Accessibility links

Наразылар басып-жаншылған тұста Трамп Иранға "жаңа билік" қажеттігін айтты


Дональд Трамп
Дональд Трамп

Иранда он мыңдаған адам көшеге шығып, 1979 жылғы революциядан бергі ең ірі наразылық өтіп жатқан шақта АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға "жаңа билік" қажеттігін айтты.

"Иранға жаңа басшыларды іздейтін уақыт келді" деді Трамп 17 қаңтарда Politico басылымына берген түсініктемесінде.

Трамп сонымен бірге кейінгі 37 жылда Ирандағы билікті уысында ұстаған Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиді де ашық сынады. Бұған дейін Хаменеи де әлеуметтік желіде АҚШ президентіне шүйліккен еді.

"Ел басшысы ретінде оның [Хаменеидің] кінәсі неде - ол елді күйретіп, бұрын-соңды болмаған дәрежеде күш қолданды" деді Трамп.

АҚШ басшысы "ел іргесі бүтін болуы үшін – тіпті төмен дәрежеде болса да – басшылық елді дұрыс басқаруы керек" деп санайды. "Билікті сақтап қалуы үшін мыңдаған адамды өлтірмеуі керек еді" деді.

"Билік бұл құрмет, қорқыту мен өлтіру емес" деді Трамп.

Экономикалық күйзелістен туындаған наразылық

Ирандағы бұл жолғы жаппай наразылық былтыр 28 желтоқсанда басталған. Бағаның күрт өсуі түрткі болған шерулер кейіннен 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі өткен уақытта елді басқарып отырған дінбасылар билігіне қарсы кең ауқымды жаппай наразылықтарға ұласты.

Норвегияда орналасқан Iranian Human Rights Organization ұйымы наразылықтан кемі 3428 адам қаза тауып, 18 мыңнан аса адам жараланды дейді. АҚШ-тағы HRANA ұйымы 3090 адам қаза болғанын айтқан, 2800-ден астамы – наразылар. 22 мыңнан астам адам қамалған.

Иранда интернет пен байланыс шектелген. Сондықтан Ирандағы жағдайдан толық ақпарат алу, қаза тапқандардың нақты санын анықтау қиын. Көтерілісте мерт болғандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Интернет шектеу 17 қаңтарда қысқа уақытқа алынған, бірақ NetBlocks бақылау тобының айтуынша, блэкаут сол күні қайта орнаған.

Трамп бастаған батыс жетекшілері Иран билігін наразылықты күшпен басып-жаншығаны үшін сынады. ЕО, БҰҰ және құқық қорғау топтары Иран үкіметін айыптады.

Бастыпқыда Трамп Иран билігі наразыларды өлтіретін болса, АҚШ "әрекет етуге дайын" деп мәлімдеген. Ізінше АҚШ президенті Иран наразыларды дарға асса, "қатаң шара қолданатынын" айтып, сес көрсеткен.

17 қаңтарда Хаменеи АҚШ-ты Ирандағы наразылықты ушықтырды деп айыптап, ондағы адам өліміне де Трампты кінәлады.

"Адам өлімі мен келтірген шығынға, сыбыстарға АҚШ президентін кінәлі деп санаймыз" деді ол діни шара кезінде сөйлеген сөзінде.

Наразыларды дарға асуды шегеру

16 қаңтарда Трамп Truth Social желісінде Иран басшылығына алғыс айтты.

"Иран билігінің кеше орындалуы тиіс болған (шамамен 800 адамды) дарға асуды шегергенін құрметтеймін. Рахмет!" деді ол.

"Кеше шамамен 800 адамды дарға аспақ болған. Оны шегерді. Мұның үлкен әсері бар" деді Трамп.

Иран 800 наразыны дарға асатынын ашық айтпаған және дарға асу шегерілгені де ресми түрде хабарланбаған.

АҚШ қолдайтын шах 1979 жылы биліктен шеттетілгелі бері Иран Ислам республикасындағы билік аятолла бастаған қатаң саясатты қолдайтындардың қолында.

Сарапшылар билік көсемдері мен Ирандағы жас буын арасында қайшылық тереңдеп бара жатқанын айтады. Шамамен 89 млн халқы бар Таяу Шығыс елінде жас буынның басым бөлігі көптен бері әлеуметтік және саяси еркіндікті талап етіп келеді.

Екі аптадан астам бергі көшедегі түнгі наразылықтар 17 қаңтарда тыншығындай болған, бірақ мұндай хабарламалардың рас-өтірігін тексеру қиын. Себебі Иран билігі куәгерлердің айтуынша, елде тұтас цифрлық түнек орнатқан.

Иран шахының мұрагері Реза Пехлеви 16 қаңтарда Иран режимі жаппай наразылардың алдында құлайды деп сеніммен айтты.

"Ислам республикасы құлайды – егер болмаса, қашан" деді ол Вашингтондағы баспасөз жиынында."Мен Иранға ораламын" деді.

Шетелде тұратын бұрынғы шахзада Ирандағы наразылық кезінде оппозиция тұлғаларының біріне айналған, десе де Иран оппозициясы әлі де болса шашыраңқы.

Ирандағы наразыларды АҚШ пен Еуропа қалалары, сонымен бірге әлемнің өзге де бөліктеріндегі шараларда қолдап жатыр.

Ирандық кинорежиссер Жафар Панахи Берлинде Еуропа кино сыйлығын марапаттау рәсімі кезінде халықаралық қауымдастықты Иран үкіметінің репрессиясына үнсіз қалмауға шақырды.

Ирандық режиссер Жафар Панахи және оның қызы Берлиндегі марапаттау рәсімі кезінде. 17 қаңтар, 2026 жыл.
Ирандық режиссер Жафар Панахи және оның қызы Берлиндегі марапаттау рәсімі кезінде. 17 қаңтар, 2026 жыл.

"Егер әлем осындай дөрекі күш қолдануға жауап бермесе, Иран ғана емес, тұтас әлемге қатер төнеді" деді ол ашылу рәсімі кезінде.

"Күш көрсету жауапсыз қалса, қалыпты нәрсеге айналады. Ал қалыпты нәрсеге айналса, жайылады" деді ол.

Бұрын Иранда сотталған Панахи еркіндік үшін күрес жолында еліне оралуға уәде берді.

XS
SM
MD
LG