Accessibility links

"Билік реформасын қолдайтын" "Әділет" партиясы құрылмақ. Бастамашыл топта "Аманатта" мүше болғандар бар

Kazakhstan - Adilet party
Kazakhstan - Adilet party

Қазақстанда "Әділет" деп аталатын жаңа саяси партия құрылмақ. Бастамашыл топ 16 cәуірде әділет министрлігіне тіркеуге өтініш тапсырғанын мәлімдеді. Саяси ұйым прогрессивті реформаларды, билік жариялаған "Әділетті Қазақстан" идеясын қолдаймыз деп мәлімдеді. Бұл қандай партия? Бағдарламасы қалай?

БАСТАМАШЫЛ ТОП ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

16 адамнан тұратын бастамашыл топ 15 сәуірдегі мәлімдемесінде "Әділет" партиясын "Жаңа саяси күш" деп атайды. Кәсіпкер, журналист, саясаттанушы, ғалым, медиасарапшы сияқты бірнеше маманның басын қосқан топ өзін елдегі "прогрессив реформаларды қолдайтын, әділетті Қазақстан құру идеясын ұсынатын азаматтар" деп таныстырды.

"Басты мақсатымыз – Жаңа Конституция қағидаттарына сүйеніп, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау, заң үстемдігін нақты қамтамасыз ету. Тең мүмкіндік, тәуелсіз сот, әділ экономика – біздің негізгі бағытымыз" деді бастамашыл топ мәлімдемесінде.

Олар 16 сәуірде әділет министрлігіне құжаттарын тапсырғанын хабарлады. 16 адамнан тұратын бастамашыл топтың қатарында "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов сынды азаматтар бар. Бұған дейін кейбірі биліктегі "Аманат" партиясының мүшесі болса, біразы жаңа Конституция жобасын әзірлеген комиссия құрамына кірген.

Кенжеханұлы желідегі парақшасында "Әділет" партиясы – өзгерісті қалайтын және оны ақылмен, жүйелі түрде жүзеге асырғысы келетін азаматтардың таңдауы. Біз бірге әділ қоғам, әлеуеті зор Ел құра аламыз!" деп жазды.

Азаттық "Әділет" саяси партиясын құрушы бастамашыл топтың алты мүшесіне хабарласты. Көбі телефон тұтқасын көтермеді. Кейбірі жазған хатымызды жауапсыз қалдырды. Топ мүшесі әрі "Әділ сөз" қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова жұмыс енді басталғанын айтып, асықтырмауды сұрады.

Ол Азаттық тілшісінің "Партияларыңыз басқа партиялардан несімен ерекшеленеді?" деген сауалына: "Сіз сұрағыңызды сайлауалды үгіт-насихат тұрғысынан қоюға тырысып тұрсыз. Оны түсініп отырмын. Бірақ бізді асықтырмаңыз дегім келеді. Құрылтай съезін өткізіп, саяси партияны ресми тіркеуге мүмкіндік берсеңіздер. Содан кейін ғана осы сұраққа қайта оралсақ" деді.

Қазақстанда жаңа қабылданған Конституцияға сай, енді бір палаталы парламент – Құрылтай – тек партиялық тізіммен жасақталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы биыл тамызда өтеді деп мәлімдеді. Қазір Қазақстанда ресми тіркелген жеті партия – "Аманат", "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында алтауы мәжіліске өткен.

ТІРКЕЛЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН ҰЙЫМДАР

"Әділет" партиясы елде бірнеше ұйым партия болып тіркеле алмай жүрген тұста құрылатындарын жариялады. Дегенмен "Әділет" те әділет министрлігіне құжат тапсыру тіркелу керек. Ал елде партия құрғысы келіп, бірақ тіркеле алмаған оннан аса ұйым бар. Сол ұйымдардың біразының жетекшілері қазір қамауда отыр.

Мәселен, "Алға, Қазақстан" оппозициялық қозғалысы әділет министрлігіне 20-дан аса рет өтініш жіберіп, тіркеле алмай жүр. "Алға, Қазақстанның" жетекшісі Марат Жыланбаев ҚДТ қозғалысының (Қазақстан экстремистік ұйым деп таныған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды) жұмысына араласты деп 7 жылға сотталды.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымының өкілдері Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 13 сәуір 2024 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымының өкілдері Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 13 сәуір 2024 жыл.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп танылған "Атажұрт" ұйымы саяси партия құру әрекетін 2023 жылы бастағанымен, тіркеле алмады. Бұл ұйымның мүшелері мен жақтастары Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртегені үшін 5 жылға сотталды, бас бостандығы шектелгендер де бар.

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай "Қазақстанның демократиялық партиясын", қоғам белсендісі Санжар Боқаев "Намыс" партиясын тіркете алмады. Мамай "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, алты жылға бас бостандығы шектелген. Ал Санжар Боқаев биыл "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деп айыпталып, қамауға алынды. Белсенділердің барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Бұдан бөлек "Ел тірегі", "Халық дербестігі", HAQ, "Еркін халық", "Біздің құқық", "Жанашыр", "Еңбек", "Алаш Орда", "Ынтымақ" сынды тағы бірнеше топ партия құрмаққа талпынды. Бірақ ешбірі әлі ресми тіркелмеді.

"Ел тірегінің" жетекшісі Нұржан Әлтаев "аса ірі мөлшерде пара алды" деген айыппен 10 жылға сотталды. Әлтаев айыпты мойындамады, мұның саяси астары бар деп мәлімдеген.

"ҚАРАПАЙЫМ БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ПАРТИЯ ҚҰРУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ"

Саясаттанушы Диман Әлжанов "Қазақстанда саяси бәсеке жоқ, партиялардың барлығы Президент әкімшілігінің нұсқауымен құрылады" деп санайды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

— Партиялар азды-көпті дербес саяси ойыншыға айналуы үшін, өзіндік саяси автономияға ие болуы үшін бәсекелестік бар ортада құрылуға тиіс. Ал Қазақстанда оған мүлдем мүмкіндік жоқ. Сондықтан бүгінде "партия" деп аталып жүрген патронаждық ұйымдарға белгілі бір деңгейде қайта құру жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бірақ бұл не сіздің, не менің өміріме әсер етпейді, саяси жүйеге де айтарлықтай ықпалы болмайды. Қазіргі режимнің легитимділігінде тұрақты қиындықтар болғандықтан, оларға имиджді үнемі жаңартып отыру қажет. Осы тұрғыда олар жаңа партияны енгізіп, біраз уақыттан кейін оған көбірек мандат беруі не басқаша айла-тәсілдермен ойнатуы әбден мүмкін. Бұл — белгілі бір өзгерістер жүріп жатқандай, жаңа тұлғалар пайда болып, Қазақстан саяси тоқырауда тұрмағандай көрініс жасаудың амалы. Бұл да сол легитимділік іздеудің бір жолы: "мінекей, жүйеге жаңа адамдар қосылды" деп көрсету. Олар "жүйеден тыс" адамдар ретінде режимге деген сенімді қайта тірілтуге тиіс болатын. Бірақ оппозиция толықтай шеттетіліп, азаматтық белсенділердің аяғы тұсауланған мына жағдайда мұндай өзгерістер нәтиже бермейді. Қазақстанда саяси қызметпен айналысу мүмкіндігі жоқ. Халықтың, қарапайым белсенділердің бастамасымен құрылған "Алға, Қазақстан" немесе мүшелері сотталған "Атажұрт" сияқты ұйымдарға партия болып құрылуға жол берілмейді. Саяси алаң толықтай тазартылды. Сондықтан парламентте жаңа формалды партиялар пайда болғанымен, олар қоғам өмірін жақсы жаққа өзгертпейді, — дейді ол.

Ал мәжіліс спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда партия тіркелуге заңды тұрғыдан барлық мүмкіндік бар деп санайды.

— Ұйымдарды тіркеу бізде заңнама аясында жүзеге асырылады. Тиісті мемлекеттік органдар, әділет министрлігі заңдаманың орындалуын түгел пысықтап, қарайды және заңның аясында тиісті шешімдер қабылдайды. Билікті сынайтын, сынамайтын партия емес, бұл жерде ең басты мәселе: егер біздің азаматтарымыз барлық заңнама аясында ұйым құрамыз десе барлық мүмкіндік бар, — дейді сенат спикері.

Ресми Астана да партия тіркеу талабы кейінгі жылдары жеңілдегенін, келетіндерді алалау жоқ екенін бірнеше рет айтқан. Дегенмен Ақорда саясатын ашық қолдайтын кейбір топтар ғана партия құруға қол жеткізді. Олар экологтар бас қосқан "Байтақ" жасылдар партиясы мен кәсіпкерлер топтасқан "Республика" партиясы. Соңғысына 2023 жылы наурыздағы парламент сайлауында мәжілістен алты мандат тиді.

Айдар
XS
SM
MD
LG