Accessibility links

Самоделкина "олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берген" Қазақстанға разы екенін айтты

София Самоделкина Милан олимпиадасында. 17 ақпан, 2026 жыл.
София Самоделкина Милан олимпиадасында. 17 ақпан, 2026 жыл.

Италиядағы олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыстың қысқа бағдарламасынан кейін қазақстандық София Самоделкина 12-орында келеді. Олимпиада кезінде журналистер спортшыдан нәтижесі жайлы ғана емес Ресейден Қазақстанға ауысқаны мен АҚШ-тағы жаттығуы жайлы да сұрады.

"МІНСІЗ СЫРҒАНАУ"

София Самоделкина қысқа бағдарламада 68,47 ұпай иеленді. Бұл – оның биылғы маусымдағы жарыстарда алған ең жоғарғы ұпайы.

Музыка аяқталған бетте Самоделкина бағдарламасын таза сырғанап шыққанына қуанды. Аренаға жиналған көрермен спортшының өнеріне қол соғып, бапкері Рафаэль Арутюнян да қошемет көрсетті. Ал төрешілердің ұпайы жария болған сәтте Арутюнян басын шайқап, бұған келіспегені байқалды. Дегенмен Самоделкина сырғанауына көңілі толатынын айтады.

– Бұл – өмір бойы жасап келе жатқан еңбегім. Өз ойымша, бапкерімнің ойынша мінсіз сырғанап шықтым. Егер бапкерім Рафаэль Арутюнян "мінсіз сырғанап шықтың" десе, демек бұл шынымен мақтауға тұрарлық сырғанау болғаны. Өте ризамын, көңілім толды. Бір деммен сырғанап шықтым. Қобалжыған жоқпын. Қобалжымай, бүкіл дайындығымды көрсеткім келді. Аренадан Қазақстанның туын ұстаған жанкүйерлерді көргенде, олимпиада шығыршықтарын көргенде тіпті шабыттанып кеттім, – деді спортшы.

Ресейде туып, кейін Қазақстан құрамасына ауысқан София Самоделкина бірінші орынға шыққан жапониялық Ами Накаидан он ұпай қалып тұр.

Самоделкина қысқа бағдарламада екі айналым аксель, үш айналым лутц және үш айналым флип+үш айналым тулуп каскадын секірді. Төрешілер қазақстандық спортшының секіру элементтеріне жоғары ұпай бергенімен, мұздағы қадамдары (Step Sequence) мен мұздағы айналымдарына (spin) үшінші деңгей қойды. Әдетте бұл элементтерде төртінші деңгей жоғары саналады.

София Самоделкина Милан олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан сәт. 17 ақпан, 2026 жыл.
София Самоделкина Милан олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан сәт. 17 ақпан, 2026 жыл.

Самоделкина 19 ақпандағы негізгі бағдарламада таза сырғанап шығу үшін барын салмақ.

Қысқа бағдарламада жапон спортшысы Ами Накаи ең қиын элементтің бірі Әйелдер үшін қиын элементтің бірі саналады. Миландағы қысқа бағдарламада бұл элементті 29 спортшының ішінен екі мәнерлеп сырғанаушы ғана секірді. таза секіріп, 78,71 ұпаймен бірінші орында келеді. Екінші орында 2022-2024 жылдар арасында әлем чемпионы болған жапониялық Каори Сакамото тұр – 77,23. Үшінші орында – былтырғы әлем чемпионы Алиса Лю (АҚШ) – 76,59 ұпай. Лю үш айналым лутцты толық секірмей қалғандықтан ұпайы кемді. Бейтарап атлет ретінде қатысып жатқан ресейлік Аделия Петросян 72,89 ұпаймен бесінші орында тұр.

Жүлдегерлер негізгі бағдарламадан соң анықталады.

"ҚАЗАҚСТАН БОЛМАҒАНДА ОСЫ ЖЕРДЕ ТҰРМАС ЕДІМ"

София Самоделкина олимпиада ойындарына АҚШ-та дайындалды. Бапкері Рафаэль Арутюнянның базасы АҚШ-та. Ол 2022 жылғы олимпиада чемпионы Натан Чэннің (АҚШ) бапкері болған. Қазір Арутюнян үш дүркін әлем чемпионы, Миландағы олимпиадада командалық жарыста алтын жүлде алған Илья Малининді (АҚШ) де жаттықтырады.

– Дайындықты Қазақстанда бастадым. Кейін олимпиадаға таман АҚШ-қа барып, бапкерім Рафаэль Арутюнянмен дайындалдым, – деді София.

Олимпиадада Норвегиядан келген телеарнаның бірі Самоделкинадан неліктен Ресейден Қазақстанға ауысқанын сұрады. Спортшы бұл сұраққа "толық жауап бергісі келмейтінін" айтып, "Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүргеніме екі жыл болды. Бұл – менің елім. Қазақстанға осы Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз" деп қысқа қайырды. Кейін журналистердің екінші тобына берген сұхбатында "Қазақстан болмағанда Олимпиадаға қатыса алмас едім" деді ол.

София Самоделкина, бапкері Рафаэль Арутюнян (оң жақта) және мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасанова (сол жақта). Милан, Италия, 17 ақпан, 2026 жыл.
София Самоделкина, бапкері Рафаэль Арутюнян (оң жақта) және мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасанова (сол жақта). Милан, Италия, 17 ақпан, 2026 жыл.

Самоделкина Ресейде туған. 2023 жылы Қазақстан азаматтығын алғанда Ресей басылымдары спортшының Қазақстанға кеткені жайлы көп жазып, екі елде бұл үлкен талқы тудырған. Ресейлік сайттар Самоделкина Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясынан Қазақстанға ауысуға рұқсат алмады деп жазған.

Ал Қазақстан коньки одағы Азаттыққа "Ресейден не басқа елден мәнерлеп сырғанаушы сұраған жоқпыз. Азаматтықты спорттан бөлек басқа жолдармен алуға болады ғой. Оның анасы Қазақстанда туған, сол арқылы азаматтық алған сияқты" деп мәлімдеген.

София Самоделкина 2024 жылдан бастап халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатыса бастады.

XS
SM
MD
LG