Accessibility links

Конституциядан орыс тілін алып тастау талабы күшейді. Билік "күрделі геосаяси ахуал" жайлы айтады

Қазақстанда жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілге қатысты бабы қоғамда үлкен талқы тудырды. Біраз адам негізгі заңнан орыс тіліне қатысты тармақты алып тастауды я оны өзгертуді талап етеді. Ал бұл уәжге келіспейтіндер "геосаяси ахуалды ескеруге", "мемлекеттің қауіпсіздігін, тәуелсіздікті ойлауға" шақырады.

Қазақстанның 1995 жылдан бергі қолданыстағы Конституциясында да, қазір ұсынылған жаңа Конституцияда да тілге қатысты өзгеріс жоқ, тек баптары ауысқан. Екеуінде де "Қазақстанның мемлекеттік тіл – қазақ тілі", "мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған. Бұл – қолданыстағы Конституцияның 7-бабының бірінші және екінші тармағы, ал жаңадан ұсынылған Конституцияның 9-бабының бірінші және екінші тармағы.

Жаңа жоба жариялана сала қоғамның бір бөлігі "мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген 9-баптың екінші тармағына қарсы шыға бастады. Бірақ бұл тармақты Конституциядан алу қиын дейтіндер де бар.

"АЛЫП ТАСТАСЫН Я ӨЗГЕРТСІН"

Бизнес орындарындағы қазақ тілінде ақпараттың болуын талап етіп жүрген белсенді Серік Әлиұлы Facebook желісінде "Бүгінгі конституциялық нормаларда тіл мәселесінің екіұдай берілуі қазақ тілінің қоғамдық өмірде толыққанды қолданылуына кедергі келтіріп отыр. Өз елінде, өз жерінде мемлекеттік тілде қызмет талап ету кей жағдайда азаматтың өзін қорғауға мәжбүрлейтін жағдайға айналды. Конституциядан орыс тіліне қатысты "ресми тіл" нормасын алып тастау - уақыт талабы" деп жазды.

Тіл белсендісі Жалғас Ертай да жаңа жобадағы "9-баптың екінші тармағын алып тастауды", "тым болмаса "тең қолданылады" деген сөзді "қажет болғанда" деп өзгертуді" ұсынды.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали 9-бапты былай өзгертуді ұсынады: "Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ресми ісқағаздар қазақ тілінде жүзеге асырылады", "Мемлекет азаматтардың өзге тілдерді қолдану құқығын сақтайды. Мемлекеттік органдар азаматтармен қатынаста заңда белгіленген тәртіппен орыс тілін және басқа да тілдерді қолдануды қамтамасыз етеді".

4 ақпанда Алматыда "Ұлт тағдыры" қоғамдық ұйымының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім, заңгер Мейірман Қалмаханұлы және белсенді Жарқын Күреңтаев Конституция жобасына және тілге қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын алдында полиция Күреңтаевты ұстап, "әңгіме жүргізуге" алып кетті. Ал баспасөз мәслихатына Көшім мен Қалмаханұлы қатысып, олар жобадағы 9-бап 2-тармақты алып тастасын немесе өзгертсін деген талап айтты.

Заңгер Мейірман Қалмаханұлы және саясаттанушы Дос Көшім жаңа Конституция жобасына қатысты жиында. Алматы, 4 ақпан 2026 жыл.
Заңгер Мейірман Қалмаханұлы және саясаттанушы Дос Көшім жаңа Конституция жобасына қатысты жиында. Алматы, 4 ақпан 2026 жыл.

"Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілдің ара-жігін анықтап алу. Біз орыс тілін шектейін деп отырған жоқпыз. Бірақ халықтың ойында орыс тілі қазақ тілімен тең ресми түрде қолданылады деген сөз екі тілдің бірдей дегенін білдіріп жатыр" деді адвокат Қалмаханұлы жиында.

Полиция Жарқын Күреңтаевты шамамен бір сағат ұстап, кейін босатқан. Белсендінің айтуынша, бөлімшеде полиция сержанты оған 16 желтоқсан және 5 қаңтар күндері қайда болғаны туралы сұрақтар қойған. Кейін полиция белсендіні үйіне апарып тастаған. Азаттықтың оны ұстау себебі туралы сұрағына Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек жауап бермеді. Жиын өткізген азаматтар бұл әрекетті Конституция жобасын талқылауға арналған жиынды болдырмау мақсатында жасалған қысым деп бағалайды.

Негізгі заңдағы тілге қатысты бапты өзгеруді ұсынып, әлеуметтік желіде пост жазғандар үйіне полиция келгенін хабарлады. Солардың бірі - журналист Дина Елгезек. Ол Facebook парақшасында "түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін" полицейлер үйіне келгенін жазды. Белсенді Жалғас Ертай да үйіне полиция барғанын хабарлады. Желіде Конституциядан орыс тілі туралы тармақты алып тастау қажет деген ойын жазған заңгер Нұрсұлтан Орынбековке де полиция ескерту жасағаны хабарланды. заңгер Молдахан Әділетхан тіл туралы бап бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылған видеосынан кейін түрлі тәсілмен ескерту жасалғанын айтты.

Бұл желі қолданушылары арасында тіл тақырыбына байланысты қысым күшейді ме деген алаңдаушылық туғызды.

"ҚАЗАҚ ТІЛІ БИІК ТҰҒЫРДА"

Facebook, Threads желісінде Конституция жобасының тіл туралы бабы қызу талқыланып жатқан тұста мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссияның мүшесі Ерлан Қарин Астанадағы комиссия отырысында мінберге шығып, "тіліміз биік тұғырда, өз орнында" деп мәлімдеді.

"Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда. Өз орнында. Мемлекет барда ол ешқашан тұғырдан түспейді. Сол үшін мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек, ең бірінші ел бірлігін ойлау керек" деді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайда отыр. 26 қаңтар 2026 жыл, Қызылорда.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайда отыр. 26 қаңтар 2026 жыл, Қызылорда.

Қарин сөзінде 9-баптың бірінші тармағында "мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп анық көрсетілгенін баса айтқанымен, қарсылық туып жатқан екінші тармақ туралы ештеңе айтпады.

4 ақпан күнгі мәжіліс отырысында кейбір депутат аймақта геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта тіл мәселесін қозғай беру қауіпті екенін меңзеді. "Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл "пәленің" қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз" деді депутат Ермұрат Бапи.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи

"САЯСИ ЖАҒДАЙ КҮРДЕЛІ ӘРІ ҚАУІПТІ"

Қарин "мемлекетті қорғау", Бапи "қырық құбылған геосаяси ахуал" туралы айтқан тұста Ұлттық құрылтайдың мүшесі болған баспагер Бақытжан Бұқарбай "күрделі сыртқы саяси жағдайды" айтып, Украинадағы соғысты меңзеді.

"2011 жылы елде Мұхтар Шаханов бастаған бір топ адам биліктен қазақ тілінің мәртебесін жоғарлатуды, Конституциядан орыс тілінің ресми тіл статусын алып тастауды талап еткен. Бірақ Конституциядағы тілге қатысты баптар өзгеріссіз қалған., геосаяси ахуал бүгінгіден әлдеқайда тыныш кезеңде Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған бір топ зиялы қауым атышулы бапты алып тастауды талап етіп, "138-дің хатын" жариялаған еді. Алайда бұл бастама сол кезде өтпей қалды. Уақыт көрсеткендей, тіл мәселесі үш жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды. Кім білсін, сол жылдары Жаратқан қазақты үлкен қатерден сақтап қалған да болар. Ал бүгінгі сыртқы саяси жағдай ол кезеңмен салыстыруға келмейді — әлдеқайда күрделі әрі қауіпті. Сол баптың болуына қарамастан, ана тіліміз 2011 жылдан бері өте қарқынды дамығанына оған ес білгелі қызмет етіп келе жатқан мен де, өзіңіз де куәсіз" деп жазды ол Facebook парақшасында.

Ал Конституциялық комиссияның мүшесі, журналист Ерқанат Көпжасар "Неге біз жаппай эмоцияға беріліп барамыз? Қазір әлемде барлық геосаяси ойындардың шарттары қайта жазылып жатқанын жақсы білесіздер. Бүгінгі керісу ертең үлкен келіспеушілікке апарса кім жауап береді?.. Дау қуып даурығып жүргенде [АҚШ президенті] Дональд Трамптың [Украина басшысы] Зеленскийге айтқанындай, қолымыздағы картамыздан айырылып қалмайық. Жау жоқ деме жар астында" деп видео жариялады.

Тіл тазалығы туралы жазып жүрген журналист Ертай Нүсіпжан Facebook парақшасында "геосаяси жағдайдағы бейбітшіліктің қадірін көзі ашық азаматтың бәрі түсінетінін", бірақ тілдің дамуына кедергі барын жазды.

"Халықты шаршатқан дүние – билікті жайлаған "псевдопатриоттар". Біржақты, жаңсақ ұстанымға қатып алғандар халық пен билік арасында дұрыс диалог орнатуды білмейді. Қазақ тіліне қамқорлықтың басқа да баламасын көрсете, ұсына алмайды. Ана тілінің көштен қалмай дамып жатқанына дәлел жоқ. Қазақ тілінің жайы керемет болса неге тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл өтсе де көше атауларында әлі күнге дейін қателер кездеседі? Орыс тіліндегі жазбада қате көрмейміз?" дейді ол жазбасында.

Ұлттық құрылтай мүшесі, адвокат Айман Омарова "қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы керек, бірақ халықаралық конвенцияларды алатын болсақ дискриминация деген бар. Совет үкіметінде туған азаматтарымыз қазақ тілінде сөйлей алмайды. Біз енді бәрі тек қазақ тілінде болады десек, оларға дискриминация болады. Соны түсініңіздер" деді желіде.

"9-БАП ӨЗГЕРМЕЙДІ"

Қазір мәжілісте отырған төрт партия – "Аманат", "Ақжол", Қазақстан халық партиясы (коммунистер), ЖСДП партиясы Конституциядағы 9-бапты қолдайтындарын білдірді.

"Аманат" атынан депутат, Конституциялық комиссия мүшесі Елнұр Бейсенбаев Азаттыққа 9-бап өзгермейді деп мәлімдеді.

"Комиссияның 99 пайыз мүшесі бұл Конституция жобасымен келісеміз. Егер қоғам тарапынан ұсыныс болса кішкене стилистика жағынан өзгеріс енгізу мүмкіндігі бар. Ал 9-бап әзірше өзгеріссіз қалады. Біздің партия комиссияның, мемлекеттің ұстанып отырған салиқалы шешімін қолдайды" деді ол.

Ал Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов "Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бұған ешкім дау айтып отырған жоқ. Ол бар, заңмен бекітілген. Ал орыс тіліне келсек, жалпы Конституцияға мұқият қарасаңыз, кез келген азамат өзі қалаған тілінде еркін сөйлей алады. Конституциялық комиссия ұсынған нұсқаны партия толық қолдайды" деді Азаттыққа.

Жалпыұлттық социал-демократтар партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов "біз жаңа Конституция жобасындағы норманың ұсынылған редакциясын қолдауға келісті. Мемлекеттік тіл біреу ғана болуға тиіс, ол – қазақ тілі. Ал орыс тілінің қазақ тілімен қатар мекемелерде қолданылуы, меніңше, қалыпты жағдай" деп мәлімдеді.

"Ақжол" партиясының депутаты Азат Перуашев Азаттықтың 9-бапқа қатысты сұрағына "біздің ойымызша, ата заң елімізді біріктіретін құжат болуға тиіс" деп қысқа жауап берді.

"Ақжол" партиясынан атынан сайланған депутат Қазыбек Иса бұған дейін Конституциядағы тіл туралы баптан орыс тілі туралы тармақты алып тастау туралы бастама көтергендердің бірі болған. Ал бұл пікірталас кезінде ол ұстанымын өзгертіп, "күрделі геосаяси ахуалға" назар салуға үндеді.

Ал "Ауыл" партиясы жетекшісінің орынбасары Қуаныш Қабыкенұлы Азаттыққа "партия тіл мәселесіне жеке тоқталмағанын, жалпы Конституция жобасын қолдауға шешім қабылдағанын" айтты.

Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерде парламенттегі партиялардың ұстанымы көбіне биліктің көзқарасымен үндес шығады. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар елде саяси партия тіркеу механизмі жеңілдегенімен, шынайы оппозициялық партияны тіркеуге кедергі көп екенін айтады.

 «Конституцияда қазақ тілі ғана болсын» деген талап күшейді. Ресей факторы «қалқан» ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:43 0:00
XS
SM
MD
LG