Астанаға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізіп, екі ел бірге дрон жасау, мұнай өндіру бойынша келісім-шартқа қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан басшысы Түркия президентін “Қожа Ахмет Ясауи” орденімен марапаттады.
14 мамырдағы екі ел мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойды.
Мәселен, Түркияның ANKA әскери дронын өндіретін және сервистік қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісті. Бұдан бөлек, мұнай-газ жобаларын бірлесіп жүзеге асыру бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Türkiye Petrolleri Anonim Ortaklığı арасында меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ Түркия Қазақстанда "Маариф" түрік қорының екі мектебін ашып, аурухана құрылысын қаржыландырмақ.
Түркияның әуежайларда қызмет көрсететін TAV Holding компаниясы Қазақстан үкіметімен инвестициялық келісімге қол қойды.
Бұл келісімдердің барлығына 14 мамыр күні өткен келіссөзде, Қазақстан-Түркия стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысында талқыланды. Отырыста екі тарап энергетика, қорғаныс, сауда-саттық, мәдени-ағарту және логистика мәселелерін талқылаған.
Отырыста сөз сөйлеген Тоқаев Түркияның Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар инвестиция құйғанын, Қазақстанның Түркияға инвестициясы 2,5 млрд долларға жеткенін айтты. Оның сөзінше, бүгін екі ел “Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы" декларация қабылдамақ.
Жиында айтылған дерекке қарағанда, 2025 жылғы екіжақты сауда айналымы 2024 жылдан 8,8 пайызға артып, 5,4 млрд долларға жеткен. Түркия Қазақстанның негізгі бес сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Бүгінгі отырыста екі ел басшысы екіжақты сауда көлемі 15 млрд долларға жеткізуге уағдаласқан.
Тоқаев отырыс кезінде “Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алатынын, оның жалпы құны – 630 миллион доллардан асатынын” айтқан.
Отырыста Қазақстан үшін маңызды халықаралық көлік бағыты аталып отырған “Орта дәліз” мәселесі де сөз болған.
“Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды” деді Ақорда баспасөз қызметі.
Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды талқылаған. Кеңестің былтыр шілдеде Анкарада өткен бесінші отырысында Қазақстанда Түркияның екі мектебі, бір университет филиалы ашылатыны келісілген. Тоқаев бүгінгі отырыста мұны да тағы да атап өткені айтылады.
Ақорданың жазуына қарағанда, қазір Түркияда Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы оқиды, ал Қазақстанда 260-қа тарта түрік студенті білім алады.
Ақорданың ақпаратына қарағанда, отырыста президенттерден бөлек Қазақстан вице-премьері әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, “Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов, Түркия жағынан сол елдің сыртқы істер министрі Хакан Фидан, сауда министрі Болат Омер баяндама жасаған.
Сонымен қатар, Тоқаев Ердоғанға Қазақстан мемлекеттік марапаттар тізіміне жаңадан қосылған “Қожа Ахмет Ясауи” орденін табыстады. Ердоған – бұл орденнің бірінші иегері.
Осыдан кейін Тоқаев пен Ердоған Түркиядағы Газиантеп провинциясы Нурдагы қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына видеорежим арқылы қатысты. 2023 жылы зілзала болған өлкеде мектеп салу бастамасын Тоқаев көтерген. Оның құрылысы 2024 жылы басталған.
Бүгінгі кездесулерден соң қос басшы Түркістанға аттанбақ. 15 мамыр күні онда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.
Түркия - көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі. Сарапшылардың айтуынша, Қытай мен Ресей арасында орналасқан Қазақстан сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті ұстау үшін Түркиямен жақындасуға мәжбүр екенін айтады. Ресей Украинаға соғыс бастағалы Қазақстан әскери әріптестігін әртараптандырып, Түркиямен қорғаныс саласында қарым-қатынасын нығайтуға күш салып отыр. Қазір Қазақстанда түркиялық әскери дрондарды өндіру мәселесі қаралып жатыр.
Таулы Қарабақтағы кейінгі соғыста Армениядан басым түскен Әзербайжан Түркияның осы дрондарына арқа сүйеген. Қарабақты азат еткен Баку қазір Ереванмен келіссөз жүргізіп, Арменияның оңтүстігінен өтетін “Заңгезур дәлізін” іске қосуға талпынып отыр. Бұл дәліз Түркияның Әзербайжанға жалғамақ. Сондай-ақ Түркия Әзербайжан арқылы Каспий теңізіне шығып, Қазақстанға да жол ашады.