Accessibility links

Израиль Ливандағы "Хезболла" нысандарына соққы жасады. Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін айтты

Бейрут
Бейрут

Израиль қорғаныс әскері "Хезболланың" (АҚШ пен Израиль террор ұйымы деп таныған, бірақ Ливанда заңды саяси күш саналатын қарулы ұйым) шабуылына жауап ретінде Ливанға соққы жасағанын мәлімдеді.

Израильдің солтүстік әскери округінің қолбасшысы генерал-майоры Рафи Милоның айтуынша, соққының Ливанның оңтүстігі мен Бейрутке бағытталған алғашқы толқыны "жоғары шенді бандыларды, штабтарды және террор инфрақұрылымын" нысанаға алды. Бейрутке жасалған алғашқы соққыдан кейін Израиль Ливанның шығысы мен оңтүстігіндегі 50-ге тарта елдімекеннің бейбіт тұрғындарына үндеу жолдап, жаңа шабуыл алдында эвакуациялануға шақырған.

Осыдан соң шабуылдың екінші соққысы жасалған. Израиль қорғаныс әскері Ливанның бірнеше ауданында "Хезболла" инфрақұрылымы мен қару-жарақ қоймасына соққы бергенін мәлімдеді.

Associated Press агенттігі Ливан денсаулық сақтау министрлігіне сілтей отырып, Израиль шабуылы салдарынан кемі 31 адам қаза тапқанын, 149 адам жарақат алғанын хабарлады.

Сондай-ақ Израиль қорғаныс әскері түнде Тегеранға ауқымды соққы жасағанын мәлімдеді. Иран да 2 наурыздың таңында Израильге шабуылдауды жалғастырған. AFP агенттігінің хабарлауынша, Дохада (Катар), Дубайда (БАЭ) және Бахрейнде жарылыс естілген. Дохадағы жарылыс туралы Reuters агенттігі де жазды.

Ал осы арада Иран ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесінің басшысы Әли Лариджани Иран "АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбейді" деді. Соның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп The Atlantic басылымына берген сұхбатында Иранның жаңа билігі келіссөзді қалайтынын, өзі болса ондай диалогқа дайын екенін айтқан.

"Олар сөйлескісі келеді, мен келістім, сол себепті олармен сөйлесемін. Олар мұны ертерек істеуі керек еді. Олар іске асыруға жеңіл болатын өте қисынды нәрсені ертерек ұсынуы қажет еді" деді Трамп.

Америкалық шенеунікке сілтеген израильдік Ynet басылымының жазуынша, Тегеран АҚШ-тың атысты тоқтату жөніндегі ұсынысын қабыл алмаған. Шенеуніктің басылымға айтуына қарағанда, Вашингтон шамасы Италия арқылы Тегеранға шығып, оларға операциядан кейінгі күні атысты тоқтатуды ұсынған. Бірақ Иран оған келіспеген.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпан күні басталды. Иран жауап ретінде Израильді және Парсы шығанағындағы бірқатар өзге елді атқылады. Тегеран Израиль нысандары мен АҚШ әскери базаларын көздегенін айтады.

АҚШ пен Израиль операциясында Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи мен елдің бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктері мерт болған. Олардың арасында Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммед Пакпур де бар.

XS
SM
MD
LG