Accessibility links

Қамаудан шыққан үш қазақтың хикаясы. New Yorker Шыңжаңдағы қысымды жаңаша баяндады. Автормен сұхбат


"Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" дейтін анимациялық фильмнің постері.

Америкалық New Yorker журналы Шыңжаңдағы қысым туралы жаңаша деректі фильм шығарды. Онда Қытай қамау лагеріне отырып шыққан үш қазақтың хикаясы баяндалады. Бастан-аяқ анимацияланған бұл фильм көрерменді виртуалды әлемге кіргізіп, лагерьдегі қапасты 360 градуста көруге мүмкіндік береді. Қазақ аудиториясы үшін жобаның тағы бір жаңалығы бар – Батыс басылымы фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын қатар жариялады. Азаттық жоба авторы Бен Маукпен сөйлесіп, бір жылдан аса уақыт түсірілген туындының егжей-тегжейін сұрады.

Батыс басылымдары Қытай мұсылмандарының қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдан бері жазып келеді. Журналистердің шамасы келгені Шыңжаңның өзіне барып репортаж жасады, шекарадан өте алмағаны Қазақстанға келіп, Қытайдан қашып келгендерден сұхбат алды. Бірі екіншісінен озған мақалалар, деректі фильмдер әлемдік қауымдастықтың назарын аударып, Батыс үкіметтері Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарын қудалауға жауапты деген шенділері мен компанияларына санкция салды. Бірақ мұнымен мұсылмандардың қысым көруі тоқтай қойған жоқ. Былтыр қыркүйекте Австралия стратегиялық саясат институты Шыңжаңда лагерьлердің көбейіп жатқанын хабарлады.

Журналистер де қарап жатпай, Шыңжаңдағы жағдайға мейлінше көп адамның назарын аударудың жаңа жолдарын тауып жатыр. Мұндай тәсілдердің бірін жақында New Yorker журналы ұсынды.

Басылым 19 наурыз күні "Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" дейтін 21 минуттық деректі фильмін жариялады. Онда Пекинге бизнес сапармен ұшып барып, әуежайда ұсталған Аманжан Сейітұлының, әкесі қайтыс болып, туыстарымен жүздесуге барған Орынбек Көксебектің және тау-кен компаниясында жүк көлігінің жүргізушісі болып істеген Ербақыт Отарбайдың бастан кешкендері суреттелген. Қазір Қазақстанда тұратын бұл үшеу бір лагерьде болған.

Бұл кейіпкерлер Азаттық оқырмандары үшін бейтаныс емес. Былтыр қарашада Ербақыт Отарбай мен Орынбек Көксебектің қамаудың салдарынан ұрпақ сүйе алмай жүргені туралы көлемді мақаламыз жарық көрген. Үшіншісі – Аманжан Сейітұлы Женевада Қытайдағы қысымға байланысты наразылық акциясына қатысқан.

"Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" фильмінің трейлері

"Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" фильмінің трейлері
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Журналистік жұмыс "айтылған тарих" әдісімен жасалған. Бұл әдісте зерттеуші не журналист тарихи оқиға куәгерінің естеліктерін өз аузымен сөйлетеді. Жоба авторлары мұны одан әрі дамытып, айтылған естелікті бейнелеп, түрменің ішін бүкіл фильм бойы 360 градуста көруге мүмкіндік беретін виртуалды орта (Virtual reality немесе қысқаша VR) форматымен көрсетті. Әдетте компьютер ойындарында пайдаланылатын бұл формат Шыңжаңдағы жағдай үшін таптырмас амал болған. Өйткені Қытай билігі бұл лагерьлерге тәуелсіз сарапшылар мен журналистерді кіргізбейді, ол жерден кездейсоқ фото-видеолардың тарап кетпеуін қатаң бақылайды.

Жоба авторы Бен Маук мұндай жобаның бұрын-соңды болмағанын айтады.

ФИЛЬМНІҢ БАСТЫ ИДЕЯСЫ

Азаттық: Кейінгі жылдары Қытай қазақтарының хикаяларын жазып жүрсіз. 2018 жылы Сайрагүл Сауытбайдың Жаркенттегі сотынан хабар таратқаныңыз бар, "Ауа райы мәліметі: Шыңжаң үні" дейтін мақалаңыз бен New York Times газетінде жарық көрген "Бір белдеу – бір жол" дейтін репортажыңыз бар. Ал енді сипаты мүлдем бөлек VR форматында анимацияланған видео жариялап отырсыз. Хикаяны осы жолмен баяндау идеясына қалай келдіңіз?

Ben Mauk: Мұндай дүниені бір ғана кісінің естелігі негізінде жасай алмайсыз. Бұл идеяға хикаялары бір-бірімен қабысқан үш кейіпкерді табуым себепкер болды. Олар Шыңжаңның Тарбағатай аймағында бір лагерьде болған. Олар лагерьдің түрлі қырын баяндады. Қалай қамалғанынан бастап, босап шыққанына дейін әңгімелеп берді. Осы үш кісінің хикаясы негізінде лагерьдің ішін бейнелеп шығуға болатынын түсіндік. Олардың әңгімелерін спутниктен түсірілген суреттер мен лагерьдің өзге де фотолары және қолда бар өзге де ақпарат негізінде растап отырдық. Басты идея осы адамдардың бастан өткергенін көрерменге жан-тәнімен сездіру жолын табу еді.

Менің Сэм Уолсон дейтін әріптесім бар. Екеуміз де – Берлинде тұратын журналистпіз. Оның бірнеше тартымды VR фильмдері бар. Ол фильмдер көрерменге қолжетімсіз көріністерді бейнелейді. Судандағы соғыс, Фукусимадағы апат секілді халықаралық деңгейде қызығушылық тудырған оқиғаларды қамтыған. Мұндай жерлерге бару өте қиын. Ал Шыңжаңдағы лагерьлер тәуелсіз журналистік зерттеулер үшін тұтастай жабық болды.

АҚПАРАТТЫ РАСТАУ ҚИЫНДЫҒЫ

Азаттық: Фильміңізде ұлты қазақ үш азаматтың хикаясы баяндалады. Бірақ лагерьдің жалпы бейнесін жасауда ондаған адамның естелігін пайдаланған боларсыз. Кейінгі жылдары біз де олардан сұхбат алдық. Бірақ олардың айтқанын қалай растауға болады деген сұрақ әрдайым алдымыздан шыға берді. Сұхбат алар кезде хикаяның растығына күмән келтіретіндей қайшылық байқалды ма? Қытай билігінің журналистермен сөйлеспейтіні белгілі, кейіпкерлеріңіз айтқан ақпаратты растаудың қандай да бір мүмкіндігі болды ма?

Бен Маук: New Yorker журналында біз расымен тығырыққа тіреле бердік. [Қытай] билігі бұл лагерьлер жайлы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Олар бар болғаны "бұл – кәсіпке баулы орталықтары" деген сияқты жалпылама мәлімдеме ғана жасады.

Осы жобаны бір жағынан верификация үшін де жасадық. Біздің қолымызда бір-бірін танымаған, бірақ бір лагерьге түскен үш адамның жауаптары болды. Біз олардың әрқайсысымен ондаған сағат сөйлесіп, лагерьдің ішкі келбетін сұрадық. Олардың жауаптары негізінде адамдардың қалай қамалатынын, лагерь архитектурасының келбетін және оқиғалардың қандай ретпен болғанын растай алдық.

Кейде бір оқиғаның бірнеше куәгері болып жатады. Мысалы, осы үшеудің бәрі бір күнде бір лагерьден екіншісіне ауыстырылған. Оның екеуі біршама уақыт бір қапаста болған. Яғни кейіпкерлердің арасында жеке қарым-қатынас та орнаған. Мұны фильмнен де байқауға болады. Қолжетімсіз жерлер үшін кейіпкерлердің жауаптарын бір-бірімен қабыстыра растау өте маңызды.

Осыдан кейін қолымда лагерьді бейнелеп шығуға қажет ақпарат барын түсіндім. Өйткені бұл жалғыз адамның естелігі емес. Олай болған жағдайда, жауапты растау қиын болар еді.

WeChat желісінен тапқан кей суреттер мен үкімет құжаттары да хикаялардың бөліктерін растауға мүмкіндік берді.

Біз осы үш кісінің айтқандары мен суреттерді салыстырып, ұқсастықтарды анықтадық. Олардың лагерьді сипаттауында айырмашылық аз болды. Сыныптың қандай болғаны, ол сыныптарда білімнің қалай берілгені жөнінде бәрінің айтқаны бір болды.

