АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне (Frank R. Wolf Freedom of Religion or Belief Victims List) православ священнигі мәртебесінен айырылған қазақстандық Иаков Воронцовты қосқан. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы хабарлады.
Қазір ол тізімде 2488 адам бар деп жазды адам құқығын қорғайтын бюро.
Биыл 13 ақпанда Алматының әкімшілік соты Иаков Воронцовты "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" бабы бойынша 10 күнге қамаған. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.
Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында. Воронцов 10 күндік қамаудан шыға сала тергеуге әкетіліп, ізінше тергеу сотының шешімімен 2 айға қамалған. Қазір ол Алматының тергеу абақтысында қамауда отыр.
Иаков Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылғы маусым айында аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптағаны үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан еді.
2024 жылы аноним тұлғалардың арызы бойынша Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.
2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.
АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Қазақстанды Алжир, Әзербайжан, Египет, Индонезия, Ирак, Қатар, Қырғызстан, Малайзия, Түркия және Өзбекстанмен бірге дін еркіндігі ахуалы аса ауыр емес, бірақ тұрақсыз елдер қатарында "Бақылау тізіміне" енгізген, деп жазды Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы.