Accessibility links

"Атажұрт" белсенділерін қудалау артында Қытайдың қысымы тұр ма?


Шыңжаңда қамалған туыстарына араша сұрап Қытай консулдығы алдында тұрған адамдар. Алматы, 26 ақпан, 2021 жыл.
Шыңжаңда қамалған туыстарына араша сұрап Қытай консулдығы алдында тұрған адамдар. Алматы, 26 ақпан, 2021 жыл.

"Араздық қоздыру" бабымен күдікті деп танылған "Нағыз Атажұрт" еріктілерінің соты бүгін, 21 қаңтар күні Талдықорғанда өтпек. Азаттық радиосының қолында бар құжатқа сәйкес, Қытайдың мұсылман ұлттарға қатысты саясатына наразылық білдірген 19 белсендіні қудалауға ресми Пекиннің қысымы себеп болған.

Азаттық Алматыдағы Қытай бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған дипломатиялық нотасын қолға түсірді. Онда белсенділер ұйымдастырған 13 қарашадағы наразылық "Қытай Халық Республикасының абыройына қарсы ашық арандату және Қытай коммунистік партиясының, сондай-ақ Қытай басшысының беделіне тіл тигізу" деп сипатталып, Қазақстан билігінен "[оқиғаны] жан-жақты тергеуді" талап етеді.

БАС КОНСУЛДЫҚТЫҢ ХАТЫ

Азаттық сотқа тартылған "Нағыз Атажұрт" тіркелмеген ұйымына біріккен белсенділердің ісі бойынша сот материалдарын зерделеді. Ұйым Шыңжаңда туыстары жоғалып кеткен отбасыларға құқықтық көмек көрсетумен айналысады. Құжатта Қазақстанның тергеу органдары "ұлттық, этностық не өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабымен (Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғауға осы дипломатиялық нота негіз болған дейді.

Алматы облысындағы "Қытай туын өртеу" акциясынан кейін Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жіберген хатының скриншоты.
Алматы облысындағы "Қытай туын өртеу" акциясынан кейін Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жіберген хатының скриншоты.

"Кейінгі жылдары "Атажұрт" ұйымы Қытайға қарсы бағытталған көптеген шара ұйымдастырды. Бұл оқиға заңсыз "Атажұрт" ұйымы тарабынан әдейі жоспарланған және Қытайдың ұлттық қадір-қасиетіне қарсы ашық арандату деп білеміз, сондай-ақ Қытай коммунистік партиясының және Қытай басшысының имиджін қорлау деп бағаланады. Бұл жағдай екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа айтарлықтай теріс әсерін тигізді. Қытай тарабы бұл оқиғаға байланысты елеулі алаңдаушылық білдіреді. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастың жоғары деңгейін ескере отырып, бас консулдық өкілдіктен бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті шара қабылдап, жан-жақты әрі байыпты тергеу жүргізуді және жағымсыз салдардың мейлінше азаюуын қамтамасыз етуді сұрайды. Бас консулдық тергеу нәтижелеріне үміт артады". Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатында осылай жазылған.

Құқық қорғаушылар тым екіұшты әрі билікке жақпаған адамдарды жазалауға мүмкіндік береді деп сынаған Қылмыстық кодекстегі "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танылған адам 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЕЛШІЛІКТЕГІ КЕЗДЕСУ

Қытай туы мен сол елдің төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген оқиғадан кейін көп ұзамай қозғалған қылмыстық іс бойынша сот 21 қаңтарда Талдықорғанда өтеді. Бұл Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап жүргендерге қатысты Қазақстандағы ең ірі іс болмақ. Іс Пекиннің Қазақстанға ықпалы күшейгенін және елде наразы пікірге қысым күрт артқанын көрсетеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев "Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшісімен жоспарлы кездесу өткізгенін", онда Қытайға қарсы наразылық шарасы туралы ақпарат бергенін растады, алайда олар Қытай консулдығы жолдаған нота жөнінде пікір білдірмеді.

