вашингтон Минск саяси тұтқындарды босатқан соң санкцияларды жеңілдеткен.
Колесникова түрмеден шыққаннан кейін Украинадағы баспасөз мәслихатында "Лукашенкоға қамаудан босатқаны үшін алғыс айтқан" еді. Оның бұл сөзін кейбір адам сынға алған.
"Еуропа Лукашенкомен АҚШ-тан бұрын келіссөз бастамағанын түсіне алмаймын. Мысалы, Германияның Беларусьпен байланысы әлдеқайда көп. [Лукашенко] санкциялар жеңілдеген жағдайда саяси тұтқындарды босатып, Беларусьте тәуелсіз БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына рұқсат берсе, онда мұны талқылау керек" деді Колесникова сұхбатында.
Еуропа одағындағы елдер Лукашенконы Беларусьтің легитимді президенті деп мойындамайды. Ал АҚШ Джо Байден президент болып тұрған тұста Лукашенко билігін мойындамаған. Президенттікке Трамп келгелі Вашингтон өкілдері бірнеше рет Минскіге келіп, АҚШ Беларуське салынған кейбір санкцияларды жеңілдетті.