КЕЙІПКЕРЛЕР ҚАЛАЙ ТАҢДАЛДЫ?

Азаттық: Әдетте Шыңжаңнан Қазақстанға қашып келгендер журналистермен сөйлесуден қорқақтайды, Қытай не Қазақ билігінің қысымына ұшыраудан қауіптенеді. Өйткені кейбірінің туыстары әлі де Шыңжаңда. Бұл үш кісіні қалай таңдадыңыз? Оларды көндіру қиын болды ма?

Бен Маук: Ешқашан ешқандай адамды таспаға сөйлеуге мәжбүрлемеймін. Шыңжаңдағы жағдайға келсек, көбінің Қытайда туыстары бар. Олар туыстарының өміріне қатер төндіргісі келмейді. Өзіңіз айтқандай, көбі сөйлеуден тартынады. Олардың көндіріп те көрмес едім. Ал мына үш ер азамат батылдық танытып, бастан өткергендерін айтып беруге ниет білдірді. Олардың көндірудің қажеті де болмады. Олар өздері болған лагерьлердің қандай екенін, бастан кешкендерін халықаралық аудиторияға жеткізгісі келді. Менің бұл үш азаматқа – Ербақыт [Отарбайға], Орынбек [Көксебекке] және Аманжан [Сейітұлына] алғысым шексіз. Олар өз хикаяларын фильмге қосуға келісіп қана қоймай, жоба әзірлеу кезінде бізге қолдау білдіріп отырды. Фильмнің дәлдігі үшін біз оларға лагерьлердің суреттері мен сипаттамаларын жіберіп тұрдық, олар пікір білдіріп, қатесі болса, түзетіп отырды.

Осы сұхбаттарды алу үшін Қазақстанға бірнеше мәрте бардым. Әр барған сайын жағдайын айтып, ашылып сөйлегісі келетіндер қатары артып бара жатқанын байқаймын. Кейінгі сапарларымда бірінші барғанымда сөйлесуім екіталай адамдармен әңгімелесе алдым. Бәлкім неғұрлым көп барған сайын соғұрлым осы ортаның сенімі артқан болар. Бірақ екінші жағынан, олар неғұрлым көп адам алға шығып, сөйлей бастаса соғұрлым қауіпсіз екенін түсіне бастаған секілді.

Азаттық:. Жобаға қанша адам қатысты және VR фильмін жасауға қанша уақыт кетті?

Бен Маук: Бұл – күрделі жоба. Оған барлығы жиырмадан астам адам қатысты. Мен атап өткен Сэм Уолсон – фильмнің режиссері болса, ондағы әрбір көріністі қолымен салып шыққан Мэтт Хайн иллюстрацияға жауап берді. Аниматорымыз Николас Рубин екіөлшемді суреттерді 360 градустағы 3D форматына айналдырды.

"Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" дейтін анимациялық фильмін түсірушілер. Солдан оңға қарай: иллюстратор Мэтт Хайн, режиссер Сэм Уолсон және автор Бен Маук.
"Қайта тәрбиеленгендер. Шыңжаңдағы құпия тұтқындау лагерьлері" дейтін анимациялық фильмін түсірушілер. Солдан оңға қарай: иллюстратор Мэтт Хайн, режиссер Сэм Уолсон және автор Бен Маук.

Джон Бернстерн дейтін дыбыс дизайнері сыныптағы, қапас ішіндегі және тергеу бөлмесіндегі дыбысты қолдан жасап шықты.

Артымызда New Yorker журналындағы редакторлар мен фактчекерлер тұрды. Олар баяндауымыздың ішінде қатенің кетпеуін, ақпараттың дәл берілуін қадағалады. New Yorker журналында бізбен сондай-ақ интерактив тобы да жұмыс істеді. Олар осы хикаяларды сайтта интерактив мақала күйінде оқу мүмкіндігін қарастырды. Жобаға бір жылдан астам уақыт кетті. Біз оны 2019 жылдың қазанында бастап, 2021 жылдың наурызында аяқтадық.

ФИЛЬМНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРУІ

Азаттық: Фильмнің редакциялануына келсек. Қазақтілді редакторлармен және аудармашылармен жұмыс істегеніңізді білеміз. Фильмді қазақ тіліне аударып, оны New Yorker журналының Youtube-парақшасына салу қазақ аудиториясы үшін жаңа межедей көрінді. Аудару идеясының авторы кім? Жоба басталғаннан жоспарланды ма?

Бен Маук: Мен шетелдік журналистпін. Бірақ әрдайым мақалам қай жерден жазылса, оның сол жердің тіліне аудару қажетін сезіп жүрдім. New Yorker сияқты америкалық, еуропалық басылымдар осы секілді мақаларды әзірлеуге қаржылай әрі редакциялық қолдау білдіре алады. Бірақ мұндай мақалалар ақыр соңында оқиға орнындағы тілге аударылғаны дұрыс.

Сұхбаттар қазақ тілінде алынды. Сол себепті фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын қоса шығару табиғи шешім көрінді. Сэм Уолсон екеуміз мұны жоба басталарда-ақ жоспарлап қойғанбыз.

Мұның бәрі – үлкен жұмыс. Оның аясында бір топ қазақпен жұмыс істедік. Кейбірі аты-жөнін жазбауды сұрады. Кейіпкерлердің дауысын ағылшын тілінде дыбыстауға және қазақ тіліндегі мәтінді әзірлеуге Асхат Еркімбай дейтін журналист көмектесті.

Азаттық: Фильмде кейіпкерлердің бірін қараңғы шұңқырға салып, үстінен су құйғаны бейнеленген. Ол адам мұны былай сипаттайды: "Қаншалық жылағаным, айқайлағаным есімде жоқ, бірақ сол жерде жатқан адамдардың бәрі жылқыша шыңғырдың дейді". Осы тұсы адамды есеңгірететіндей әсер қалдырды. Бүкіл фильм бойында шарасыздық, үрей билейді. Өзіңізді сол лагерьдің ішінде отырғандай, қамаудағылардың жағдайын өз басыңыздан өткергендей сезінесіз. Фильмді әзірлеуде көрерменнің осындай әсер алғанын қаладыңыздар ма?

Бен Маук: Ешқандай шығармашылық туынды сізді нағыз лагерьдің ішіне апара алмайды, үш азаматтың көргенін көрсете алмайды. Бірақ VR форматы расымен де сізге сол ортада тұрғандай әсер бере алады. Меніңше, Шыңжаң туралы мақалалардың көбі журналистика тұрғысынан маңызды, бірақ баяндау тұрғысынан құнарсыз. Сіз бар болғаны сыныптардың жалпақ 3D бейнесі мен лагерьлердің спутниктен түсірілген суреттерін, қашықта жүрген тұтқындарды ғана көресіз. Ал біз осы лагерьлерде болған елуге жуық адамның естелігін жазып алдық. Яғни бізде Шыңжаңдағы "миды шаю" талпыныстарының үрейге толы сипаттамалары болды. Олардың арасында азаптау оқиғалары да бар. Солардың бірі фильмде көрсетілген.

VR лагерьде қамауда отырғандарға жанашырлықпен қаратып, ол жақта не болып жатқанын түсіндіре алады.

ФИЛЬМНІҢ ЫҚПАЛЫ

Азаттық: Фильмнің қалай ықпал еткенін қалайсыз?

Бен Маук: Мұндай репортаждар жергілікті деңгейде қозғалыс тудырса, ең дұрыс ықпал сол болар еді. Өзге елдерде болатын, қазір Қазақстанда да байқалып отырған жергілікті деңгейдегі қимылдар аса маңызды. Шыңжаңнан қашып барған адамдар өзге елдерде қолдау тауып, олардың саяси баспана алуына жол берілсе деймін. Мен үшін ең биік мұрат осы болушы еді. Осы күресті жалғастыра беру керек деп ойлаймын.

Азаттық: Мұндай зерттеулер мен фильмдерді әзірлеуде ең қиыны не?

Бен Маук: Жобаны бастарда бізде қолжетімсіз жерлердің анимацияланған 3D деректі фильмін түсірудің үлгісі болған жоқ. Яғни біз дайын үлгісіз жұмыс істедік. Бастапқыда амбициямыз мұншалық жоғары болмады. Бір немесе екі бөлмені бейнелеп, шағын деректі фильм түсіреміз деп ойладық. Бірақ сұхбат алу барысында қамау туралы тартымды хикаяның бар екеніне көз жеткіздік. Бұл хикаяға көлемдірек фильм арнау керек деп шештік. Ол үшін баяндау мәселелерін шешу керек болды. Ондағы айтылған әңгіменің дәлдігін қамтамасыз ету керек. Ал біз журналистиканың жоғары стандарттары бойынша жұмыс істедік. Бұдан бөлек екіөлшемді суреттерді үшөлшемді бейнеге айналдыру бар. Осындай қиындықтар салдарынан әрбір эпизодқа айлап уақыт жұмсадық. Бейнетке толы жұмыс болды. Нәтижесі көңілімізден шықты.

Анимациялық фильмнің иллюстраторы Мэтт Хайн жұмыс үстінде.
Анимациялық фильмнің иллюстраторы Мэтт Хайн жұмыс үстінде.

Азаттық: Қазақстанға барып-келу, Шыңжаң лагерьлерінде қамауда болғандармен сөйлесу қиындық тудырмады ма? Билік не полиция тарапынан кедергіге тап болмадыңыздар ма?

Бен Маук: Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстанға бірнеше рет сапарладым және мен биліктің Шыңжаңдағы жағдай туралы ашық айтқан белсенділерді қудалайтынын, кей жағдайда оларға шабуыл жасайтынын білемін. Осындай қудалаудың салдарынан елден қашуға мәжбүр болған адамдарды танимын. Атажұрттың (Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымы – ред.) мысалы және бар.

Өте сақ болдық. Жүрген жерімізде жұрт назарын аудармауға тырыстық. Қонақүй бөлмесі секілді жабық жерлерде кездестік. Дереккөздерімізге, аудармашыларымызға және бізге көмектескен өзге де адамдарға қандай да бір кесірі тигенін қаламадық. Олардың көбі фильм соңындағы титрдан көрінуді қаламады және біз оны әрдайым қаперде ұстадық.

Азаттық: Asia Art Tours сайтына берген сұхбатыңызда "Мен әрдайым жеткілікті деңгейде назар аударылмаған немесе мемлекет басып-жаншып отырған оқиғаларды, америкалықтар мен еуропалықтар елемей отырған жерлерді табуға тырысамын" деген екенсіз. Шыңжаңдағы жағдайда халықаралық реакция қандай болуы керек деп ойлайсыз? Санкциялар толықтай тиімді емес көрінеді...

Бен Маук: Сайрагүл Сауытбайдың сотынан хабар таратуға барғанымда халықаралық басылым Шыңжаңдағы қамау лагерьлері туралы молынан жазып жатты. Қазір де жазады. Оның көп бөлігі АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси тартыста қолданылып отыр. Ал бұл – журналист ретіндегі кәсіби құзыретімнен тыс сұрақ. Менің қалайтыным мұндай реакция емес.

Бұл оқиғалар Қытай мен Қазақстан секілді елдерде расымен жаншылып отыр. Ол жердегілер Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін көтерсе, артынан зардабын көреді. Мен сол адамдарға үнін естірту үшін платформа бергім келеді. Өйткені оларда мұндай платформаға шығу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Менің қолымнан келетіні осы. Адамдарды осы мәселемен айналысатын жергілікті ұйымдардан көмек іздеуге жігерлендіру маңызды.​

  • 16x9 Image

    Торокул ДООРОВ

    Торокул Дооров

    Торокул Дооров Азат Еуропа/Азаттық радиосымен 2002 жылдан бері әріптес. Азаттықтың Қырғыз қызметінің Мәскеудегі тілшісі, «Азаттык плюс» (Бішкек) жастар хабарының редакторы, Прагадағы редакциясында редактор болған. 2014 жылдың шілдесінен Азаттықтың Қазақ қызметінің директоры. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

  • 16x9 Image

    Дархан ӨМІРБЕК

    Дархан Өмірбек - Азаттық радиосының редакторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттану бойынша, Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде журналистика бойынша білім алған. Карьерасын қазақстандық басылымдарда бастаған. Халықаралық Eurasianet басылымына фрилансер ретінде мақала жазған. Оксфорд университетіндегі Reuters журналистиканы зерттеу институтының оқу-зерттеу бағдарламасына қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG