Accessibility links

АҚШ-Иран шиелені күшейген тұста Тегеран қатаң риторикаға қайта көшті


Ирандағы наразылық кезінде өртенген ғимарат. Елде интернет бұғатталған соң, ондағы жағдай туралы ақпарат алу қиындап тұр.
Ирандағы наразылық кезінде өртенген ғимарат. Елде интернет бұғатталған соң, ондағы жағдай туралы ақпарат алу қиындап тұр.

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушығып тұрғанда Тегеран үкіметке қарсы шыққан наразыларға "қатаң жаза" қолданатынын айтты. Оның ішінде өлім жазасы қамтылуы ықтимал.

Иран басшылары арасында ұстамдырақ тұлға саналған президент Масуд Пезешкиан 18 қаңтар күні мәлімдеме жасап, елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге жасалған кез келген шабуыл "жалпыұлттық соғысқа" әкелетінін мәлімдеді.

"Еліміздің ұлы көшбасшысына жасалған шабуыл Иранға қарсы ауқымды соғыс ашқанға тең" – деді Пезешкиан әлеуметтік желідегі жазбасында.

Ал Хаменеи болса, 17 қаңтардағы сөзінде елдегі наразылықты басуда Пезешкианның атқарған рөлін мақтап, наразылық кезінде "мыңдаған адам" қаза тапқанын айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп үкіметке қарсы наразылықты қатыгездікпен жаншыған Иран режимін ашық айыптап отыр. Ол тағы бір мәлімдеме жасады.

"ИРАНҒА ЖАҢА БИЛІК КЕРЕК"

Трамп 17 қаңтар күні Politico басылымына айтқан сөзінде Хаменеи "елдің толық күйреуіне және бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылық жасалғанына" кінәлі екенін айтып, Иранға "жаңа басшылық" іздейтін уақыт келді деді.

Ирандағы кейінгі жалпыұлттық наразылық 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған. Экономиканың әлсірегеніне наразы жұрт көшеге шығып, арты үлкен қарсылыққа ұласты.

Бастапқыда Трамп Иран күштері наразыларды өлтіретін болса, АҚШ әрекет етуге толық дайын деген. Кейін ол наразылар өлім жазасына кесілді деген хабар тараған тұста Иран билігі шерушілерді дарға асатын болса, АҚШ "қатаң әрекетке" баратынын мәлімдеді.

Ақ үй басшысы көп ұзамай Тегеран 800 өлім жазасының күшін жойғанын айтып, Иранға қарсы күш қолданудан тартына тұратынын мәлімдеді. Бірақ Тегеран өлім жазасына кесілген адамдардың санын да, жаза біржола күшін жойғанын да растамады.

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымы қауіпсіздік күштерінің әрекетінен кемінде 3 428 шеруші қаза тапқанын растай алды. Ал АҚШ-тағы HRANA ұйымы 3 308 адам опат болып, 24 мыңнан астам адам қамалғанын хабарлады. Тағы 4 382 іс тексеру үстінде деді олар.

Кейбір белсенді топтар мерт болғандар саны одан жоғары екенін айтты, бірақ Интернет бұғатталғалы мұндай мәлімдемелердің рас-өтірігін тексеру қиын.

"ЕҢ ҚАТАҢ ЖАЗА"

Ал осы арада Иран сот жүйесінің баспасөз хатшысы Асгар Жаһангир өлім жазалары әлі де орындалуы мүмкін екенін меңзеді.

"Бірқатар әрекет мухариб деп танылды, ал бұл – исламдағы ең ауыр жазалардың бірі" деді ол 18 қаңтардағы баспасөз мәслихатында.

Иран заңы бойынша, мухариб жасау немесе құдайға қарсы соғыс ашу өлім жазасына әкелетін қылмыс.

Фарда радиосы Reuters ақпаратына сүйеніп жазды.

XS
SM
MD
LG