Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовты психоневрологиялық диспансерге мәжбүрлі түрде жіберген сот шешімін сынға алып, Қазақстан билігін шешімнің күшін жоюға шақырды.
"Қазақстанда сыншыларды, белсенділерді және ойын бейбіт түрде жеткізген адамдарды қудалайтыны құжаттарда тіркелген. Ал елдің психиатриялық қамауды репрессияның қатаң тактикаларының бірі ретінде қолдануы алаңдатады" деді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Мирра Риттманн.
Ұйым Қазақстан Воронцовты тез арада босатып, әділ сотпен, өзін қорғау құқығымен қамтамасыз етіп, іс материалдармен танысуға мүмкіндік беруі тиіс дейді.
"Егер Воронцовтың айыбы дәлелденбесе қудалауды тоқтатып, босатуы тиіс. Ал Қазақстанның халықаралық серіктестері, соның ішінде Еуропа одағы, Британия, ЕҚЫҰ, БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бөлімдері істі қадағалап, Қазақстанның халықаралық адам құқықтары міндеттемелерін орындауға шақыруы керек" деп жазылған мәлімдемеде.
Алматының тергеу соты 18 мамырда Иаков Воронцовты бір айға Талғар ауданындағы психиатриялық мекемеге сараптамадан өтуге жіберу туралы қаулы шығарған.
Иаков Воронцов — 2022 жылы Ресей әскерінің Украинаға кең ауқымды басқыншылығын ашық айыптаған Орыс православие шіркеуінің санаулы діни қызметкерлерінің бірі. Ол Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз православие шіркеуін құру бастамасын көтергеннен кейін қысымға ұшырағанын мәлімдеген. Ақпанда Воронцов алдымен әкімшілік іс бойынша 10 күнге қамалып, кейін қылмыстық іс аясында қайта ұсталған.
23 ақпанда оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы ("есірткі притонын ұйымдастыру") және 296-бабы ("есірткі сақтау") бойынша айыптар тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.
Воронцов өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып келеді. Әкімшілік қамауда отырған кезде жазған хатында ол пәтеріне есірткі әдейі тасталғанын және өз үйінде "есірткі притоны" болуы мүмкін емесін айтып, бұл істі тәуелсіз православие шіркеуін құру талпынысымен байланыстырған.
Қорғаушылары Иаков Воронцовтың денсаулығына байланысты оның бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе кепілге ауыстыруды сұрағанымен, сот ол өтінішті орындамады.
Бұған дейін Иаков Воронцов өзіне қарсы қозғалған "экстремизм" ісі тоқтатылғанын айтқан. Сондай-ақ ол Алматы қаласының әділет департаментін діни бірлестікті тіркеуден заңсыз бас тартты деп сотқа берген. Воронцов Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ашық сыни пікірлерімен танылған. 2023 жылы Ресей православие шіркеуі оны діни қызметтен шеттеткен.
Наурыз айында АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Иаков Воронцовты сенімі үшін қудаланған адамдар тізіміне енгізді.
Адам құқығын қорғау бюросы да Воронцовты мәжбүрлеп тексеруге жіберу жайлы сот шешімін сынға алған,