Accessibility links

КҚК-ға шабуыл жайлы жазбалардан терроризмге шақыру белгілері анықталған жоқ - Балаева

Каспий құбыр консорциумының Новороссийск қаласындағы терминалы.
Каспий құбыр консорциумының Новороссийск қаласындағы терминалы.

Украинаның Каспий құбыр консорциумына (КҚК) шабуылын қолдаған қазақстандықтардың жазбаларында мемлекетке сатқындық пен терроризмге шақыру белгілері анықталған жоқ. Бұл туралы 27 қаңтарда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Балаева мұны депутаттық сауалға жауап ретінде айтқан.

2025 жылы 17 желтоқсанда депутат Айдос Сарым Бас прокуратура мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен Каспий құбыр консорциумына шабуылдауға үгіттегендердің сөзіне "терроризмді насихаттау" және "мемлекетке опасыздық жасау" баптары аясында құқықтық баға беруге шақырған. Сарым депутаттық сауалында Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым нысанына шабуылды желіде ашық "қолдайтын және құптайтын жазбалар жарияланып жатыр, бұл ұлттық мүддеге соққы боп тиеді" деген.

Осыдан соң Астананың полиция департаменті "Әлеуметтік, ұлтаралық араздық қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.

29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Осы кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон түскен. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Бұл шабуылдан соң Қазақстан Украинаға қарсылық білдірген еді. Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.

КҚК мұнай құбырының ұзындығы – 1500 км. Бұл құбыр арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Мысалы 2024 жылы КҚК арқылы 68,6 млн тонна мұнай экспорттаған, оның 55 млн тоннасы – Қазақстан өнімі.

XS
SM
MD
LG