Accessibility links

Әли Хаменеи кім және несімен есте қалды?

Әли Хаменеидің баннері жанынан өтіп бара жатқан әйелдер. Тегеран, 22 ақпан, 2026 жыл.
Әли Хаменеидің баннері жанынан өтіп бара жатқан әйелдер. Тегеран, 22 ақпан, 2026 жыл.

Иранды 40 жылға жуық басқарған аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегеранға соққысы кезінде 86 жасында қаза болды.

Жақтастары "парасатты басшы" деп мақтаған, сыншылар тарапынан "диктатор" деп сыналған Хаменеи ислам революциясының ірі өкілі ретінде есте қалмақ. Тақуа әрі өз ісіне берілген деген атағының арқасында жоғары көсем ретінде билікке келген.

Хаменеидің өз халқына күш қолдануы, оппозиция өкілдерін түрмеге тоғытуы, сыртқы күштерге, әсіресе, АҚШ пен Израильге қарсы тұруы – оны қатаң әрі ымырасыз авторитар басшы ретінде беделін қалыптастырып, елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулай түсті.

"Хаменеидің билігі Иран халқы үшін өте ауыр болғанын тарих көрсетеді, ол өз елінің оқшауланып, әлсірегені соншалықты көпшілік елден кетуді жалғыз үміт ретінде көре бастағанына куә болды" деді Вашингтондағы Таяу Шығыс институты Иран бағдарламасының директоры Алекс Ватанка.

Хаменеи билігінің соңғы жылдарында елде үкіметке қарсы наразылық пен оны басып-жаншу жиілеп, соның салдарынан мыңдаған наразы қаза болды.

2017 жылғы қымбатшылыққа қарсы наразылық, 2019 жылғы жанармайдың қымбаттауына қарсылық, 2021 жылғы су тапшылығы, 2022 жылы "хиджабты кию ережесін бұзды" деп айыпталған Махса Әминидің қазасы елде үкіметке қарсы көңіл-күй артқанын көрсетті.

Алайда ең қанды наразылық 2025 жылдың желтоқсан айының соңы мен 2026 жылдың қаңтар басында болды. Наразылық күштеп басылды, құқық қорғаушылар 7 мыңнан астам адамның қазасын растады, алайда құрбандар саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Кей мәліметке қарағанда төрт есе көп болуы ықтимал.

Хаменей халық арасында наразылық артқандығына өзін кінәламады және оның орнына үкіметке қарсы наразылықтың себебін шетелден көрді. Ол сыртқы күштер ислам мемлекетін әлсіретуге тырысып жатыр деп талай рет мәлімдеген.

Хаменеи өмір бойы "екі алаңда ойнай алатын" ерекше қасиеті барын көрсетті.

Жастайынан білетіндер оны поэзия мен әдебиетті сүйетін, темекі тартатын, жастармен араласқанды ұнататын бойы биік, арықша келген дін қызметкері ретінде еске алады. Бұл әлем кейін біліп-таныған жалынды, сақалды, Америкаға жан-тәнімен қарсы образға қайшы.

Кезінде ашық болып көрінген көсемнің билігі кезінде қудалау өрістеп, Тегерандағы билік шеңбері тарылды, ислам мемлекеті барған сайын оқшаулана түсті.

Ондаған жылдар бойы Ирандағы барлық сала – "әйелдер қоғамдық орында велосипед айдай ала ма" дегеннен бастап, "АҚШ-пен қарым-қатынастың бағыты қандай болу керек" дегенге дейінгі мәселелерде оның сөзі іс жүзінде шешуші рөл атқарды.

Хаменеи сот жүйесі, мемлекеттік хабар тарату мен әскер сияқты басты институттарға өз билігін еркін пайдаланды. Қажет болған жағдайда ислам революциясы сақшылар корпусы мен иран барлау қызметі сияқты әскери күштік құрылымдарға сүйенді.

"Ислам революциясы сақшылар корпусына өкілет беру арқылы ол саясатты милитаризациялады, діни мекемелерді өз қолына алу арқылы заңсыз етті" деді Халықаралық дағдарыс тобындағы Иран жобасының директоры Әли Ваез.

Хаменей 1939 жылы Мешхедте дін қызметкерінің отбасында екінші ұл болып дүниеге келген. Бала кезінен діни білім алып, жасөспірім кезінде революционер Саид Наваб Сафавидің істерімен шабыттанған, ислам республикасының болашақ негізін қалаушы Рухолла Хомейни шыққан Қом қаласында оқыған.

Хаменеи сөзі аз, тақуа діни оқымысты беделіне ие болып, 1962 жылы шах пен Тегеранның америкашыл саясатына қарсы болған Хомейнидің революциялық қозғалысына қосылады. Оның революциялық қайраткерлігіне билік назар аударғаннан кейін түрмеге де қамалады.

1964 жылы 25 жастағы Хоменей өз әкесінің "ізгі ісін" жалғастыру үшін Қомнан кетеді.

Мешхедте Хаменеи Құран және ислам идеологиясынан дәріс оқиды, сол қызметіне бола түрмеге жабылып, азапталады, ел ішінде жер аударылады. 1979 жылы революция басталған шақта оның бұрынғы ұстазы Хомейни оны ислам революциялық кеңесінің мүшесі қылып тағайындайды.

Ізінше ол теократтық режимде бірнеше лауазымды қызметте болды, екі президенттік мерзімді атқарды, 1981 жылы қастандыққа ұшырап, соның салдарынан оң қолы сал болып қалды.

1989 жылы Хомейни өзінен кейін мұрагер қалдырмай қайтыс болғаннан соң Хаменеиді сарапшылар кеңесі Иранның екінші жоғары көсемі ретінде сайлады. Бұл көп үшін күтпеген шешім болды.

"Нақты бір саяси фракцияға енбеген өзінің алдындағы басшыға қарағанда аятолла Хаменеи де-факто консерваторлық лагердің жетекшісі саналды. Сондықтан ол қақтығыстардан өзін аулақ ұстау қасиетінен айырылды, фракцияаралық күрестерді ұтымды басқара білді" деді Ваез.

Ол өзінің билігі тұсында АҚШ-қа ашық қарсы шығып, Вашингтонның діттегені "ислам мемлекетін құлату, Тегеранды өзіне бағындырғысы келеді" деумен болды.

Оның басшылығы кезінде Иран аймақта "қарсы тұру осі" – Тегеран қолдайтын қарулы топтар мен Иранның Батысқа қарсы тұру стратегиясында маңызды рөл ойнайтын одақ елдерінің мемлекеттік қайраткерлері арқылы өз ықпалын күшейтті.

Алайда бұл желі 2024 жылы Сирияда Башар Асад үкіметі құлап, Израиль Ливандағы "Хезболланы" жою операциясын жүргізгеннен кейін, Йемендегі хуситтер мен Газа секторындағы ХАМАС әлсірегеннен кейін құрдымға кеткен.

XS
SM
MD
LG