Accessibility links

АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы Ресейдің Украинадағы соғысына қалай әсер етпек? Ханна Ноттемен сұхбат

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) 2017 жылы Иранға барған кезде аятолла Әли Хаменеимен кездескенде түсірілген фото. Жоғарыда қабырғада Ислам республикасының негізін қалап, 1989 жылы қайтыс болғанға дейін Иранды басқарған аятолла Рухолла Хомейнидің суреті ілініп тұр.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) 2017 жылы Иранға барған кезде аятолла Әли Хаменеимен кездескенде түсірілген фото. Жоғарыда қабырғада Ислам республикасының негізін қалап, 1989 жылы қайтыс болғанға дейін Иранды басқарған аятолла Рухолла Хомейнидің суреті ілініп тұр.

АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы және аятолла Әли Хаменеидің өлімі Украина майданындағы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді, бірақ Ресей президенті Владимир Путиннің "жеңіске жетемін" деген ниетін қатайта түсуі мүмкін, деп есептейді Ресей-Иран қарым-қатынасы жөніндегі сарапшы Ханна Нотте.

Джеймс Мартин атындағы ядролық қаруды таратпау мәселелерін зерттеу орталығының Еуразия жөніндегі директоры Ханна Нотте Азат Еуропа/Азаттық радиосына сұхбат берді.

Азаттық: [Сирияның бұрынғы президенті Башар] Асад пен [Венесуэланың бұрынғы президенті Николас] Мадуро қызметінен тайдырылғаннан кейін осындай болып отыр... Сонымен, бұл Сирия мен Венесуэладағы жағдайлардан кейін Ресейдің немесе [Ресей президенті Владимир] Путиннің әлемдік абырой-беделіне қаншалықты ауыр соққы болып тиеді?

Ханна Нотте
Ханна Нотте

Ханна Нотте: Бұл мәселеге екі қырынан қарауға болады... Бір жағынан, бұл Ресейдің беделіне нұқсан келтіретінін жоққа шығару қиын, өйткені біз Ресейдің бірнеше серіктесі мен одақтасына – Асадқа, Мадуроға, Хаменеиге – қарсы жасалған бірқатар іс-әрекеттің куәсі болдық, бұл Ресейді айтарлықтай сылбыр етіп көрсетеді. Ресейдің серіктестеріне қысым артқаны айқын байқалады. Ресейде биыл келесі кезекте Куба болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Ондай жағдайда ол Ресейдің қысымға ұшыраған төртінші одақтасы болмақ. Сондықтан, бұл бір мәселе.

Бірақ Ресейге елеулі түрде әсер ететін нақты салдары бар ма деген сұраққа келер болсақ, мұның Ресейдің жаһандық жағдайы үшін шынымен маңызды екендігіне күмәнім бар. Бірнеше себебін айтайын. Біріншіден, бұл оқиғалар Ресейдің Украинаға қарсы соғысына тікелей әсер етеді деп ойламаймын. Оған қоса, менің пікірімше, Украинадағы соғыстың қалай аяқталатыны және Ресейдің сол соғыста қалай әрекет ететіні Венесуэлада немесе Иранда емес, Украинада не болатынына байланысты екені түсінікті.

Шынында да, егер америкалықтар Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған соғысқа малтығатын болса, бұл Украинада Ресейге жасалатын қысымды әлсіретуі мүмкін. Алдымен соны ескеру керек дер едім. Сондай-ақ, менің ойымша, Ресейдің өз серіктестерін қорғай алмауы Батыстан өзге елдердегі Ресейге деген көзқарасқа әсер етіп, Ресейдің беделіне нұқсан келіп жатыр деп кесіп айтудан сақ болған жөн... Өйткені Жаһандық оңтүстікте Ресей жалғыз Украинамен ғана емес, бүкіл НАТО-мен соғысып жатыр деген түсінік бар... Яғни, Жаһандық оңтүстік елдерінде: "Әрине, Ресей Мадуроны немесе Иранды құтқара алмайды, өйткені ол Украинада бүкіл ұжымдық Батысқа қарсы соғысып жатыр ғой" деген сөзді естисіз деп ойлаймын. Сондықтан бұл соғыстың салдарынан Ресейдің беделіне қатты нұқсан келетініне сенімді емеспін.

Ал енді Таяу Шығыстағы Ресейдің мүдделеріне қалай әсер ететіндігіне келсек, ол көбіне осы соғыстың әрі қарай қалай өрбитіндігіне және Ирандағы ішкі оқиғаларға байланысты болмақ... Менің ойымша, Ресей-Иран серіктестігінің болашағы Иранның бұл соғыстан қаншалықты қатты әлсіреп шығатындығына және билікке кім келетіндігіне байланысты болмақ.

Егер клерикал басқару жүйесі орнында қалса немесе Ислам революциясы сақшылар корпусы билікке келсе, онда Ресей-Иран әріптестігі бұрынғысынша қала беретіндігіне мүмкіндік зор. Ал егер режим ауысып, билікке Батыспен, АҚШ-пен прагматикалық қарым-қатынас орнатуға анағұрлым мүдделі күштер келетін болса, онда бұл Ресей мен Иранның қатынасына әсер етуі мүмкін. Бірақ нақты қайсы бағыт бойынша жылжитынын айтуға әзірге ерте.

Иранда Әли Хаменеидің ескерткішін құлатты Иранда Әли Хаменеидің ескерткішін құлатты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

Азаттық: Нақты айту қиын шығар, дегенмен сіздің ойыңызша, бұл дінбасылар билігі немесе Ислам революциясы сақшылар корпусының басқару кезінде осылай жалғасуы мүмкін бе?

Ханна Нотте: Оны білмедім. Иранда алдағы апталар мен айларда не болатыны жөнінде бәріміз тек болжам жасап отырмыз деп ойлаймын. Әзірге билік құрылымдарының сақталып отырғанын көрсететін белгілер бар сияқты және Хаменеидің орнына келуі мүмкін тұлға Иранның сыртқы саясатында түбегейлі өзгеріс жасаудан гөрі белгілі бір сабақтастықты жалғастыруы ықтимал.

Бұған қоса алдағы күндері бұл соғыс қалай өрбитіні де белгісіз. Меніңше, назар аударатын негізгі мәселелердің бірі – АҚШ пен Израиль тағы кімдерді нысанаға алуы мүмкін екені: жоғары деңгейдегі басшылық өкілдері ме, орта буындағы шенеуніктер ме, әлде төменгі деңгейдегілер ме – жалпы айтқанда, осы соғыстың соңында кімдер қалмақ? Бұл жағдай ел ішінде қандай саяси үдерістер мен өзгерістерге жол ашуы мүмкін?

Тағы бір айта кетер жайт – қазіргі жағдайға көптеген фактор әсер етті, бірақ Ирандағы экономикалық ахуалдың ұзақ уақыт бойы өте ауыр болғаны да шындық, әрі Ресей мен Қытайдың қолдауы оны айтарлықтай жеңілдете алған жоқ. Сондықтан санкцияларды жеңілдету мен экономикалық жағдайды жақсарту Иранның осы кезеңнен шығуы үшін маңызды факторлардың бірі болуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде, Тегеранды Батыспен қарым-қатынаста белгілі бір прагматизмге итермелеуі ықтимал. Алайда бұл да көптеген факторға байланысты болмақ.

Азаттық: Қалай ойлайсыз, Ресей өзіне тиімдірек, яғни қандай да бір деңгейде қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік беретін нәтижеге ықпал ету үшін бірдеңе істей ала ма немесе қазірдің өзінде сондай әрекеттер жасап жатқан жоқ па?

Ханна Нотте: Біз білетін жайт – Ресей өзіне қолайсыз жағдай туындаған кезде өз мүддесін сақтап қалу үшін өте жылдам әрекет етуге бейім. Венесуэлада болған оқиғалардан кейін Ресей өз мүддесін қорғау мақсатында Делси Родригеспен және Венесуэла жүйесіндегі басқа да ықпалды тұлғалармен жедел байланыс орната бастады. Сирияда да осыған ұқсас жағдай байқалды: Асад режимі құлағаннан кейін Ресей өз байланыстарын пайдаланып, ықпалы мен мүдделерін сақтап қалуға тырысты және бұл әрекеттері белгілі бір деңгейде табысты болды.

Иранға қатысты да бұл тұрғыда ерекшелік болмайды. Ресей мұнда да осындай тәсілді қолдануға тырысады. Алайда қазіргі кезде қызу соғыс жүріп жатыр. Сондықтан дәл осы сәтте Ресейдің жасай алатын іс-әрекеті шектеулі деуге болады, өйткені басқалар сияқты олар да әскери операцияның қалай аяқталатынын күтуге мәжбүр.

Қазір Ресейдің Иранға шұғыл әскери көмек көрсетуі – мысалы, әуе қорғанысы жүйелерін немесе қару-жарақ жеткізуі – екіталай. Сарапшылар Ресей мен Иран арасындағы стратегиялық әріптестікке қарамастан, бұл келісімде өзара әскери көмек міндеттемесі жоқ екенін айтады.

Мұның үстіне Ресейдің әскери ресурстары басқа бағыттарға, әсіресе Украинадағы соғысқа жұмылдырылғандықтан, Иранға айтарлықтай әскери қолдау көрсету мүмкіндігі шектеулі.

Ресей белгілі бір деңгейде барлау мәліметтерін бөлісуі мүмкін, бірақ әскери техника немесе қару-жарақ тұрғысынан нақты көмек көрсетуі неғайбыл. Жалпы алғанда, қазіргі жағдайда Мәскеу үшін ең ықтимал жол – әскери қақтығыстың нәтижесін бақылап, кейін өз мүддесін сақтап қалуға бағытталған қадамдар жасау.

Ал нақты әскери қақтығыстардың барысына ықпал ету тұрғысынан Ресейдің мүмкіндігі өте шектеулі. Бәлкім олар дипломатиялық арналар арқылы жасырын түрде әрекет етіп, соғысты тоқтату үшін АҚШ пен Израильге қысымды күшейтуге тырысатын шығар. Ресей дипломаттарының мұндай әрекеттерге қатысып жатқаны анық деп ойлаймын. Кеше Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ұстанымынан да соны байқауға болады. Алайда басты мәселе – Ресейдің пікіріне қаншалықты құлақ асылып жатқанында.

Ал Хаменеиден кейінгі кезеңге дайындық мәселесіне келсек, мұндай жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатқан болуы әбден мүмкін. Ресей әдеттегідей қолайсыз жағдайды мүмкіндікке айналдыруға тырысып, өз мүддесін мүмкіндігінше сақтап қалуға ұмтылады. Бұл Венесуэла мен Сириядағы жағдайларда байқалған тәсілге ұқсас болуы ықтимал.

Азаттық: Тағы екі сұрағым бар. Біріншісі Украина жайлы. Қазір Ресей Ираннан алатын дрондар мен қару-жарақ бұрынғыдай үлкен рөл атқармайды, тіпті аса маңызды фактор да емес деген пікір бар, өйткені Ресей қазір дрондарды өзі өндіреді және қажетті технологияға ие. Бұл [Иранға жасалған шабуыл] майдандағы жағдайға айтарлықтай әсер етеді деуге бола ма?

Ал сұрақтың екінші бөлігі – Кремль АҚШ-тың назары басқа жаққа ауып, Украинадан біртіндеп бас тартады деп үміттене ме, әлде оның бұл жағдай АҚШ-тың Украинаға Ресей талаптарын қабылдауы үшін қысымды күшейтуіне әкеледі деген есебі бар ма?

Ханна Нотте: Бірінші сұраққа келсек, менің бағалауымша, қазіргі кезде Ресейдің Украинадағы соғысты жүргізу қабілеті Иранның қолдауына айтарлықтай тәуелді емес, өйткені "шахед" дрондарын өндіру Ресейдің өз ішінде жолға қойылған. Бұл кейінгі кезде Ресей мен Иран арасында Ресейге пайда әкелген қорғаныс саласындағы ынтымақтастық болған жоқ дегенді білдірмейді. Меніңше, олар жаңа үлгідегі кейбір дрондарды әзірлеу бағытында әлі де ынтымақтаса әрекет жасап жатқан болуы мүмкін. Алайда жалпы алғанда, жетілдірілген "шахед" дрондарын – қыста Украинаның энергетика инфрақұрылымына шабуылдаған дрондарды – көптеп шығару мүмкіндігі енді Иранның қолдауына тәуелді емес. Сондықтан Иранға қатысты жағдай Ресейдің Украинаға қарсы соғысына елеулі ықпал етеді деп ойламаймын.

Ал екінші сұраққа келсек, Ресейден шыққан шектеулі пікірлерге – ресейлік сарапшылар мен элита өкілдерінің көзқарасына – қарағанда, Ресейде бұл жағдайдан белгілі бір пайда көруге болады деген үміт бар сияқты. Атап айтқанда, АҚШ-тың назары Таяу Шығысқа ауып, сол аймақта көбірек күш жұмсауы Ресейге Украина бойынша өзіне тиімді келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді деген есеп болуы мүмкін.

Азаттық: Соңғы сұрақ негізінен Путинге қатысты. Бұл жағдай АҚШ пен/немесе Израиль шетелдік көшбасшыны өлтіре алады дегенді көрсету тұрғысынан Путинге тиетін жеке соққы болып саналуы мүмкін бе? Кейбіреулер Ливия басшысы Муаммар Қаддафидің қазасы Путинге қатты әсер еткенін айтады. Тіпті бұл жағдай оның 2012 жылы билікті Дмитрий Медведевтің қолында қалдырмай, президент лауазымына қайта оралуына түрткі болған негізгі факторлардың бірі болған деген пікір бар.

Осы жайт Путин үшін қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Бұл оның Украинаға қатысты ұстанымын өзгертіп, өз мақсатына жетуге бұрынғыдан да бетер барын сала ұмтылуына әсер етуі мүмкін бе? Сондай-ақ бұл оқиғалар Путиннің Трамп әкімшілігіне немесе жалпы АҚШ-қа деген көзқарасына қандай да бір өзгеріс енгізуі мүмкін бе?

Ханна Нотте: Біріншіден, егер мен Путиннің бүгінгі сөзін дұрыс түсінсем, ол Хаменеиді өлтіруді қатты сынағанымен, Трампты немесе АҚШ-ты тікелей айыптаған жоқ.

Менің ойымша, бұл кейінгі бір жылдағы Путиннің негізгі стратегиясы – Трампқа қарсы әрекет етпеу және онымен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысу – осы жағдайдан кейін де өзгермейтінін көрсетеді.

Бұл соғыс пен Хаменеидің өлтірілуіне байланысты Путин немесе Кремль АҚШ-қа қарсы шығуы немесе АҚШ-пен қарым-қатынасты нашарлатуға дайын болуы екіталай деген ойдамын. Керісінше, Ресей тарапынан екіұдай риториканың жалғасын көретін боламыз: Ресей сыртқы істер министрлігі мен басқа да ресейлік өкілдер АҚШ-ты ашық сынай беруге мүмкіндік алады, ал Путин мен Кремль ондайдан аулақ болады.

Менің ойымша, бұл Владимир Путинді шошытып тастады. Ол Трамптың тұтқиылдан әрекет етіп Мадуроны биліктің тайдырғанын және содан кейін осы жағдайды көрді [АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуеден шабуылдап, Хаменеи қаза тапты].

Менің ойымша, бұл Кремль тұрғысынан өте қолайсыз жағдай, әрі ресейлік сыртқы саясат аналитигі Фёдор Лукьянов көзқарасы бойынша Хаменеимен болған жағдай Қаддафи оқиғасына қарағанда одан да ауыр болуы мүмкін, өйткені Қаддафидің өлтірілуі сыртқы араласу негізінде жүзеге асса да, оны Ливия тұрғындары орындаған, ал Иранда басқа елдер тікелей Хаменеиді жойған.

Бұл Кремль үшін аса қолайсыз жағдай болды және [Ресейдің сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы] Федор Лукьянов айтқандай, Хаменеидің қазасы Муаммар Қаддафидің өлімінен де ауыр оқиға деп қабылданды, өйткені Каддафиді сыртқы күштер қолдағанмен, түптеп келгенде Ливия азаматтары өлтірген, ал Иранда шетелдік күштер тікелей Хаменеидің көзін жойды...

Жалпы алғанда, бұл оқиғалар Ресейдің Украинаға қатысты ұстанымын одан әрі қатайтуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл Путинді Украинада өз мақсатына жетуге бұрынғыдан да қаттырақ итермелей түсетіндей сезіледі.

XS
SM
MD
LG