"2025 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінде Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кезекті кездесу өтті. Оның барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелермен қатар Алматы облысы Ұйғыр ауданында 2025 жылғы 13 қарашада болған оқиға да талқыланып, Қытай тарапына бұл мәселеге қатысты Қазақстанның құқық қорғау органдары қабылдаған шаралар жөнінде ақпарат берілді", – деген Жетібаев жауабында.

Қазір белсенділердің 13-і тергеу изоляторында, тағы алтауы үйқамақта отыр. Арасында аяғы ауыр белсенді Нәзигүл Мақсұтхан да бар. Істі қадағалап отырған құқық қорғау ұйымдары әйел мен оның бойындағы баласының денсаулығына алаңдайды.

ҚАЛЖАТТАҒЫ ҚАРСЫЛЫҚ ШАРАСЫ

Белсенділердің қудалануына 2025 жылғы 13 қарашада Алматы облысы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық акциясы түрткі болды. Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген бір топ адам Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған ұлты қазақ азаматтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды талап еткен. Бұған дейін туыстары Қытай полициясы ұстаған Тұрғанбайға араша сұрап, бірнеше мәрте Астанаға арыз-өтініш жолдаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай тарапының ақпаратына сүйеніп берген жауабында 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де "заңсыз" екенін жазған. Ал туыстары "Қытай Қазақстан берген құжатты мойындамай, Әлімнұр Тұрғанбайды негізсіз ұстап отыр" деп біледі.

Алматы облысындағы оқиғадан кейін полиция "Атажұрттың" 20-ға жуық белсендісін ұстап, әуелі әкімшілік жауапқа тартып, кейін қылмыстық бап бойынша айып тақты.

Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздық қоздыру, сонымен бірге қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған. Мемлекет тағайындаған сараптама наразылық туралы видеоларда "ұлтаралық" немесе "ұлттық алауыздық қоздыру" белгілері бар деген қорытынды жасаған.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы Азия жөніндегі директорының орынбасары Майя Ванг белсенділерді босатуға шақырды.

"Қазақстан билігі "Атажұрт" белсенділеріне қарсы қылмыстық айыптауларды алып тастап, қамауда отырғандарды дереу босатуға тиіс. Қытайдың қуғын-сүргін саясатына жәрдемдесудің орнына, Қазақстан үкіметі Қытай билігін Шыңжаңда адамзатқа қарсы қылмысты тоқтатуға мәжбүрлеуі керек", – деп мәлімдеді ол.

2017 жылдан бастап Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында Пекиннің қысымы күшейгелі бері бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман дінін ұстанатын ұлт өкілдері жаппай қамау лагерлеріне тоғытылды. Ондаған мың Қазақстан азаматының Шыңжаңмен отбасылық немесе мәдени байланысы бар. Бұл өңірде олардың көптеген туыстары жоғалып кеткен, қамауға алынған немесе қатаң бақылауда ұсталып отыр.

Шекараның екі жағындағы осы байланыстар бір кезеңде Қазақстанды Орталық Азиядағы Қытайға қарсы белсенділік ошағына айналдырды. Алайда Пекинмен ортақ шекарасы және тығыз экономикалық байланысы бар Астана Шыңжаңдағы қылмыстар туралы ақпарат таратып, туыстарын босатуды талап еткен белсенділер мен ұйымдарды қудалауды күшейтті.

Сотқа тартылған белсенділер – бір кездері шағын да болса ықпалды құқық қорғау қозғалысынан қалған санаулы адам.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Құқық қорғаушылар мен кей сарапшылар белсенділерді қудалауға еш заңдық негізі жоқ дейді.

Белсенділерді қорғап жүрген адвокат Шынқуат Байжанов полицияның әуелі әкімшілік, артынша қылмыстық іс қозғап, бір әрекет үшін екі рет жазаға тартып жатқанын заңға қайшы деп есептейді. Бұдан бөлек, бас-аяғы 23 сараптаманың екі аптада жасалғаны, 19 адамның ішінде тек 4 адамның сөз сөйлеп, пікірін білдіргеніне қарамастан, барлығын бірдей ауыр айып тағып, сотқа тартқалы жатқаны дұрыс емес дейді. Ол істің саяси астары бар деп санайды. Олардың іс-әрекетінде ұлттық араздық жоқ дейді заңгер.

Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 22 желтоқсан, 2021 жыл.
Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 22 желтоқсан, 2021 жыл.

"Олардың айтқан барлық сөзі Қытайдың билігіне қарсы бағытталған. Яғни, "Қытай билігі Қазақстан азаматын заңсыз ұстап, жібермей отыр", "Қытайдағы қазақтарға қиянат жасап отыр", "Қазақстанға визасыз режиммен кіру дұрыс емес, олардың саны көбейіп кетеді" деу ұлт араздығын қоздыру емес. Ол – мемлекеттің саясатын сынау. Ал мемлекеттің саясатын сынау ол 174-бапқа жатпайды", – деді адвокат Шынқуат Байжанов Азаттыққа.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Атажұрт" белсенділерінің ісін елде жүріп жатқан қудалаудың бір бөлігі ретінде қарастырады.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 22 желтоқсан, 2021 жыл.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 22 желтоқсан, 2021 жыл.

"Бізде саяси оппозицияны тұтас кетірді. Қазір тіпті қарапайым жазбаны қайталап бөліскені үшін қылмыстық іс іліп жіберуі мүмкін. Оларды тек тұншықтырып, қорқытып, сайлау алдында тұтас бас шұлғып отыратын қоғам болғанын қалап отыр", – деді Төреғожина.

ТУ ӨРТЕУ ҚЫЛМЫС ПА?

Парламент мәжілісіне бірмандатты округтен сайланған депутат Ермұрат Бапи белсенділердің қудалануын "шаш ал десе бас алу әрекетіне" жатқызады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи. Астана, 27 ақпан, 2024 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи. Астана, 27 ақпан, 2024 жыл.

"Жалпы әлемде бір елдің туын өртеу – тәжірибеде бар дүние. Ол жиі қайталанып тұрады. Мәселен, былтырғы жылдары Түркия мен Швеция арасында осындай жағдай болды. Құран өртелгеннен кейін бір елдің туын екінші елде өртеу деген сияқты азаматтық акциялар [өтті]. Бұл мемлекеттік деңгейдегі, мемлекеттің саясатындағы жағдай емес, қоғамдағы наразылықтың азаматтық белгісі. Сондықтан "Атажұрт" белсенділерін дәл осы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту соншалықты қажет емес еді. Менің ойымша, егер шынында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа залалын тигізеді дейтін болса, әкімшілік жазамен-ақ шектелуге болатын еді", – деді Ермұрат Бапи Азаттыққа.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро бірлескен мәлімдемесінде бұл істі "саяси астары бар" деп айыптап, оның Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне сай келмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ ұйымдар Қылмыстық кодекстің "ұлттық алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Осы бап бойынша 2019 жылы "Атажұрттың" негізін қалаушы Серікжан Біләшқа да айып тағылған. 2020 жылы БҰҰ-ның Негізсіз қудалау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан Серікжан Біләшті заңсыз қудалады деген қорытынды шығарды.

Белсенді кейін, өз айтуы бойынша, "биліктің қысымына шыдамай", Қазақстаннан кетті, қазір ол АҚШ-та тұрып жатыр.

Серікжан Біләш
Серікжан Біләш

Азаттыққа сұхбатында Серікжан Біләш Шыңжаң қазақтарын қолдап жүрген белсенділердің үстінен қозғалған істі Қытайдың "Қазақстанды екінші Шыңжаңға айналдыру" әрекеті деп бағалайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл – "Атажұрт" қозғалысын жою және Шыңжаңдағы заңсыздық куәгерлерінің үнін өшіру мақсатындағы Қытайдың "трансұлттық қуғын-сүргінінің" көрінісі.

– "Атажұрттың" 19 мүшесі сотталатын болса, онда бүкіл дүниежүзі Қытай компартиясының Шыңжаңдағы, Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр, қырғыздарға қандай қылмыс, қандай геноцид жасап жатқанын көріп, бақылап отыратын терезеден айырылады. Екіншіден, Қытай ғана емес, Қазақстан билігінің өзі "Атажұрт" дейтін осы бір саяси күшті көзге шыққан сүйелдей көреді. Тоқаев Ресеймен одақ құрғанда ел ішіндегі барлық көзі ашық, көкірегі ояу, [билікке] қарсы тұрады-ау деген азаматтарды түрмеге қамап, үркітіп, қорқытып, сынатыны болса сындырып, сатылатыны болса сатып алып, қысқасы тұтас қоғамды өлі, мылқау халде ұстап отырмақ, – деді Біләш Азаттыққа.

КҮШЕЙГЕН ҚЫСЫМ

Ұзақ уақыт бойы Шыңжаңдағы қылмыстарды құжаттап келген "Атажұрт" кейінгі жылдары көп қысымға ұшырады.

Қозғалыс қоғамдық бірлестік ретінде ресми тіркеуден өте алмады, ал оның мүшелері белсенділігі үшін айыппұл арқалап, қамауға алынды және кейбірі артынан әлдекімдер аңдығанын айтты.

Биыл 15 қаңтарда Түркістан облысында сот қамаудағы белсенділерді босатуды талап етіп, "Трамп, Қазақстанға назар сал!" деген жазуы бар плакатты ұстап түскен суретін жариялаған Бағдат Тоғыспаевты айыппұл төлеуден бас тартқаны үшін бес күнге қамады.

Кейінгі айда "Атажұртпен" байланысы бар тағы бірнеше белсенді наразылық шарасын ұйымдастырғаны немесе 13 қарашадағы "ту өртегендер" видеосын әлеуметтік желіде бөліскені үшін ұсталды, не айыппұл арқалады.

Белсенділер Азаттыққа полиция бақылауы күшейгенін, сондай-ақ тіркелмеген ұйымға қаржылай қолдау көрсететін адамдарға қысым артқанын айтты.

Қазақстан билігі Шыңжаң мәселесіне қатысты зерттеулермен айналысатын шетелдік ғалымдардың елге кіруін де шектеген.

2025 жылы ұйғыр қауымдастығын зерттейтін даниялық антрополог Руне Стеенбергтің Қазақстанға кіруіне рұқсат берілмеді. 2021 жылы Шыңжаң құрбандары дерекқорын (Xinjiang Victims Database) әзірлеген америкалық зерттеуші Евгений Бунинге Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Қытай Шыңжаңда адам құқықтарын бұзды деп біраздан бері айыпталып келеді. 2022 жылы БҰҰ баяндамасында Қытай бұл өңірде "адам құқықтарын өрескел бұзып" отырғаны, адамзатқа қарсы қылмыс жасаған болуы мүмкін екендігі айтылды.

Қамау орындарында болғандардың айғақтары, Қытай үкіметінің сыртқа белгілі болған ресми құжаттары көбейіп, айыптаулардың салмағы арта түсті. "Уақытша үйрету лагеріне" қамалғандар арасында мәжбүрлі еңбекке жегіліп, жыныстық зорлық-зомбылыққа, мәжбүрлі стерилизация ұшырағандар көп. Бұған қоса аз ұлттардың мәдени және діни болмысын жою, мешіттер мен өзге де діни нысандарды қирату сияқты әрекеттер туралы жиі айтылады.

Ал Қытай билігі өңірде адам құқықтары бұзылғанын жоққа шығарып, Шыңжаңда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізіліп жатыр деген уәж айтқан.

Ресми Астана Шыңжаңда ұсталған қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын айтады. Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігі олардың арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді. Қытайда қамаудан босап, Қазақстандағы туыстарымен қауышқандар да болған. Олар әдетте жақындарына қосылған соң ақпарат құралдарына пікір айтудан тартынады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG