Accessibility links

"ҚазТрансОйл": Қазақстан Қырғызстанға мұнай тасымалын арттырып, Өзбекстанға транзитті қайта бастады


"ҚазТрансОйл" ұлттық мұнай тасымал операторы Қырғызстанға жіберетін мұнай көлемін арттырып, Өзбекстан бағытындағы транзитті қайта бастағанын мәлімдеді. Қырғызстанға мұнай тасымалы қарашада қайта қалпына келген. Бұл жөнінде "ҚазТрансОйл" мұнай тасымал компаниясы хабарлады.

Жыл соңына дейін қазақстандық компания Қырғызстанға – 30 мың, Өзбекстанға – 35 мың тонна шикізат жөнелтпек.

Қырғызстанға мұнай тасымалы 2017 жылы тоқтап қалған.

Ресми мәлімет бойынша, мұнай тасымалы магистральдік мұнай құбырларымен Түркістан облысындағы "Шағыр" мұнай құю бекетіне жеткізіледі, одан әрі шикізат теміржол цистерналарына құйылады.

"ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы – Қазақстанның ұлттық мұнай тасымалдаушы операторы, акцияларының 90 пайызы "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай компаниясына қарайды.

Қараша соңында украиналық экипажсыз катерлер Ресейдің Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына соққы жасағаннан кейін екінші айлақ құрылғысы істен шыққан. Сарапшы мұның кесірінен Қазақстан миллиардтаған доллар шығынға ұшырайтынын айтса, ресми орындар бюджетке көп салмақ түспейді деп сендірген. Қазақстан бюджетінің басым бөлігі мұнай саудасынан түсетін табысқа тәуелді.

Мұнай экспортының 80 пайызы Ресей арқылы өтетін жалғыз құбырға тәуелді Қазақстан "мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын" қарастыратынын мәлімдеген.

9 желтоқсанда Қазақстан батыстағы Қашаған кенішінен өндірілген мұнайының 50 мың тоннасын алғаш рет Қытайға тасымалдайыны белгілі болған.

11 желтоқсанда Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КҚК-ға шабуыл салдарынан Астана 480 мың тонна мұнайын жоғалтқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG