АҚШ президенті Дональд Трамп Әли Хаменеидің қаза тапқанын жазып, "тарихтағы ең жауыз адамның бірі өлді" деді.
"Ол біздің интеллектуалды және жоғары дамыған аңду жүйемізден қашып құтыла алмады. Израильмен тығыз жұмыс істеудің арқасында ол және онымен бірге қаза тапқан басқа да лидерлері ештеңе істей алмады. Бұл - Иран халқы үшін өз елін қайтарып алуға үлкен мүмкіндік" деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.
Трамп "Иранда белгілі бір жерлерді бомбалау апта бойы немесе Таяу Шығыстағы және бүкіл әлемдегі мақсатқа қол жеткенше жалғаса беретінін" айтады.
Хаменеидің қазасы жайлы алдымен Израиль премьер министрі Биньямин Нетаньяху хабарлап, Хаменеи "бұл өмірде енді жоқ" деп мәлімдеді. Оның сөзін Reuters ақпарат агенттігі таратты.
Израильдің ресми өкілдері Reuters ақпарат агенттігіне Әли Хаменеидің мәйіті резиденциясынан табылды деп айтқан.
Америкалық Axios агенттігінің журналисі Барак Равидтің хабарлауынша, Израильдің АҚШ-тағы елшілігі Хаменеидің мәйітін үйінді астынан алып шыққанын мәлімдеген. Израильдің "12 каналының" жазуынша, Израиль премьері Биньямин Нетаньяху мен Израильдің күштік құрылым басшыларына қаза тапқан Хаменеидің мәйітінің суретін көрсеткен.
Израиль әскері ЦАХАЛ Иран қорғаныс министрі Азиз Насирзаде, Иран революция сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпур, Иран қорғаныс кеңесінің хатшысы Али Шамхани, әскери канцелярия басшысы Мохаммад Ширази сенбіде жасалған шабуылдан қаза тапты дейді.
Reuters агенттігі де дереккөздеріне сілтеп, Иран қорғаныс министрі Азиз Насирзаде мен сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың қаза болғанын жазды.
Иран билігі Хаменеидің өлімін растаған жоқ, бірақ бұған дейін Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Хаменеи тірі ме деген сұраққа "білуімше" тірі деген еді.
Хаменеидің қазасы жайлы хабар тарап жатқан тұста Иран Израильдің Тель-Авив қаласына ракетамен шабуылдады. Қаланың бірнеше бөлігінде өрт шыққаны айтылды.
28 ақпанда Израиль мен АҚШ бірігіп, Иранға соққы жасаған еді. Екі тарап Ирандағы ислам режимін құлатуды мақсат еткен. Ал Иран жауап ретінде Израильге, Бахрейн, БАӘ, Катарға шабуылдаған. Дубай, Доха әуежайлары жабылған.
86 жастағы Әли Хаменеи Иранның ең жоғарғы басшысы болды. Елдегі саяси, діни және әскери билік соның қолында болды. Ол Ирандағы билікке 1989 жылы келген.
Азаттықтың Әли Хаменеи туралы бұған дейін дайындаған видеосы: