28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады. Иран ақпарат құралдары бірнеше қалада жарылыс болғанын жазды. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық бағдарламаны дамытып жатыр деп айыптап, оның ракета өнеркәсібін де жоятынын мәлімдеді. Өз кезегінде Иран да Израильге ракета жіберіп, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірқатар әскери базаларына соққы жасалғаны хабарланды.
ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
АҚШ президенті Дональд Трамп 8-минуттық мәлімдемесінде Иранға қарсы "ірі әскери операциясын" бастағанын хабарлады. Бірнеше сағат бұрын Израиль Тегераннан төнетін "қауіпті сейілту" мақсатында Иранға "превентив соққы жасағанын" мәлімдеген еді.
Әлеуметтік желіде жариялаған видеосында Трамп мақсат "Иран режимінен төнген қатерге төтеп беріп, Америка халқын қорғау" деді.
"Америка халқының қаһармандарынан айырылуымыз мүмкін және бізде адам шығыны да болуы мүмкін, мұндай нәрсе соғыста болады, бірақ біз мұны бүгінгі күн үшін жасап жатқан жоқпыз. Мұны болашақ үшін жасап жатырмыз және бұл киелі миссия" деді Трамп.
Трамп өз сөзінде Тегеранды былтыр маусымдағы Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыстан кейін ядролық бағдарламасын жалғастырды деп айыптады. Оның сөзінше, АҚШ Иранның ұзақ қашықтыққа ұшатын ракеталарын да жоймақ.
"Еркіндікке қол жеткізетін сәт жақын" деді Иран халқына қайырылған Трамп.
ИРАН ҚАЛАЛАРЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС
Иран ақпарат құралдарының жазуынша, Иранның бірнеше қаласында жарылыс естілген, арасында Тегеран, Тебриз, Исфахан, Қом, Лорестан, Шабахар бар.
Тегераннан түсірілген фото-видеоларда қою түтіннің аспанға көтерілгені байқалады.
28 ақпанда Иран ақпарат құралдары Тегеран орталығында жарылыс болғанын хабарлап, оның видео, фотоларын таратты.
"Израиль мемлекеті өзіне төнген қауіпті сейілту үшін Иранға превентив соққы жасады" деді Израиль қорғаныс министрі Исраэль Катц 28 ақпанда.
Алдымен жарылыстар Иранның орталығынан байқалып, оның фото, видеолары әлеуметтік желіде тез тарады. Қаланың төбесінен қою түтін көрінеді.
Иранның Ислам сақшылары корпусына жақын саналатын Fars ақпарат агенттігі Данешга (Университет) және Жомхури "(Республика) көшелеріне "бірнеше зымыран түскенін" хабарлады.
Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Ислам сақшылары корпусына жақын Tasnim ақпарат агенттігі Иранның әуе кеңістігі жабылғанын мәлімдеді.
Шабуылдан соң Изральдің түкпір-түкпірінде дабыс үні естіліп, Израиль қорғаныс күштері тұрғындарға қауіпсіз аймақтарға жақын жүруге нұсқау бергенін хабарлады.
Әскерилер қарсы тараптан қарымта шабуыл болуы ықтимал деп, халыққа осылай алдын ала ескерту жасағанын мәлімдеді.
ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕРІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Израиль премьері Биньямин Нетаньяху АҚШ пен Израильдің сенбі күні Иранға жасаған соққысы “батыл Иран халқына өз тағдырын өз қолына алуына жағдай жасайды” деп мәлімдеді.
“Иран қоғамындағы барлық топ үшін... [режимнің] қамытын тастап, еркін әрі бейбітшілікті сүйетін Иранды құратын мезгіл жетті” деп жазылған Нетаньяхудың мәлімдемесінде.
ИРАННЫҢ ҚАРЫМТА ЖАУАБЫ
Иран Израильге қарай ракета жіберді деп хабарлады Израиль әскері (ЦАХАЛ).
“Қауіптің алдын алу мақсатында қорғаныс жүйесі істеп тұр” деп жазылған Израиль әскерінің мәлімдемесінде.
Израильде тиісті аудан тұрғындарына жасырыну қажеттігі жөнінде ескерту берілген.
АҚШ бесінші флотының кемелері шоғырланған Бахрейнде де жарылыс естілгені хабарланды. Иран ракеталары Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне де шабуылдаған. Халықаралық ақпарат құралдары БАӘ астанасы Абу-Дабиде жарылыс естілгенін хабарлады. Әуе кеңістігін уақытша жаптық деп хабарлады БАӘ билігі.
Иран қорғаныс министрлігі Тегеран жауап ретінде Американың аймақтағы барлық әскери базаларына соққы жасайтынын ресми түрде мәлімдедген.
СОҚҚЫНЫҢ САЛДАРЫ
Ирандық Shargh ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тегеранда президент резиденциясы мен оның штаб-пәтеріне соққы тиген.
NYT басылымы Израиль күштік құрылымдарындағы үш дереккөзге сүйене отырып, Иранға жасалған соққының алғашқы толқыны кезінде Иранның көптеген жоғары лауазымды шенеуніктері өлтірілуі керек болған деп жазған еді.
Иран ақпарат құралдарының жазуынша, президент Масуд Пезешкиан соққының салдарынан зардап шекпеген.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қазір ел аумағында емес деп жазды Reuters. Ақпарат агенттігі дереккөзінің хабарлауынша, аятолла қауіпсіз жерге әкетілген.
Дегенмен Израильдің 12-арнасы дереккөздерге сүйене отырып, соққының салдарынан аятолла Әли Хаменей қаза болған болуы мүмкін немесе жарақаттанған болуы ықтимал деп хабарлады. Иранның рухани көсемі әзірге жұрт алдына шыққан жоқ.
Reuters агенттігі Ирандағы дереккөздерге сүйене отырып, соққының салдарынан ислам революциясы сақшылар корпусының бірқатар қолбасшысы мен шенеуніктері опат болғанын жазды. Израильдегілер ирандық бірқатар жоғары лауазымды қолбасшылардың қаза болғанына сенімді, алайда ақпарат нақты расталған жоқ.
Reuters дереккөзінің айтуынша, қаза болғандар арасында Иран қорғаныс министрі Әмір Насирзаде және ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мұхаммед Пакпур бар болуы мүмкін.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Ұлыбритания үкіметі Израиль мен АҚШ-тың операциясына қатыспағанын мәлімдеп, жағдайдың әрі қарай ушыққанын қаламайтынын жеткізді.
“Иранға ядролық қару жасауына ешқашан мүмкіндік бермеу керек және дәл сол себепті шешімге келіссөз арқылы қол жеткізу талпынысын үнемі қолдаймыз” деп жазылған үкімет мәлімдемесінде.
Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас израильдік әріптесі Гидеон Саар және аймақтағы өзге де ресми өкілдермен әңгімелескенін алға тартып, ЕО араб әріптестерімен бірге қақтығысты дипломатия жолымен шешу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Германия үкіметінің хабарлауынша, Израиль Иранға соққы жасайтынын Берлинге алдын ала хабарлаған. Канцлер Фридрих Мерц жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтып, Еуропадағы әріптестерімен байланыста отырғанын мәлімдеді. Келесі аптада ол Вашингтонда Дональд Трамппен кездеседі.
Франция басшысы Эммануэль Макрон БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырды. Макронның сөзінше, Тегеран өзінде “ешқандай жол қалмағанын” түсінуі керек және ядролық қарудан және құрлықаралық баллистикалық ракетадан бас тартып, “келіссөзге отыруы” керек.
Ресей “БҰҰ мүшесі – тәуелсіз әрі егемен мемлекетке қарсы алдын ала жоспарланған және себепсіз қарулы басқыншылықты” айыптады.
Ресей СІМ АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соққысын “ойланбаған қадам” және халықаралық құқық нормасын бұзатын “қауіпті авантюра” деп бағалады. Ведомство өкілдерінің пікірінше, АҚШ пен Израиль “конституциялық құрылымды жоюды және күшке бағынудан бас тартқан өздеріне тиімсіз мемлекеттің басшылығын жоюды” көздеп отыр.
Орталық Азия елдерінің ешқайсысы әзірге, АҚШ пен Израильдің Иранға соққысына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Тек 28 ақпанда Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты Қауіпсіздік кеңесіне шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғаын хабарлады.
AIR ASTANA ТАЯУ ШЫҒЫСҚА РЕЙСТЕРІН ШЕГЕРДІ
Таяу Шығыста жағдайдың ушығуы және Иранның әуе кеңістігін жабуына байланысты қазақстандық Air Astana әуе компаниясы рейстер кестесіне өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
“KC263 Алматы - Медина, KC897 Алматы - Дубай, KC653 Алматы - Доха, KC205 және КС207 Астана - Дубай рейстері ұшып кету әуежайларына қайтып оралады. Алматы-Дубай KC899 Делиге, FlyArystan FS7617 Ақтау-Дубай рейсі қосалқы әуеайлаққа ұшты” деп жазылған Air Astana әуе компаниясының 28 ақпан күндізгі хабарламасында.
28 ақпанда Таяу Шығысқа қалған рейстер тоқтатылды деді әуе компаниясы.
Air Astana жолаушыларды рейстердің кестесін қайта тексеруге кеңес берді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 28 ақпанда күндіз Иранда зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін, онда 96 қазақстандық жүргенін хабарлады.
Қаңтар айында Иранда үкіметке қарсы наразылық жалғасып жатқан кезде Трамп наразыларға қарата "көмек келе жатыр" деп мәлімдеген еді. Иран күштік құрылымдарының наразылықты басып-жаншуы кезінде мыңдаған адам мерт болған деп айтылады. Тегеран тәртіпсіздікті басып-жаншып, АҚШ пен Израильді "отқа май құйды" деп айыптаған.
Соңғы соққы Таяу Шығыста жағдай күрт күрделеніп, Тегеран мен Вашингтон Иранның ядролық бағдарлама мәселесін дипломатиялық жолдармен шешеді дегенге күмәнді қоюлата түседі.