Ирандағы ықпалды діни қайраткер Әлиреза Арафи басқарушы кеңестің мүшесі атанып, оған елдің рухани көсемі міндетін уақытша атқару тапсырылды. Бұл туралы Ирандағы ISNA мемлекеттік ақпарат құралы хабарлады. Шиит бағытын ұстанатын Арафи аятолла Әли Хаменеидің ықтимал ізбасары саналған.
Ирандағы діни оқу орындары жүйесін басқаратын 67 жастағы Әлиреза Арафидің әкесі Мұхаммад Ибраһим Рухолла Хомейнимен (1902–1989) жақын дос болғаны белгілі. Ал Арафидің өзі өткен күндері қаза тапқан Әли Хаменеидің сенімді серігі саналған. Арафи – Конституция сақшылары кеңесінің, сондай-ақ елдің Жоғарғы көшбасшысын сайлайтын Сарапшылар кеңесінің мүшесі.
Жексенбіге қараған түні Иранның мемлекеттік медиасында аятолла Хаменеиге арналған ресми қазанамалар жарияланып, елде үш күндік аза тұту жарияланды.
Иран президенті Масуд Пезешкиан аятолланың өлтірілгені жайлы мәлімдеме жасап: "Иран ислам республикасының жоғары саяси көшбасшысы әрі бүкіл әлемдегі шиизмнің көрнекті жетекшісінің өлтірілуі әлем мұсылмандарына, әсіресе шииттерге ашық соғыс жариялау ретінде қабылданады" деді. Ол сондай-ақ Әли Хаменеиді өлтіруді ұйымдастырушылар мен орындаушылардан кек алу Иранның "заңды міндеті әрі құқығы" екенін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин Иран халқына және президентіне аятолла Әли Хаменеидің өлтірілуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлады Кремль. Ол бұл қастандық "адамгершілік нормалары мен халықаралық құқықтың барлық талаптарын өрескел бұза отырып жасалғанын" айтты. Путиннің сөзінше, Ресейде Хаменеи "екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға зор үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері" ретінде есте қалады.
Көзқарасы Путиннің сөздерімен үндес болғаны үшін "Кремль философы" атанып кеткен Александр Дугин Telegram-дағы жазбасында Путиннің Сирия мен Венесуэладағы одақтастарын биліктен тайдырған АҚШ енді нысанаға Путиннің өзін алуы мүмкін деді. Дугин осыған сілтеп, Ресейде "нағыз патриоттық реформа" бастау керек деп мәлімдеді.
Путиннің одақтастарынан айырылып жатқанын Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига да атап өтті.
"Путин олардың ешқайсысына да көмектесе алмады. Бұл динамика үш нәрсені дәлелдейді. Біріншіден, Ресей тіпті өзіне едәуір сүйенетіндер үшін де сенімді одақтас емес. Екіншіден, Ресей ешқашан жеңе алмайтын және тоқтатудан бас тартып отырған Украинаға қарсы мағынасыз соғысқа батып қалған кезде, оның әлемдегі ықпалы күрт төмендеп жатыр. Үшіншіден, құлаған диктаторлардың доминосы жалғасуға тиіс, ал Путиннің бір күні құлайтыны да сөзсіз", – деп жазды Сибига X әлеуметтік желісінде.