Accessibility links

"Мұсылмандарды шоқындырғысы келеді деп айыптады". Шіркеу қызметкері Иаков Воронцов қазақ тілін не үшін үйренді?


Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл
Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл

Қазақстандық шіркеу қызметкері Иаков Воронцов Азаттыққа сұхбатында қазақ тіліндегі Евангелие, Украинадағы соғыс және Қазақстандағы православ шіркеуі Ресейден неге автономия алуы керегі туралы ойын айтып берді.

Пасха кезінде дін қызметкері Иаков Воронцов Ақтөбедегі шіркеуде дұғаны қазақ тілінде оқыды. Қазақша құлшылық жасап жатқан шіркеу қызметкерінің видеосы желіде кең тарады. Иаков Воронцов бұған дейін Facebook-те Украинадағы соғысты сынап, Қазақстанды Еуразия экономика одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығуға үндеген жазбасымен танылған еді. Азаттық Иаков Воронцовпен Құдайға қызмет пен азаматтық белсенділік арасындағы байланыс туралы сөйлесті.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ"

Қазақ тілін үйренуді қашан бастадыңыз? Бұған не себеп болды?

– Қазақстанда туып, бала күнімнен қазақ тілін естіп өстім. Қазақ әндері мен музыкасын жақсы көретінмін. Сондықтан қазақ тілі – әлемге көзқарасымның үйлесімді бір бөлігі. Достарымның арасында қазақ көп. Бірақ жасырақ кезімде тіл үйренуге мән бере қоймадым.

Ақын, балет бишісі Дүйсенбек Нақыповпен дос едік. Арамызда 40 жас айырма болса да, жақсы араласатынбыз. 22 жасымда Дүйсенбек "Қазақ тілін үйренуің керек. Қазақстанда қазақша білмесең, болашақ жоқ" деді. Сол кезде ойлана бастадым.

Былтыр я тәуелсіз Қазақстанның, я көршісіне аяусыз шабуыл жасайтын агрессордың жағында екеніңді көрсететін сәт келгенде қазақ тілін үйренуді қолға алдым.

Елде "Ресейсіз күніміз қараң, Қазақстан – орыс әлемінің бір бөлігі" деп көрсетуге тырысатын адамдар мен ұйымдар барын бұрыннан байқайтынмын. Қазір Ресейде қанішер режим отыр. Олар Сталиннің және Құдайдан безген ескі жүйенің "дәстүрін" жаңғыртқысы келеді.

Өзімді қазақстандықтардан бөліп-жармаймын. Біз тәуелсіз әрі мұндай дүниелерден еркін болуымыз керек. Қазақстан – Ресейдің колониясы емес. Өз болашағымыз үшін күресуіміз қажет, Қазақстанның келешегі қазақ тілінде. Бұл – ұлттық, мемлекеттік идентификациямыздың маңызды бөлігі және гиперэтностық ұлт – Қазақстан халқының бірлігінің кепілі. Төлқұжатымыздағы "ұлты" деген жерде не жазылса да, бәріміз қазақстандықпыз.

Көп уақыт қазақ тілін өз бетімше үйренуге тырыстым: жаңа сөздер үйреніп, қазақша кино, жаңалық көріп, кітап оқитынмын. Бір жылдан кейін тілді мұғалімсіз үйрену қиын екенін түсіндім. Үш айдан бері жеке мұғаліммен дайындалып жүрмін. Шынымды айтсам, қазақ тілін үйрету әдістері көңілімнен шықпайды. Бірақ нәтиже бар. Өзім қалағандай жылдам үйренбесем де, бұрынғыдан еркін сөйлеп, түсіне бастадым.

Қазақ тілін үйренуде не нәрсе қиын болды?

– Қазақ тілі басқа жүйеге жатады, лингвистикалық моделі, дүниетанымы бөлек. Қанат Тасыбеков ("Ситуациялық қазақ тілі" оқу құралының авторы – ред.) қазақ тілінде сөйлеп үйрену үшін қазақша ойланып үйрену керек дейді. Оның сөзінің жаны бар, Тұран идеясы, көшпелі мәдениет пен қазақтардың ұлттық архетипін білмей, қазақ тілін үйрене алмайсың. Тарих пен мәдениетті білу өте маңызды. Психологиялық барьерді де жеңу керек.

