Accessibility links

Қытайға қарсы наразылыққа шыққан 19 адамға үкім оқылды. Сот барлығын айыпты деп таныды

"Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісі бойынша үкім шығатын күні сот ғимаратында тұрған полиция арнаулы жасақ. Талдықорған, 13 сәуір, 2026 жыл.
"Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісі бойынша үкім шығатын күні сот ғимаратында тұрған полиция арнаулы жасақ. Талдықорған, 13 сәуір, 2026 жыл.

Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, наразылық акциясын өткізген "Атажұрт" белсенділеріне және олардың жақтастарына үкім оқыды. Сот "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен айыпталған 19 адамның бәрін кінәлі деп тапты.

13 сәуірде Талдықорғанда шыққан үкімге сай, айыпталушылардың біразына бес жылға түрме жазасы, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімімен айыпталушыларға мынандай жаза тағайындалды:

Бекзат Мақсұтхан, "Атажұрт" ұйымының жетекшісі – 5 жыл түрме жазасы.

Нәзигүл Мақсұтхан, Бекзат Мақсұтханның қарындасы әрі "Атажұрт" қозғалысының заңгері – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Гүлдария Шеризат, "Атажұрт" белсендісі – 5 жыл түрме жазасы. Кәмелет жасына толмаған баласы болғандықтан жазасы кейінге шегерілді.

Гүлнәр Шаймұрат, "Атажұрт" белсендісі – 5 жыл түрме жазасы. Кәмелет жасына толмаған баласы болғандықтан жазасы кейінге шегерілді.

Тұрсынбек Қаби, "Атажұрт" белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Еркінбек Нұрақын, "Атажұрт" белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Ербол Нұрлыбаев, "Атажұрт" белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Марғұлан Нұрданғазы, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Қуандық Қосжанов, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Бақытжан Шұғыл, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Батылбек Байқазы – 5 жыл түрме жазасы.

Ерғали Нұрлыбаев, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Қанат Тұрдыбай, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жылға бас бостандығын шектелді.

Асылхан Қолхаев, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жылға бас бостандығын шектелді.

Аян Қалымбек, "Атажұрттың" жақтасы – 5 жыл бас бостандығын шектеу.

Бақытнұр Нұрмұқан - 5 жыл бас бостандығын шектеу (қамаудан босатылады).

Беделхан Қабыләшім – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Нұркелді Нұрсапа, "Атажұрттың" жақтасы – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Ақжігіт Бейсенәлі – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу (қамаудан босатылады).

Қамауда отырған айыпталушыларды сот залына әкелмеді. Тек үйқамақта отырғандар үкімді тыңдауға келді.

Айыпталушылар мен олардың туысқандары үкіммен келіспей, сот ғимаратының сыртында үкімге қарсылық білдірді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ СЕБЕП БОЛҒАН ОҚИҒА

2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясына шығады.

Наразылар Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен еді.

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Пекиннен талап қылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп берген жауабында, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де "заңсыз" екені айтылған.

Оқиғадан кейін полиция "Атажұрттың" 20-ға жуық белсендісін ұстап, әуелі әкімшілік жауапқа тартып, кейін "Ұлт аралық араздықты қоздыру" бабы (174-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру, сонымен бірге Қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған.

Құқық қорғаушылар "Атажұрт" белсенділерінің қудалануының артында Қытай тұруы ықтимал деп болжайды.

Ал құқық қорғаушылар істің саяси астары бар деп санайды. Қытай басшысының суреті мен қызыл туды өртеу акциясын қытай халқына емес, Қытай билігінің саясатына қарсылық білдіру деп біледі. Amnesty International, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары және АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн "Атажұрт" белсенділерін босатуға шақырған.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің ұзақ уақыттан бері Қылмыстық кодекстегі "Ұлттық алауыздық қоздыру" бабын жекелеген азаматтардың пікірін тұншықтыру үшін пайдаланып жүргенін бірнеше рет айтқан. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін заңды өзгертуге шақырып келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG