Accessibility links

Билік зейнетақы қорынан ақша алуды неге қиындатып жатыр? Сарапшымен сұхбат

Үкімет зейнетақы қорындағы ақшаны үй алуға немесе өзге де керек-жараққа жұмсау ережесін де жұмсап өзгертпек. Енді шотта бұрынғыдан да көп ақша қалуы тиіс. Демек қолыңызға тиетін сома азаюы мүмкін. Халыққа зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат еткен билік талапты неге қайта күшейтіп жатыр?

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН АҚША АЛУ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Бұрын үкімет ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы және күнкөріс деңгейіне сүйене отырып, "бұл адам әлі жұмыс істейді, ақша аударады" деген болжаммен қаржы беру шегін төменірек ұстайтын. Енді олай емес, шоттағы қаржыңызға қарап, алуыңызға рұқсат етілетін соманы анықтайды. Жаңа формулада адамдардың өмір сүру ұзақтығы туралы статистика мен ақшаның болашақта құнсыздануы да ескеріледі. Ресми ақпарат бойынша, кейінгі бес жыл ішінде зейнетақы қорынан 5 трлн теңгеден астам қаражат шешілген. Оның ішінде 1 трлн теңгені 35 жасқа дейінгі азаматтар алған. Үкімет бұл соманы тым көп, болашақта адамдарға жеткілікті мөлшерде зейнетақы төлеуді ойлауымыз керек деп алаңдап отыр.

"[Бүгін зейнетақы шотыңыздан ақша шешіп алғаныңыз] ертеңгі зейнетақы мөлшеріне әсер етпей қоймайды. Мұндай статистика бізде белгілі бір қауіп тудырады, сондықтан қазір қарастырылып жатқан жаңа тәсілдердің негізгі идеологиясы — болашақ зейнеткерлерді жоғары деңгейдегі төлеммен қамтамасыз етуге бағытталған" дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.

Вице-министр шекті мөлшердің қаншалықты өсетінін әзірше кесіп айта алмаймыз деді. Жаңа шекті мөлшер жыл соңына дейін зейнетақы қорының сайтында жариялануға тиіс.

Зейнетақыдан баспана мен денсаулықты жақсарту үшін ақша алу 2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен пайда болды. Қаржыгер Расул Рысмамбетов сол кезде бұл шешімді саяси популизм әрі халықтың кедей екенін мойындау деп атаған. Үкімет президент тапсырмасымен басталған бұл үрдісті қайта тежегісі келеді.

Қаржы саласындағы сарапшы, журналист Айбар Олжай зейнетақы қорындағы қаражатты алуды мүмкін болса мүлдем тоқтатып тастауды ұсынады. Ол кейбір адам ертеңге деп жиған зейнетақыны қазір жұмсап тастауға қарсы. Азаттық бұл өзгерістерді Айбар Олжаймен кеңірек талқылады.

Азаттық: Қазақстан тұрғындарының кейінгі бес жылда зейнетақы қорынан шешіп алған қаражаты 5 триллион теңгеден асыпты. Бұл халық тұрмысының қандай деңгейде екеніне көрсеткіш бола ала ма?

Айбар Олжай: Мүмкіндік берілгеннен кейін, әрине сол мүмкіндікті пайдалану әрекеттері де болады. Қазір зейнетақы қорында 26 триллион теңге қалған. 5 триллион теңге шешілген. Барлығы өз мақсатына жұмсалмаған шығар, бірақ жұрт мүмкіндікті пайдалануға тырысты. Дегенмен қордағы ақша зейнет жасына жеткеннен кейін пайдалануы керек еді. Әу баста қателік кеткен сияқты.

Азаттық: Соңғы жаңалыққа қарасақ, енді тұрғындарды зейнетақы қордағы қаражатын оңды-солды алуын тежемек. Бұған дейін тіс емдеуге, басқа да мұқтаждықтарға деп жалған құжат жасатып, алаяқтыққа барды деген фактілер де болды, бірақ бұл елдің бәрі солай жасады дегенді білдірмесе керек. Неге үкімет әу баста өзі рұқсат беріп алып, енді оның тәртібін өзгертіп жатыр?

Айбар Олжай: Меніңше, бұл бір кезеңде популистік шешімге жақын болды да, халықтың белгілі бір тобының сұранысы мен инфляция, теңгенің құнсыздануына бір уәж ретінде [халыққа] сыйлық сияқты жасалды. Бірақ экономистердің көзімен қарағанда бұл заңдылықтарды бұзатын шешім еді. Шын мәнінде, кабинеттердің барлығының ішінде бұл шешім дұрыс емес деп мойындалғандай. Содан кейін ақырындап кері қайтарып, жауып жатса керек. Яғни, ақша алу жолдарын тарылтып, жауып жатыр.

Азаттық: Зейнетақы қордағы қаражатты алу осыдан 5 жыл бұрын президент тапсырмасымен басталды. Сол кезде халықтың қорға жаппай қол сала бастайтынын, триллиондаған қаражат алынатынын үкімет болжай алмай қалған жоқ па?

Айбар Олжай: Менің білуімше, модельдер екі триллион теңгеге дейін ақша алынады деп есептеген. Бес триллион теңгеге жетеді деп ешкім болжамаған сияқты. Бірақ мұның бәрі модельдер, болжамдар, ал шын мәнінде өмірдің қандай екенін осы бес жыл көрсеткендей. Адамдардың көбі зейнетақы қорындағы ақшасын алып, үй алады деп ойлады. Тіс пен көз емдеу арқылы көп ақша алынады деп ойламаған сияқты. Сондықтан белгілі бір қызық сызықтан асып бара жатқанда, алаяқтар көбейіп бара жатқанда белгілі бір модельдердің дұрыс болжанбағанын түсінгендей.

Азаттық: Зейнетақы қорынан ақша алу енді қалай өзгеруі мүмкін?

Айбар Олжай: Өз басым, зейнетақыдан ақша алуды мүлде тоқтатып тастау керек деп санаймын. Бірақ үкімет олай істемейтіні анық, өйткені үкімет шапшаң 180 градусқа шок қадамдарға барғысы келмейді. Бір жағынан бұл да дұрыс сияқты. Сондықтан үкімет "жұмсақ" жасап жатқандай. Бірінші зейнетақыдан ақша алуға қажетті шекті деңгей көтеріледі. Адам ты бай болмаса, орташа адамның қордан ақша шығару мүмкіндігі қиындайды. Өйткені ол бірінші жеткілікті шекке жетіп алу керек. Сонда жағдайы тәуір адамдар ғана шығара алуы мүмкін. Бірақ ол адамдарға ондай мүмкіндік аса қажеті де жоқ. Демек негізгі механизм – шектік соманы көтеріп тастау. Сонымен-ақ біраз іс жабылатын сияқты.

"4+1" ЖҮЙЕСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Қазақстанда зейнетақы жинақ тәртібі де өзгеруі мүмкін. Жергілікті ақпарат құралдарында шыққан ақпаратқа қарағанда, зейнетақы қор тарабынан "4+1" деп аталатын модель ұсынылған. Оған сәйкес, жұмыс беруші төлейтін жарнаның 4 пайызы азаматтардың жеке шотына аударылады. Ал 1 пайызы ортақ қорға түседі. Бастама авторлары жаңа тәсіл қазақстандықтардың жеке жинағын көбейтіп, келешекте инвестициялық табыс табу мүмкіндігін арттырады дейді.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақ қорына табысының 10 пайызын аударып келген. Бұл — міндетті төлем, оны ресми жұмыс істейтін барлық азамат төлеуге тиіс. Егер Зейнетақы қоры айтқан "4+1" моделі енгізілсе, міндетті төлем 10 емес, 14 пайыз болуы мүмкін. Жаңа тәсілге сәйкес, бұдан былай жұмыс беруші төлейтін 5 пайыз жарнаның бір бөлігін, яғни 4 пайызын азаматтардың жеке шотына аударады. Қалған 1 пайызы ортақ қорға кетеді. Осылайша, жұмыс беруші төлейтін ақша бұрынғыдай барлық азаматқа ортақ қазанға кетпей, басым бөлігі нақты жұмысшының өз атына түседі.

Бірыңғай зейнетақы қорының ғимараты.
Бірыңғай зейнетақы қорының ғимараты.

Зейнетке шыққанда адам алдымен өз шотындағы жиналған негізгі ақшасын жұмсайды. Есеп бойынша, бұл қаржы шамамен 80 жасқа дейін жетуге тиіс. Егер адам одан ұзақ жасаса және өз қорындағы ақшасы таусылып қалса, онда зейнетақы ортақ қазанға жиналған әлгі 1 пайыз есебінен өле-өлгенше төлене береді. Бұл — қарттардың қартайғанда ақшасыз қалмауын қамтамасыз ететін сақтандыру жүйесі іспетті. Ресми ақпаратқа қарағанда, зейнетақы өмір бойы бастапқы деңгейде төлене бермек.

Екі жыл бұрын жинақ жүйесіне жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы деген ұғым енгізілген еді. Жарна мөлшері жыл сайын артып келеді. 2024 жылы ол 1,5% болса, 2025 жылы — 2,5%-ға, биыл 3,5%-ға жетті. Осылай 2028 жылға қарай 5%-ға дейін жетеді. Бұл жарнаның ерекшелігі — оны жұмысшының айлығынан ұстамайды, жұмыс беруші өз қаражатынан бөледі.

Жаңа формат енгізілсе, міндетті 10 пайыз зейнетақы жарнасына жұмыс берушінің 4 пайызы қосылып есептеледі. Сөйтіп азаматтардың жеке жинағына түсетін жарна 14 пайызға жетпек. Осы және бұл ақшадан түскен инвестициялық кіріс азаматтың жеке меншігі саналады. Бұрын жұмыс берушінің жарнасы мұрагерлікке берілмейтін болса, жаңа модель бойынша сол 4 пайыздық жинақ адам қайтыс болған жағдайда ұрпақтарына қалады. Кейін заңда белгіленген тәртіп бойынша мұраға қалдырады не таусылғанша пайдалана алады. Ұсыныс авторларының пікірінше, жаңашылдық жинақтағы ақшаны өсіріп қана қоймай, болашақта инвестициялық табыс табу мүмкіндігін де арттырады.

Айдар
XS
SM
MD
LG