Accessibility links

АҚШ конгрессмені Қазақстан билігін "Атажұрт" белсенділерін босатуға үндеді 

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі Джеймс Макговерн
АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі Джеймс Макговерн

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі Джеймс Макговерн Қазақстан билігін "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 мүшесін дереу босатуға үндеді. Ол мұны Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясовқа жолдаған хатында мәлімдеді.

"Қазақстан үкіметін "Атажұрт" белсенділеріне қатысты қылмыстық айыптарды алып тастауға, осы іс аясында қамауда немесе үйқамақта отырған барлық адамдарды дереу босатуға, сондай-ақ Қазақстан заңдарының бейбіт пікір білдіруге немесе заңды адам құқықтарын қорғау қызметіне қарсы жазалау құралы ретінде пайдаланылмауын қамтамасыз етуге шақырамын" деді Массачусетс штатынан сайланған демократ Макговерн.

Былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында қолына Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шыққан бір топ адам Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен еді.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен. Туыстары Қытай полициясы ұстаған Әлімнұр Тұрғанбайға араша сұрап, бірнеше мәрте Астанаға арыз-өтініш жолдаған.

Алматы облысындағы оқиғадан кейін полиция "Атажұрттың" 19 белсендісін ұстап, әуелі "Бұзақылық" бабымен әкімшілік жауапқа тартып, кейін "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғады.

Қазір белсенділердің 13-і тергеу изоляторында, тағы алтауы үйқамақта отыр.

Джеймс Макговерн – өкілдер палатасындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының тең төрағасы. Сондай-ақ ол Конгрестің Қытай жөніндегі комиссиясына мүше. Бұрын осы комиссияға жетекшілік еткен. Сонымен қатар ол "Ұйғырларды мәжбүрлі еңбекке жегудің алдын алу туралы заңның" авторы саналады.

Конгрессмен құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйеніп, белсенділердің наразылығы бейбіт сипатта өткенін, мұндай жиындар адам құқығы жөніндегі халықаралық заңнама аясында қорғалғанын атап өткен.

"Әсіресе наразылық жөнінде Қытай билігі тарапынан болған дипломатиялық коммуникациядан соң істің әкімшілік жазадан қылмыстық қудалауға ауысқаны жайлы хабарлар алаңдатады. Мұндай жағдайлар сыртқы ықпалдың орынсыз араласуы және Қазақстан азаматтарының трансұлттық қуғын-сүргіннен қорғалу деңгейі жөнінде елеулі сұрақтар туындатады" деді Макговерн.

Азаттық сот материалдарын зерделеп, қылмыстық істі қозғауға Қытайдың Астанаға жіберген дипломатиялық нотасы негіз болғанын анықтаған. Сот материалдарында Қазақстанның тергеу органдары "Ұлттық, этностық не өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғауға Пекиннің дипломатиялық нотасы негіз болған деп жазылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев "министрлік Қытайдың Қазақстандағы елшісімен жоспарлы кездесу өткізгенін", онда Қытайға қарсы наразылық шарасы туралы ақпарат бергенін растады, алайда олар Қытай консулдығы жолдаған нота жөнінде пікір білдірмеді. Жетібаев кездесуде "Қытай тарапына бұл оқиғаға қатысты Қазақстанның құқық қорғау органдары қабылдаған шаралар жөнінде ақпарат берілді" деген.

"АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалаймын және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу оның беріктігі мен ұзақ мерзімге ұласуы үшін маңызды негізі деп санаймын. Осы істердің Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету үшін үкіметіңіздің қандай қадамдар жасап жатқандығы туралы ақпаратты қуана қабылдар едім" деп сабақтайды хатын Макговерн.

Бұған дейін осыған ұқсас үндеуді Amnesty International мен Human Rights Watch ұйымдары жасаған.

23 қаңтарда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 белсендісінің ісін қарай бастаған. Сот айыпталушылардың біреуінің өтінішімен жабық өтетін болды.

Сот процесі басталардың алдында "Атажұрттың" өзге белсенділері қысым көре бастағанын айтып шағынған.

XS
SM
MD
LG