Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға баса-көктеп кіріп, үлкен соғыс бастағалы Иран Мәскеу үшін негізгі қару-жақ көздерінің біріне айналды. Бірақ Азаттық сөйлескен сарапшылардың айтуынша, қазір Тегеран Кремльдің соғысында бұрынғыдай маңызды рөл атқаруды қойған.
Bloomberg агенттігінің 12 қаңтардағы хабарына қарағанда, Иран 2021 жылғы қазаннан бері Ресейге жалпы сомасы 2,7 млрд долларға жететін әуе қорғаныс жүйелері мен баллистикалық зымыран сатқан. Агенттік бұл деректі Батыс елдеріндегі шенеуніктердің бірінен алған. Қауіпсіздік саласында қызмет ететін лауазымды тұлғаның аты-жөні аталмады.
Мәскеу сауда ауқымын жарияламайды, ал Иран Ресейге қандай да бір қару-жарақ беретінін мойындаған емес.
"Тараптар арасындағы қақтығыс жалғасып жатқанда Иран ешбіріне әскери көмек көрсетпейді", – деп мәлімдеді Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі мамыр айындағы мәлімдемесінде.
Алайда мұны жоққа шығаратын дерек көп. Ең жарқын мысал – "Шахед" дрондары. Соғыстың бастапқы кезеңінде Ресей ирандық осы дрондарды молынан қолданды. Бірақ Тегеранның Мәскеуге әскери қолдауы әлсіреп жатқаны байқалады.
ДРОНДАР
"Иран дрондары әлі де жеткізіліп жатыр. Әйтеуір былтыр жаңа үлгідегі дрондардың кейбірі көзге түскен. Десе де, Иран қорғаныс жүйелерінің Ресейге берілуінің шарықтау шегі артта қалды", – деді 14 қаңтар күні Азаттыққа Қарусыздандыруды зерттейтін Джеймс Мартин орталығындағы Еуразия бағдарламасының жетекшісі Ханна Нотте.
New Eurasian Strategies Center сарапшысы Руслан Сүлейманов бұл пікірді құптайды.
"Ресей қазір Иран қаруына төрт жыл бұрынғыдай тәуелді емес. Сол "Шахед" дрондары қазір Ресей аумағында "Герань" атауымен өндіріліп жатыр... Бұл дрондардың өндірістік циклінің шамамен 90 пайызы қазір Иранның көмегінсіз, Ресейдің өз ішінде жүзеге асады" – деді ол 13 қаңтарда "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында.
Иран Ресейге технология мен мамандарды даярлау жағынан көмектесіп, Татарстандағы Алабұға қаласында орналасқан зауытта "Герань" дрондары жаппай шығарылып жатыр.
Украинаның дерегінше, Ресей ай сайын 5 мыңға жуық әртүрлі типтегі алыс қашықтыққа ұшатын дрон өндіреді. Олардың қатарында соққы жасауға арналған "Герань" дроны және жарылғыш заты жоқ, Украина әуе қорғанысын алдау үшін қолданылатын "Гербера" дроны бар.
ЗЫМЫРАНДАР
Сәуір айында АҚШ Орталық қолбасшылығының сол кездегі жетекшісі генерал Кристофер Каволи АҚШ Сенатының Қарулы күштер жөніндегі комитетінде сөйлеген сөзінде: "Иран Ресейге материалдық қолдау көрсетуді жалғастырып, 400-ден астам қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран мен жүздеген мың артиллериялық снаряд берді", – деген болатын.
Мамыр айында Reuters агенттігі Иран Ресейге Fath-360 зымыран кешендерін беріп отырғанын хабарлады, алайда Тегеран мұны мойындамады. Мұның алдында, яғни 2024 жылғы қыркүйекте Пентагон өкілі Пэт Райдер Fath-360 зымырандарының жеткізілгенін мәлімдеген еді.
Лондонда орналасқан RUSI зерттеу орталығының былтыр ақпанда жарияланған есебінде Ресей Қорғаныс министрлігі 2025 жылы шамамен 750 баллистикалық және 560 қанатты зымыран өндіруді жоспарлағаны айтылған. Содан бері Украина әскери барлауы өндіріс көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін деп болжаған. Одан кейін Украина әскери барлауы да өз болжамын жасады: Киев одан да жоғары сандарды айтқан.
"Ресейге бұл ирандық зымырандарды қолданудың қажеті болмаған да шығар", – дейді Нотте.
Оқ-дәрі
Иран 2022 жылдан бері Ресейге айтарлықтай көлемде оқ-дәрі мен снаряд жеткізгені айтылады. The Wall Street Journal газетінің 2023 жылғы зерттеуінде бұл көлем 300 мың артиллериялық снаряд пен шамамен 1 миллион дана оқ-дәріге тең деп көрсетілген.
2025 жылы Украина дрондарының соққылары әскери жүк тасымалының жалғасып жатқанын аңғартты. Сәуір айында ресейлік БАҚ Каспий теңізіндегі Оля портына жасалған алғашқы шабуылдар туралы хабарлады, ал тамызда жаңа соққылар тіркелгені айтылды.
Оля порты Ираннан жеткізілетін әскери жүктің негізгі логистикалық торабы ретінде саналады.
Киев экономика мектебінің өткен жылғы есебінде Иран мен Солтүстік Кореядан теңіз және теміржол арқылы тасымалданған жарылғыш заттардың көлемі егжей-тегжейлі көрсетілген. Есепке қарағанда, қазіргі таңда Ресей импорттайтын жарылғыш заттардың 58 пайызы Солтүстік Кореяға тиесілі.
Ноттенің айтуынша, көлемі жағынан солтүстіккореялық снарядтар мен оқ-дәрілер Иранның бергенінен асып түскен.
"Украиналықтардың өткен жылғы болжамына қарағандаф, Ресейдің Украинада қолданған барлық оқ-дәрісінің шамамен 50 пайызы КХДР-дан (Солтүстік Корея) келген. Сондықтан КХДР Ресей әскерін қамтамасыз етуде алға шыққан. Сөйтіп Ираннан оқ-дәрі алудың қажеті болмаған сияқты", – дейді Нотте.