Былтыр Алматыда "Ақиқат" (баптистер шіркеуі – ред.) шіркеуінде Қазақстанға жұмыспен келген америкалық азаматты кезіктірдім. Орыс тілін білмейді, бірақ қазақшасы жақсы. Қазақ тілінде шүйіркелесіп, жап-жақсы сөйлестік. Психологиялық барьер сезілмеді. Қазақша сөйлейтін, бірақ орыс тілін білетін отандастарыммен сөйлескенде орыс тіліне өтіп кете береміз. Психологиялық барьер деп отырғаным – осы.

Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл
Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл

– Әлеуметтік желіде Евангелиені қазақ тілінде оқып жатқан видеоңыз танымал болып кетті. Бұл видео қалай түсірілген және онда не оқып жатырсыз?

– Христиан болғандықтан, қазақ тілін үйренуді діни лексикадан бастадым. Қасиетті кітаптағы жазбалардың, таңғы, кешкі, күнделікті дұғалардың қазақша аудармасы бар.

Танымал шіркеу қызметкері Елисей Кукеев – қазақ. Ол бұрыннан шіркеу әдебиетін қазақ тіліне аударумен айналысады. Мен дайын мәтіндерді алып, дұғаларды оқып жүрдім. "Отче наш", "Царю Небесный" дұғаларын қазақша жаттап алдым. Үйде құлшылық жасағанда дұғалардың бір бөлігін қазақша оқимын.

Қазақ тілін таза үйрену үшін оны өмірдің барлық саласына енгізу керек. Мен үшін дұға жасау, Құдаймен тілдесу өте маңызды.

Жаратушымен де қазақша сөйлесуге тырысамын. Христиан ретінде шіркеуде де қазақ тілінде дұғалар оқылғанын қалаймын. Оның үстіне, шіркеуге келетін қазақтар бар. Олар көп емес, бірақ ана тілін естісе, қуанып қалатыны анық.

Православ шіркеуінде Пасхада Евангелиені әртүрлі тілде оқу дәстүрі бар. Алматыдағы Вознесение кафедралы соборында қызмет етіп жүргенімде Пасха түніне алдын ала дайындалып, Евангелие ежелгі және қазіргі заманғы тілдерде, оның ішінде қазақ тілінде оқылатын. Соборда қазақша дұғаны үнемі Алексей Суворов әкей оқитын еді. Ол да қазақ тілін үйреніп, еркін сөйлеуге тырысып жүр.

Ақтөбеде орысшаны қазақ тілінен нашар білетін бір әйелмен таныстым. Біраз сөйлесіп, тілімді жаттықтырдым. Көмегі үшін сый жасағым келді. Евангелиені қазақша тыңдасын дедім. Епископ қолдап, жігіттер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберді. Видео тез тарап кетті. Әртүрлі пікір жазылды, бірақ жақсы сөздер көп болды.

Өзім де пікір туралы сұрағалы отыр едім. Видеоның астына негізінен жылы сөз бен қолдау көп жазылғанымен, "шіркеуде қазақша дұға оқыла бастапты, қазақтарды шоқындырғысы келеді" деген алаңдаушылық та бар.

– Сіз байқаған пікірлер көп емес. Шынымен мені мұсылмандарды шоқындырғысы келеді деп айыптағандар болды. Бірақ ондай мақсатым жоқ. Евангелие оқылғанын ғана қаладым. Ол адамзаттың бәрі үшін маңызды, исламға еш қайшылығы жоқ. Інжілдің (араб тілінен аударғанда Евангелие – ред.) маңызы Құранда да жазылған.

18-19 жасымда кей дін қызметкерлерінің әрекетін көріп, шіркеуге бармай қойдым. Құранды үйреніп, тілімді кәлимаға келтіруге дайындалып жүрдім. Алланы жақсы көремін. Бірақ ол менің православ шіркеуінде қызмет еткенімді қалады, осы жолды нұсқады. Сондықтан мұсылмандарды да, христиандарды да бірдей жақсы көремін. Бір-бірімізді жақсырақ түсініп, Құдайға кім жақынырақ деп таласпасақ деймін. Басқаларға ақыл айтқанша, Құдайға жақын болған дұрыс.

"Онсыз да барлық жерде қазақ тілін тықпалайды, енді шіркеу де қосылды" деген орыстар болды. Мені "орыстардың жанын ауырту үшін біреудің тапсырысын орындап, шіркеуге қазақ тілін енгізіп жүрген провокатор" деп айыптады. Бұл ақылға сыймайды. Мен жай ғана қазақ тілін үйреніп, оны жақсы көріп қалдым және өмірде қолданғым келді.

"300 ШІРКЕУ ҚЫЗМЕТКЕРІ БІТІМГЕРЛІК ХАТҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ"

Былтыр "бізге өз билігі өзінде болатын шіркеу керек, Қазақстан православ шіркеуі Орыс православ шіркеуінен тәуелсіздік алуға тиіс" деген едіңіз. Бұл діни ортада қызу талқы туғызып, сізді сепаратист деп айыптағандар да болды.

– Тәуелсіз шіркеу туралы айтуға әлі ерте. Оған дайын емеспіз. Православ қазақстандықтар уақыты келгенде бұл шараға қажеттілікті сезіп, канон жолымен осыған қол жеткізе жатар. Бірақ мен мұндай үндеу жасаған жоқпын. Жай ғана осыған дейін бірнеше рет айтылған, ақпарат құралдарында жүрген (алматылық шіркеу қызметкері Александр Суворов бір сұхбатында біздің қауым Қазақстанда өзін-өзі басқаратын православ шіркеуі құрылғанын қалайды деген – ред.) тұжырымды қайталадым. Өзін-өзі басқаратын шіркеу дегеніміз – үлкен шіркеуге бағына отырып, автономиялық басқару құқығына ие болатын шіркеу түрі. Мәселен, епископты осында туып-өскен, қауымның жағдайын жақсы білетін адамдар арасынан өзіміз сайлауымыз керек. Шаруашылық мәселелері де жергілікті деңгейде шешілуге тиіс. Яғни байланысымызды біржола үзуге шақырып отырған жоқпыз. Шіркеу кез келген сұрақ бойынша Мәскеу патриархиясына жүгіне бермей, кей мәселелерді өз бетінше шешуі керек.

Қазақстан – үлкен мемлекет, бізде қауым көп, 10 епархия бар. Бұл – жалғыз менің ойым емес, көп шіркеу қызметкерінің қалауы. Мен тек бұрын талқыланған ойды бір қайталадым. Осы сөзім үшін мені қызметімнен босатып, рухани семинариядан шығарып, анам мен достарымнан алыс Ақтөбеге жіберді. Ақтөбе – әдемі қала, адамдары да жақсы, бірақ бұл – менің үйім емес. Бұл жаққа жер аударылғандай болдым, бірақ қазір достарым көп.

Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл
Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл

Сіз Ресейдің Украинаға шабуылына қатысты пікір білдірдіңіз. Шіркеу қызметкерлері бұл тақырыпта мәлімдеме жасағанын естімедім. Орыс православ шіркеуінің ресми позициясы Кремль бастаған соғысты қолдап отыр.

– Шіркеу мен билік – екі түрлі дүние. Жекелеген шіркеу қызметкерлері биліктің әрекетін қолдап пікір білдірсе, олар шіркеу мен мемлекет бір-бірінің ісіне араласпайды деген ережені бұзады.

Патриарх Кириллдің өзі соғысты қолдады ғой.

– Кезінде Иса пайғамбар "Менің патшалығым бұл әлемде емес" деген еді. Сондықтан шіркеу мен мемлекетті қосып, дінді мемлекеттік басқаруға араластыру – күнә. Жекелеген шіркеу қызметкерлері солай жасаса, бұл – олардың жеке шаруасы. Ол үшін ары мен Құдай алдында өздері жауап береді.

Яғни патриарх Кириллдің мәлімдемесін шіркеудің ресми позициясы деп қабылдаудың қажеті жоқ па?

– Талай патриарх болды, бәрі өлді. Ерте ме, кеш пе, патриарх Кирилл де өмірден өтеді. Ал шіркеу мың жыл бұрын қалай жұмыс істесе, тағы мың жыл солай қала береді. Әрине, патриарх шіркеудің әкімшілік-бюрократиялық аппаратының ресми позициясын білдіреді. Ол – астананың епископы. Бірақ шіркеуде кез келген адамның сөзі мәртебесіне қарамастан Жаңа Өсиет таразысына түседі. Соғыстың алғашқы күнінен бастап Ресейдің басқыншылығына қарсылық білдіріп келе жатқан шіркеу қызметкерлері мен христиандар да бар. 300 шіркеу қызметкері ұжымдық бітімгерлік хатқа қол қойды. Олардың көбі әлі де тайсалмай, шындықты айтып келе жатыр. Біразы елден кетуге мәжбүр болды, басқалары қысымға ұшырады. Кей қызметкерлер қамауда отыр.

"СОҒЫС БӘРІБІР КІСІ ӨЛТІРУ"

Сіздің де Украинадағы соғысқа қатысты позицияңыз қоғамдық резонанс туғызды. Азаматтық белсенділігіңізге қатысты ескерту алған жоқсыз ба?

– Менің мәлімдемем мен бітімгерлікке шақыру ниетімді "саясатқа араласып жатыр, дін қызметкерінде ондай құқық жоқ" деп көрсеткендер болды. Олар үндеуімнің адамгершілік жағын көрмеді. Бірінші кезекте, Құдайдың тыйымдарын естен шығармауымыз керек. Христиан діні мен Інжіл тұрғысынан алғанда, соғысты ақтауға болмайды. Соғыс – бәрібір кісі өлтіру. Тарихқа көз жүгіртсек, ежелгі дәуірде христиан дініндегі әулиелер соғыстан оралғандарды тәубеге келгенше шіркеуге кіргізбейтін. Біреудің жеріне басып кіру былай тұрсын, Отанын қорғау үшін соғысып келгендердің өзіне осындай шара қолданатын.

Әрине, соғыс – жаппай кісі өлтіру. Соғыста әскерилер ғана емес, бейбіт халық та қырылады. Балалар мен қарттар опат болады. Тірі қалғандары үйінен, әкесінен, күйеуінен, ұлынан не ағасынан айырылады. Бейбіт халыққа қызмет ететін инфрақұрылымдарға шабуыл жасалып жатыр. Тұрғындар жарықсыз, сусыз адам төзгісіз жағдайда өмір сүруге мәжбүр.

Халықты осы күйге жеткізгендер үлкен күнә жасады. Бұл "Кісі өлтірме" ("Не убий") деген тыйымнан бөлек, Құдайдың басқа да талаптарын бұзу болып есептеледі.

Христиан дінінің өкілі ретінде жақсыны жақсы, жаманды жаман деп айтуға міндеттімін. Хейтерлеріме Украина туы бейнеленген төсбелгі тағып жүргенім де ұнамапты. Бұл саяси акт емес, үйіне шабуыл жасалған, осы туды қастерлейтін адамдарды қолдау белгісі.

Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл
Священник Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл

Қазақстан Еуразия экономика одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығуы керек дедіңіз.

– Отандастарымның қалауын қолдадым. Қазақстандықтардың көбі агрессор мемлекетпен одақтас болғысы келмейді. Өркениетті елдердің бәрі оны террорист мемлекет деп таниды. Геноцид, басқыншылық соғыс, халықты жаппай-қырып жою, саяси қуғын-сүргін – биліктегі тұлғалардың күнәсі. Бұл халықтың болашағына кері әсер етеді.

Тарихта басшысының күнәсі үшін зардап шеккен халық көп. Қазақстан агрессормен одақтас болып, оған қолдау көрсетсе, қылмысқа біздің де қатысымыз болып шығады. Осы позициядан қарағанда, қазақстандықтар ҰҚШҰ-дан шыққысы келеді. Біз – қанішер не сыбайлас емеспіз, Ресейдің қылмысы үшін жауап бермеуіміз керек.

Пікірін ашық айтуға қорықпайтын дін қызметкерлері неге аз?

– Пікірін ашық білдіріп жүргендер де бар. Үндемегендер қорқатын шығар. Көбі билікке жағу үшін кез келген нәрсені айтуға дайын. Ал шындықты айтуға қорқады. Қолда бар дүниесінен айырылып қалғысы келмейді. Әлемде болып жатқан оқиғаларға көзқарасы дұрыс, бірақ ойын ашық айтқысы келмейтін көп адамды білемін.

Қолда бар дүниеңізден айырылып қалудан қорықпайсыз ба?

– Қорқатындай, қолымда не бар? Менде бар дүниенің бәрі, тіпті өмірімнің өзі Құдайға тиесілі. Уақыты келгенде Құдайдың алдында есеп береміз. "Берген ризығымды қалай пайдаландың? Өміріңді қалай өткіздің?" деп сұрайды. Сондықтан адамдардан қорықпауым керек. Өлімнен қорықпаймын, Иса қайта тірілді ғой. Түрмеден қорықпаймын, ол жақта да адамдар өмір сүріп жатыр.

Шіркеуден шеттетілуден ше?

– Шіркеуден шеттетілуден "Соғысқа барып, жазықсыз адамдарды өлтіріңдер" дегендер қорықсын. Құдайдың тыйымдарын мен емес, солар бұзып отыр. Мен ешкімді радикал әрекеттерге үндеп жатқан жоқпын. Тек шындықты айттым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG