Accessibility links

АҚШ ұшақ тасығыш кемесі Таяу Шығысқа жетті. Иранды нысанаға ала ма?

Тегерандағы Енгелаб алаңына ілінген баннерде Иран зымырандары АҚШ ұшақ тасығышын жойып жатқаны бейнеленген. Баннерде АҚШ үкіметіне қарата "Жел тұрғызамын деп құйында қалма" (If you sow the wind you will reap the whirlwind) деп жазылып тұр. 26 қаңтар 2026 жыл.
Тегерандағы Енгелаб алаңына ілінген баннерде Иран зымырандары АҚШ ұшақ тасығышын жойып жатқаны бейнеленген. Баннерде АҚШ үкіметіне қарата "Жел тұрғызамын деп құйында қалма" (If you sow the wind you will reap the whirlwind) деп жазылып тұр. 26 қаңтар 2026 жыл.

Таяу Шығысқа АҚШ әскерінің шоғырлануы Иранға соққы жасала ма деген сұрақты күшейтті. Вашингтон әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ дегенімен, сарапшылар жағдайдың ушығу ықтималдығы жоғары деп отыр.

АҚШ Таяу Шығысқа жойғыш ұшақтар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері және мыңдаған әскер алып жүретін ұшақ тасығыш кемесін жөнелтті. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам Иранмен шиеленісті күшейтіп, әскери қақтығыс ықтималдығын арттыра түсті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі үкіметке қарсы наразылықтарды күшпен басып, мыңдаған адамды өлтіргеннен кейін, Иранға әскери соққы жасауы мүмкін екенін айтқан. Кейін ол бұл риторикасын жұмсартқанымен, шабуыл жасау мүмкіндігін толық жоққа шығарған жоқ.

Сарапшылардың сөзінше, АҚШ-тың бұл аймаққа әскерін шоғырландыруы және теңіз жаттығуын жоспарлауы Тегеранға қысымды күшейтіп, қажет болған жағдайда Иранға шабуыл жасау үшін Вашингтонға қосымша әскери мүмкіндіктер береді.

"Бұл Иранға арналған белгі болуы мүмкін: біз дайынбыз, барлық мүмкіндіктеріміз орнында", – деді Таяу Шығыс саясаты жөніндегі Вашингтон институтының аға ғылыми қызметкері Фарзин Надими Азаттық радиосының Фарда радиосына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, АҚШ теңіз әскерін Парсы шығанағына "ашық агрессияшыл" сипатта жөнелтуі Иранға соққы жасау ықтималдығы "өте жоғары" дегенді білдіреді.

АҚШ-тың USS Abraham Lincoln ұшақ тасығышы мен оған ілесіп жүзетін үш эсминец кемесі Таяу Шығысқа бет алған. Бұл кемелерде 5 мыңнан астам әскери қызметкер бар. АҚШ орталық қолбасшылығы аймаққа F-15E Strike Eagle жойғыш ұшақтары да жіберілгенін хабарлады.

Сонымен қатар АҚШ әуе күштері 25 қаңтарда Таяу Шығыс аумағында бірнеше күнге созылатын әскери жаттығулар басталатынын мәлімдеді. Жаттығулардың мақсаты — "аймақта жауынгерлік авиацияны орналастыру, тарату және үздіксіз ұстап тұру қабілетін көрсету".

Бұл былтырғы оқиғаларды еске салады: ол кезде де АҚШ аймаққа теңіз әскерін бағыттап, Израильмен бірге Иранның ядролық нысандарына әуе соққыларын жасаған еді.

Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) дайындық деңгейін көтеріп; Иракт, Ливан және Йемендегі Иранға жақтас қарулы топтарды Тегеранды қолдауға шақырды.

ҚАУІПКЕ ТОЛЫ СЦЕНАРИЙ

АҚШ баспасөз құралдарының жазуынша, Трамп әкімшілігі Иранға қарсы түрлі әскери шараларды қарастырып жатыр. Оның ішінде бірнеше апта немесе айға созылуы мүмкін әуе шабуылынан бастап, Иранның қауіпсіздік құрылымдарына бағытталған шектеулі, бірақ символикалық мәні бар соққыларға дейінгі амалдар бар. Сонымен қатар қосымша экономикалық санкциялар енгізу мүмкіндігі де талқыланып жатыр.

Сарапшылар Иранға қарсы кез келген әскери әрекет қауіп-қатерге толы екенін, бұл – бүкіл өңірді соғысқа тартып кетуі мүмкін деп ескертеді. Тегеран Парсы шығанағындағы АҚШ базаларына және Вашингтонның басты одақтасы Израильге соққы жасауға дайын екенін мәлімдеп отыр.

"АҚШ одақтастарына қарымта шабуылдың, Парсы шығанағындағы кеме қатынасына соққының құнын болжау қиын. Аймақ елдері мұның салдарын өз мойнына алғысы келмейді", – деді ирандық дипломат Мехрдад Хансари Фарда радиосына.

Оның айтуынша, аймақ елдері Вашингтонды барынша сабыр сақтауға шақырып отыр, олар АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс бүкіл аймақтық соғысқа ұласуы мүмкін деп алаңдайды.

Хансаридің сөзінше, Вашингтонның көздегені Ирандағы режимді құлату болса, құрлықтағы операциямен қатар жүрмеген әуе соққылары бұл мақсатта жеткізбейді.

Ал Таяу Шығыстағы ең ірі әрі халқы ең көп елдердің бірі – Иранға құрлықтан басып кіруді көптеген әскери сарапшылар сәтті іске асуы екіталай қадам деп санайды.

"Бұл Иран режиміне төнген Дамокл қылышы сияқты, бірақ құр әуе соққыларының өзі режимді құлата алмайды, қауіпсіздік күштерін жоя алмайды" деді ол мұндай соққы кезінде биліктегілер жасырынып қалып, артынан қайты шығатынын меңзеп.

СОҚҚЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҮМКІН?

Надимидің айтуынша, алдағы күндері жоспарланған америкалық әскери жаттығулар нақты операцияларды бүркемелеу үшін пайдаланылуы мүмкін.

АҚШ радиоэлектронды күрес пен кибершабуылдарды қолданып, Иранның радиолокациялық және байланыс жүйелерін істен шығаруы ықтимал. Одан кейін радиотыныштық режимінде "стелс" бомбалаушы ұшақтар мен жойғыштар әуе қорғанысын бұзып өтіп, басқару орталықтары мен зымыран нысандарына соққы беруі мүмкін.

Алайда сарапшылардың айтуынша, Иран мұндай қақтығыста қорғансыз қалмайды.

Иран Парсы шығанағында тұрған АҚШ әскери кемелеріне қауіп төндіре алатын қанатты зымырандарға, сондай-ақ өңірдегі америкалық базаларды көздей алатын баллистикалық зымырандарға ие. Тегеран мұндай қадамға баруы мүмкін екенін астарлап көрсетіп те қойды: демалыс күндері Тегеранның орталық алаңдарының бірінде АҚШ ұшақ тасығышына соққы жасалғаны бейнеленген баннер ілінді.

Надимидің айтуынша, АҚШ тіпті шектеулі, символикалық мәнге ие соққыға жүгінген күннің өзінде Иран оған жауап қайтаруы ықтимал.

Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосының хабарына сүйеніп әзірленді.

XS
SM
MD
LG