Ресейдің Қара теңіздегі мұнай тиейтін құрылғыларына жасалған дрон шабуылы Астана мен Киев арасында дипломатиялық кикілжің тудырды. Өйткені мұның салдарынан Қазақстанның мұнай экспортына нұқсан келтірілді. Ел мұнайының едәуір бөлігі соққыға ұшыраған Каспий құбыр консорциуымы арқылы экспортталады. Бұл жағдай Еуропа нарығына да теріс әсер етуі мүмкін.
28 қараша күні теңіз дрондары Новороссийск портынан 5 шақырым жерде суда қалқып тұратын шеңбер пішінде үлкен құрылғыға соққы жасады. Бұл портта сондай-ақ Ресейдің "Қара теңіз флоты" жайғасқан.
Соққыдан жапа шеккен нысан – құбырдан келген мұнайды танкерге тиейтін айлақ құрылғысы (ВПУ). Новороссийскіде мұндай құрылғының үшеуі бар. Осыған дейін оның бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Дрон шабуылы порттың мұнай тиеу әлеуетін елеулі дәрежеде әлсіретті.
"Бір айлақтың өзі күніне 800 000 баррель тией алады. Енді айлақтар қалыпты мұнай тиеу әлеуетінің үштен бірін ғана атқара алады" деді Азаттыққа саяси болжаумен айналысатын Nightingale Intelligence компаниясының ғылыми қызметкері Влад Паддок.
Бұл шабуылдан Ресей жапа шегіп отыр. Өйткені Мәскеу Солтүстік Кавказда өндірілген мұнайды осы терминал арқылы таситын. Бірақ ең қатты зардап шеккен – Қазақстан. Елдегі мұнай экспортының 80 пайызы Новороссийскіге апаратын жалғыз құбырға тәуелді.
"Қазақстан өз мұнайын тасымалдаудың негізгі жолын Ресей бағытына бұрды" дейді қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов. "Шешім бірталай жыл бұрын қабылданған. Қазір соғыс кезінде бұл жағдайды өзгертуге мүмкіндік жоқ. Қазақстан бұрын қабылданған саяси шешімдердің құрбаны болып отыр".
СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘЛСІЗДІК
Құбырды басқаратын Каспий құбыр консорциумы дрон соққысын "қасақана жасалған террор шабуылы" деп айыптады. Бірақ Азаттық жолдаған сауалға жауап бере қойған жоқ.
Ресейдегі Карнеги Еуразия орталығының аға зерттеушісі Сергей Вакуленконың айтуынша, Қазақстанның экспорттан алатын табысының 40 пайызы осы мұнай сатудан түседі.
Қазақстан үкіметі бұл шабуылды "халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық акті" деп атап, Украинаға ресми наразылық нотасын жолдады. Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар облысындағы КҚК мұнай айдау станциясына, қыркүйекте консорциумның Новороссийскідегі кеңселеріне дрон шабуылы жасалған.
Украина Қазақстан наразылығына қатқыл жауап қайтарды.
Киев украин күштері "агрессордың әскери-өнеркәсіп әлеуетін жүйелі түрде әлсіретуге тырысып жатқанын айтып, Қазақстан бұған дейін Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындарға шабуылы жайлы ешқандай мәлімдеме жасамағанын атап өтті.
Дипломатиялық кикілжің өрбіген тұста Қазақстан расымен де қиындыққа тап болды.
"Дубайда екі мұнай тиеу құрылғысы әзірленіп, аяқталуға жақын қалды. Бірақ оларды жылдам орнату мүмкін емес: жеткізу, орнату және іске қосуға бірнеше ай кетеді. Ал қазіргі үш ВПУ құрылғысы 2026 жылғы жаз-күз айларына дейін толық құрамда істей алмайды" дейді Паддок. "КҚК жүйелеріне сай келетін заманауи ВПУ-дың бір данасы 80-120 млн доллар тұрады. Яғни алмастырудың немесе жоспардан тыс инфрақұрылымдық жұмыстардың қаржылай салмағы ауыр".
Тіпті жөндейтінін жөндеп, алмастыратынын алмастырған күннің өзінде Украина тағы да шабуылдауы мүмкін. Бұл жерде Қазақстанның Еуропа нарығына тәуелділігі – екіжақты мәселе.
"ЕУРОПА ДА ЖАПА ШЕГУІ МҮМКІН"
Атлант кеңесінің аға зерттеушісі Джо Вебстер Азаттыққа берген сұхбатында қазақ мұнайының "жеңіл әрі тәтті" екенін, оның бензин өндірісіне жайлы екенін айтты.
"Еуропа Одағы үшін Қазақстан мұнай өнімдерін алу тұрғысынан АҚШ пен Норвегиядан кейінгі үшінші орында. Мұнай өнімдері импортының немесе баррелінің тоғыздан бірі Қазақстаннан келеді" дейді ол.
Демек, Ресей мұнайына тәуелділіктен қалай құтыларын уайымдап отырған Еуропа үшін қазақ мұнайынан айырылу мәселені одан әрі күрделендірмек.
"Шындығын айтқанда, КҚК жұмысындағы іркілістер Еуропаға зиян тигізе ме деп алаңдаймын. Мұның салдары Ресейден гөрі Еуропа үшін ауырлау болмақ. Сол себепті бұл соққылар стратегиялық тұрғыда оңтайлы болды ма деген сұрақ қисынды" дейді Вебстер.
Карнеги орталығында істейтін Сергей Вакуленко Украина шабуылының жанама салдары жайлы осыған ұқсас пікір айтты.
Оның сөзінше, бұл шабуылдар Ресей экспортын расымен де тежегенімен, нарықтан қазақ мұнайын алып тастаса, "Үндістан, Қытай және Түркия Ресей мұнайын сатып алуға көбірек құлшыныс білдіреді" және қазіргіден жоғары бағада сатып алуға дайын болады.
Оның үстіне, Қазақстандағы мұнай өндірісіне Chevron, ExxonMobil және Shell секілді Батыс компаниялары да қатысып отыр. Соның ішінде Chevron КҚК консорциумының 15 пайызына иелік етеді.
Бұл тұрғыда Қазақстан үшін ең тиімдісі Киевке Батыс елдерінің қысым жасауы болуы мүмкін.
АМАЛДАРДЫҢ АЗДЫҒЫ
Қазақстанның осы жағдайға тап болуы ел ішінде экспорт бағыттарын әртараптандыру жайлы талқыны күшейтті.
Мұнай тасымалдауда Қазақстанның КҚК құбырынан кейінгі екінші ірі бағыты – мұнайды танкерлер көмегімен Каспий теңізі арқылы Бакуге жеткізу. Ары қарай ол мұнай Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы Түркияның Жерорта теңізіндегі жағалауына жеткізіледі.
2024 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы 1,5 млн тонна мұнай айдалған. Ал КҚК құбыры арқылы 63 млн тонна өтті.
Әзербайжан арқылы тасымалдауды тежеп отырғаны – Каспий теңізіндегі танкер тапшылығы. Оның үстіне Баку-Тбилиси-Джейхан бағытының өзі қымбатқа шығады.
Қазақстан Еуропа нарығына сондай-ақ Ресей мен Беларусь арқылы өтетін "Дружба" құбыры арқылы да шыға алады. Бірақ украин дрондары оған да шабуылдаған.
ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫН ШЫҒЫСҚА БАҒЫТТАУҒА МҮМКІНДІК БАР МА?
Дүниежүзілік банктің 2023 жылға арналған дерегі бойынша, Қазақстан Қытайға құны 3,81 млрд доллар болатын мұнай көлемін жеткізген. Ал Еуропаға сатқан мұнайының құны 23,6 млрд доллар болған.
Тасымал бағытын Қытайға қарай бұру оңай шаруа емес.
"Қытайдың батысындағы Шыңжаңда осы баррельдердің бәрін алуға сұраныс жеткілікті деп ойламаймын" дейді Вебстер.
Оның сөзінше, Қытайдың шығысындағы энергетикалық торапқа қарай құбыр салу өте қымбат болмақ.
"Қытай мұнай компаниялары мұны не үшін қарастыруы керек екенін білмеймін. Меніңше, Қазақстанның мұндай Еуропадан Қытайға бағыттау ықтималдығы өте төмен" дейді ол.