Астана қаласының полиция департаменті Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарының зақымдалуына қолдау білдіргендердің "теріс сипаттағы мәлімдемелерін" сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Бұл жөнінде парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның депутаттық сауалына берген жауабында елдің бас прокуроры Берік Асылов жазған деп хабарлады 6 қаңтарда қазақстандық басылымдар.
"Сіздің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы депутаттық сауалыңызға жауап ретінде хабарлаймыз: 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласының полиция департаменті азаматтардың Каспий құбыр консорциумының зақымдалуына қатысты теріс сипаттағы пікір білдіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (ұлтаралық араздық қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оның барысында аталған адамдарды анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар жинау жөнінде шаралар қабылданып жатыр, оның нәтижелері бойынша олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданады", — деп жазған бас прокурордың сөзін келтірген ҚазТАГ.
Бұған қоса ол Бас прокуратура осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен өзге де заңға қайшы материалдар таратуға жол берілмейтіні ескертілген баспасөз хабарламасын жариялағанын, ондай әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік барын түсіндіргенін хабарлаған.
17 желтоқсан күні мәжіліс отырысында депутат Айдос Сарым Бас прокуратура мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен Каспий мұнай құбыры нысанардына Украина жасаған шабуылды қолдаған азаматтардың жазбаларын тексеруді сұраған. Ол Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым нысанына шабуылды әлеуметтік желіде "ашық қолдайтын және құптайтын жазбалар жарияланып" жатқанын, олар "ұлт мүддесіне соққы боп тиетінін" айтып, құзырлы органдарға тексерісті "терроризмді насихаттау" және "мемлекетке опасыздық жасау" баптары аясында саралауды ұсынған.
Ұзындығы 1500 шақырым болатын КҚК желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандарына бірнеше рет шабуыл жасалып, салдарынан құбыр жұмысына кедергі болған.
2025 жылғы 17 ақпанда Ресей аумағындағы "Кропоткинская" елдімекеніндегі станцияға жасалған шабуыл салдарынан мұнай айдау тоқтады. Жөндеу бірнеше айға созылды. Консорциум 18 млрд теңгеге шығын көргенін мәлімдеді. Қазақстан жағы Украинадан шабуылға байланысты түсініктеме беруді талап еткенімен жауап келмегені айтылған.
24 наурызда Ресей құбырға екінші рет шабуыл жасалғанын мәлімдеген. Тамыз айында да шабуыл жасалғанын, бірақ сәтсіз болғанын айтты. Ал былтыр қыркүйекте КҚК әкімшілік кеңсесі мен теңіз терминалы, сондай-ақ оның маңындағы тұрғын аудандар дрон шабуылынан зардап шекті. Шабуыл салдарынан теңізге мұнай тиеу тоқтатылып, кейін қайта іске қосылған.
29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Сол кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон түскен. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.
Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.
Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген былтыр 11 желтоқсанда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоқ екенін айтқан.
Қазақстан қазір басқа бағыттар бойынша да мұнай тасымалдауды арттыруға тырысып жатыр. Алайда сарапшылар бұл жағынан Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі дейді.